• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Қаңтар, 2023

Қоғамды елдік істерге ұйыстыру айқындалды

170 рет
көрсетілді

Өткен жұмада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында салаға жауапты ведомствоның 2022 жылғы жұмысының қорытындысы мен алдағы жоспары баяндалды.

Отырысқа Премьер-ми­нистр­­дің орынбасары Алтай Көл­гінов, қоғам және мемлекет қай­раткерлері, БАҚ өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері мен халықаралық ұйым басшылары қатысты. Алқа отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баян­дама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

«Өткен жыл айшықты оқи­ғаларға толы, сынағы көп сындарлы жыл болды. Елімізде қолға алынған кезекті реформалар пакеті іргелі істердің жүзеге асуына жол ашты. Президенттің ми­нистрлікке жүктеген 8 тапсыр­масының 5-еуі орындалды, қалғандары іске асырылып жатыр», деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің сөзіне сүйенсек, салаға жауапты мекеме әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің және халықаралық ұйым өкіл­дерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырған. Сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың бас­шы­ларымен 60-тан астам екіжақты кездесу өткізген.

«Этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімді, берекелі бір­лігімізді нығайту – басты мақ­саттарымыздың бірі. Президент тапсырмасына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжы­рымдамасы дайындалды. Елі­міздің саяси өміріндегі маңыз­ды іс-шаралардың бірі 50 елден 100-ден астам делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті.

«Қоғамдық бақылау» және «Онлайн петициялар» туралы заң жобалары Парламент Мәжілісінде мақұлданып, «Қоғамдық бір­лестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық кеңестер аза­маттық қоғамның мемлекеттік органдардың қызметіне ара­ласуының пәрменді тетігіне айнал­ды. 2022 жылы қоғамдық кеңес­тер­дің құрамы 90 пайызға жаңар­тылды.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысы қайта қаралуда. Алдағы уақытта оның бағыт-бағдары кешенді ғылыми зерттеулерге байланыс­ты болуға тиіс. Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайға министрлік жауапты болды. «Quryltai» мо­бильді қосымшасы іске қосы­лып, «Ұлттық құрылтай» теле­бағ­дарламасы көрсетіле бастады», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ былтыр Орталық Азия волонтерлер форумы ұйым­дастырылды. Соның қорытын­дысы бойынша Орталық Азия волон­тер­лер хабын құру туралы шешім қабылданды.

«Таяуда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес жастар санаты 35-ке дейін ұлғайды. Осылайша, елімі­з­дегі осы санаттағы азаматтар саны 6 млн-ға дейін көбейді. Ен­ді осы салада ауқымды істер атқа­­рылып, заң игілігін барша жас­тарымыз көреді деген сенім­деміз.

2023-2027 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы әзір­леніп, ашық талқылауға ұсы­­нылды. Еліміздегі Жастар ре­сурс­тық орталықтарына бір жыл ішінде түрлі мәселе бо­йынша жү­гінген жастар саны 400 мыңнан асады. Сондықтан жастар ресурс­тық орталықтары еліміздің барлық өңірінде ашылуы қажет.

2022 жылы Жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін және «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Бұл жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға жақсы мүмкіндік. 2022 жылы «Zhas project» жобасы іске асырылды, оның шеңберінде жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 250 грант берілді. Да­рынды жастарды қолдау мақ­­сатында 3 млн теңгеден 33 «Тәуел­сіздік ұрпақтары» гранты та­ғайындалды. Бұл грант жыл сайын беріледі және оның көле­мін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің сөзіне сүйенсек, жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша нақты жұмыстар жал­ғасады. Қазір өңірлік тұрғын үй бағ­дарламалары 6 өңірде іске қо­сылған. Биыл жыл соңына де­йін осындай бағдарламаларды 10 өңі­р­де әзірлеу жоспарланып отыр.

