АСТАНА. 12 маусым. Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы шетелдік инвесторлар үшін «магнитке» айналуы керек. Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында осылай деді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Жиында Президент: «10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан кезең-кезеңмен тұрақты макроэкономикалық орта қалыптастырып келеді. Бәсекеге қабілеттілік сияқты жаһандық индекс көрсеткіші бойынша 2013 жылы 23-орынға көтеріліп, 30 елдің қатарына ендік», – деді.
Сондай-ақ, ол Үкіметіміздің бизнес ісін жүргізуге және өзара бірлесе жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев: «2015 жылдың 1 қаңтарынан менің Жарлығыма сәйкес кәсіпкерлерді жоспарлы тексеру толығымен тоқтатылады. Тексерулер қауіп-қатерлерді бағалаудың сапалы жүйесі негізінде белгіленеді», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: primeminister.kz.
Фото: primeminister.kz.