«Президент жанындағы Жас­тар саясаты жөніндегі кеңестің құ­рамы жаңартылды. 2022 жылы жел­­тоқсанда Астана қаласын­да 500-ден астам адамның қаты­суымен «Qogam Fest» жастар жо­басы ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ Қазақстанда алғаш рет өт­кен жылдың қараша айында еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам блогердің қатысуымен министрліктің «Tik-Tok house» жобасы іске асырылды. Жалпы жастар саясаты саласында жаса­лып жатқан жұмыстар өз нәти­жесін бере бастады. Мәселен, Қазақ­стан Жаһандық жастардың дамуы индексінде (Youth Progress Index) 150 мемлекеттің ішінде 63-тен 54-орынға көтерілді», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін ведомство басшысы Президенттің министрлікке салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойғанына тоқталды. Оның айтуынша, дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұр­ғыда өзгеріп жатыр. «Жаңа медиа» деген түсінік қалыптасқан.

«Осы салада атқарылған жұ­мыстарды бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Медиа заңнаманы қайта қарау жұмысы жүргізіліп отыр. Балаларға қатыс­ты кибербуллингті реттеуде заң­намалық түзетулер енгізілді. Ха­лық­аралық тәжірибелерді ескере отырып, «Масс-медиа туралы» Заң жұртшылық талқылауына шығарылды.

Сондай-ақ онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетік­терін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған.

Ақпаратқа қол жеткізу мәсе­ле­лері жөніндегі заңға түзету­лер әзірленді. Ұсынылған өзге­ріс­тер, азаматтардың ақпарат­қа қол жеткізу құқығын заңсыз шек­теген мемлекеттік органдар­дың жауапкершілігін күшей­теді. Ақпараттық доктрина талқы­лаудан өтті. Сондай-ақ Ақпа­рат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасын дайындауға кірістік», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ елімізді саяси өз­герістерге бастаған жалпы­ха­лықтық референдум мен Пре­зи­­дент сайлауы тұсында түрлі де­баттар ұйымдастырылып, нон-стоп жағдайында ақпарат таратыл­ғанын жеткізді. Мәселен, алғаш рет 16 сағаттық 2 онлайн-марафон өтті.

«Бірінші рет ұйымдастырылған Орталық Азия медиафорумына өзге мемлекеттерден экс-пре­зи­денттер, медиа саласының бел­гілі мамандары, Пулицер сый­лығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегат қатысты. Түрлі тақырыптағы 18 сессиядан тұрған форумды тұрақты платформаға айналдыру ниетіміз бар.

2022-2023 жылдарға арналған медиа білім беру сапасын арттыру жөніндегі арнайы жоспар аясында Astana Media Week халықаралық форумы өтті. Іс-шараға Қазақ­стан мен шетел медиа индус­триясындағы 150-ден астам топ-менеджердің қатысуымен 30-ға жуық семинар-тренинг, панельдік сессиялар болды. Мемлекеттік органдардың 100-ге жуық баспа­сөз қызметкеріне жеке семинарлар ұйымдастырылды.

Дәстүрлі «Тұмар» және «Үр­кер» сыйлықтары тапсырылды. Әлемдік «Tiji», «Nickelodeon» арналарының мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіле бастады. Аталған арналармен қазақ ертегілері негізінде анимациялық өнімдер жасау мәселесі келісіліп жатыр», деді Д.Қыдырәлі.

Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша жалпы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілін­дегі контенттің үлесі 83%-ды құраған. Бұдан бөлек, министрлік халықаралық байланысты нығайтып келеді. Мәселен, жаңа медиа мен азаматтық журналистиканы дамыту мақсатында Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn компанияларымен қарым-қатынас орнатылды.

«Нәтижесінде алғаш рет Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының аймақ­тық офисі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақ­шалау бойынша келісімдер жасалды. Сол сияқты БҰҰ-мен және оның бірқатар ұйымдарымен қарым-қатынас артты. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда халықты цифрлық хабар таратумен қамту 93%-ды құрады. Бұл ретте, 13 өңір цифрлық эфирлік форматқа 100% көшті.

2023 жылы елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Әсіресе, шекаралас аймақтар радиохабар таратумен қамтамасыз етіледі. Отандық телеарналарда тарихи контент өндірісі жалғасуда. 2022 жылы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметі туралы 6 сериалдың көрсетілімі өтті. Бұл үрдіс ұлы тұлғаларды ұлықтаумен ғана шектелмей, ауқымды тақырыптарға ұласуға тиіс деген ойдамыз. Қал­тарыстағы қаһармандар, тасадағы тұлғалар, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеудің жаңа көркемдік шешімдері ұсынылуы қажет», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін сала басшысы ат­қарылған ауқымды жұмыстар мен сараланған жоспардың ауқым­дылығына қарамастан, салада қордаланған мәселелер бар екенін жеткізді.

«Жалпы кез келген контент әлеуметтік сауалнама мен медиа және ғылыми зерттеулерге негізілдеуге тиіс. Мемлекеттік телеарналарда рейтинг қуу бас­ты мақсатқа айналмауы керек. Сондықтан уақыттың талабына, көрерменнің талғамына сай са­лиқалы, салмақты контенттерге ба­­сымдық беру керек. Халықтың салы­­­ғынан, мемлекеттің қазына­сы­нан бөлінген қаржының әр тиы­нына жауапты екенімізді ұмыт­­паған жөн. Көрермен бізден маз­мұн­ды, тағылымды жобалар күтеді.

Мемлекет қаржысы мемлекет мүддесіне, ел игілігіне, халықтың пайдасына жұмсалуы қажет. Салмақты сараптамалар мен журна­листік зерттеулер, сапалы деректі фильмдер мен YouTube жо­баларға және креативті индус­триямен айналысатын талантты жастарға қолдау көрсетуге әзірміз. Осы орайда, отандық медиа өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үздік телесериалдар мен анимациялар, әлеуметтік роликтерге арналған жаңа ұлттық байқау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Біз дәстүрлі медиаға да, жаңа медиаға да теңдей қолдау жа­сауға әзірміз. Отандық баспа БАҚ біздің басты назарымызда. Жақын арада министрлік өңірлік баспа БАҚ форумын өткізбек. Аталған іс-шарада өңірлік газеттер мен журналдардың көкейтесті мәселелері қаралып, өз шешімін табатындығына сенеміз.

Өткен жылдың соңында «Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті» ЖШС мен Қазақ газеттері бірікті. Осы оңтай­лан­дыру жұмыстары аясында балалар басылымдарына біз ерекше көңіл бөліп, дамудың жаңа жолдарын іске асырамыз. «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тас­талады», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін Премьер-министр­дің орынбасары А.Көлгінов сөз алды. Спикер өз сөзінде Мемлекет басшысы тапсырмасының сапалы орындалуы аса маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы ұлт­аралық бірлік пен конфес­сия­аралық келісімді нығайту саясатын «Бірлігіміз – әралуандықта» жал­пыға ортақ қағидасы негі­зінде жалғастыруды тапсырды. Елдің бірлігі мен ұлт­аралық келісім мәселелері қашанда басты назарда. Осыған байланысты министр­ліктің алдында мемлекеттік ор­ган­дармен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, тұрақ­тылықты сақтай отырып, «Бір­лігі­міз – әралуандылықта» қа­ғидаты бойынша этносаралық бір­лік пен конфессияаралық келі­сімді нығайту бойынша белсенді шара­ларды жалғастыру бойынша үл­кен міндет тұр», деді А.Көлгі­нов.

Сонымен қатар волонтерлар мен волонтерлік ұйымдардың жұ­мы­сы туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл салаға Мем­лекет басшысы оң баға берген.

«Қазіргі уақытта Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн платформасы жұмыс істейді, онда бүгінде 50 мыңнан астам волонтер, 680 ұйым және 1000-нан астам жоба тіркелген. Жыл сайын кем дегенде 50 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жұмысты бұрынғыдай қарқынмен жалғастырып, биыл еріктілердің халықаралық форумын өткізіп, жұмыстарыңыздың нәтижесін көрсету керек», деді А.Көлгінов.

Жиын соңында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдірді.