• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қаңтар, 2023

Халықаралық шарттар қабылданды

292 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын ратификациялады.

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Франция арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады. 2021 жылғы 28 қазандағы Шартқа сәйкес тараптар қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген сот ісін жүргізуде бір-біріне барынша кең көлемде құқықтық көмек көрсетуге міндетті. Құжат жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мұндай шарттар қай жағдайда қажет екенін түсіндірді.

«Қылмыстық іс бойынша күдікті, куәгер немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатқан болуы мүмкін. Ал қозғалған іс бойынша олардан жауап алу керек. Еліміздің құқық қорғау органдары өздігінен сол мемлекетке барып, тергеу әрекетін жасай алмайды. Сонымен қатар қылмыстық істі тергеуге қажет құжаттар, айғақ заттар, қылмыс құралдары немесе басқа да дәлелдемелер өзге елдің аумағында болуы мүмкін. Оларды өзіміз барып, ала алмаймыз. Сол үшін құқықтық көмек туралы шарттар жасалады. Осындай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сұрау жолдап, куәгерден немесе жәбірленушіден жауап алуға, заттай айғақтарды тәркілеуге мүмкіндік береді.

Шетелдегі тергеу әрекеттерін сол мем­лекеттің заңнамасына сәйкес олар­дың тергеу органдары жүргізеді. Бұл жағ­дайда шетелден алынған дәлелдердің заңдылығына қатысты сұрақтар болуы мүмкін. Құқықтық көмек туралы шартта осы мәселе шешіліп отыр. Яғни басқа елден алған айғақтардың заңдылығы қамтамасыз етіледі», деді Ә.Шындалиев.

Сондай-ақ депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартты қабылдады.

«Бұл шарт еліміздің Консти­туциясында бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Елімізден тыс аумақта жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік берілген. Екі елдің арасындағы шарт аталған нормаларды іске асыруға бағытталған. Осы мәндегі норма Өзбекстан Конституциясында да бар. Бұл келісім – екі елдің бір-біріне сенімінің белгісі. Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Шартқа қол қоймас бұрын екі ел арасындағы миграциялық процесс және қылмыстық ахуал зерделенді», деді Бас прокурордың орынбасары Ә.Шындалиев.

Шарттың әлеуметтік маңызы бар. Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, отбасы мүшелерімен, жақындарымен кездесу сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзету мақсаты тек оны жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау.

«Сотталған адамды беру үшін, ең алдымен, оның келісімі қажет. Ол жазасын өз елінде өтейтіні туралы өтініш беруге тиіс. Қазір бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы өтініш білдіріп отыр. Яғни осы мәселе бойынша сотталғандар арасында арнайы сауалдама жүргізгенбіз. Қазіргі таңда Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар», деді Ә.Шындалиев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Шекара өкілдері қызметінің бағыттары туралы хаттама (1:200 000 карта) ратификация­лады. Құжат екі ел арасындағы қаты­нас­тардың құқықтық негізін белгілеуге және реттеуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шека­ра­сын­дағы шекаралық өкілдердің қызмет учас­келерін айқындауды көздейді. Бұл елі­­міздің мемлекеттік шекарасының бел­гі­ленген режімін қолдауға ықпал етеді.

«Хаттамаға сәйкес Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Респуб­ликасының Үкіметі мынадай учаскелерді айқындады. Қазақстан Республикасының тарапынан – Алматы, Қордай және Тараз учаскелері. Қырғыз Республикасының тарапынан – Ыстықкөл, Шу және Талас учаскелері. Хаттаманың ратификациялануы және күшіне енуі қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында екі ел арасындағы қарым-қатынасты реттеу үшін өзара құқықтық негізді орнатуға септігін тигізеді», деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов.

Мәжіліс әскери полиция туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Қарулы Күштер әскери полициясының, Ұлттық ұланның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеттерін, құзыреттерін, жалпы және арнайы өкілеттіктерін нақтылап, олардың бір-бірімен өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.

Сондай-ақ енгізілген өзгерістерге сәйкес, әскери полиция органдарына әскери қызметшілерді құқықтық тәр­бие­леуге тікелей қатысуға, әскери қызмет­шілер арасындағы құқықбұзушы­лық­тардың алдын алу бойынша азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға міндетті. Ілеспе түзетулерге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына Арнайы операциялар күштерін қосуды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. Депутаттардың ұсынысы бойынша шетелдік жер пайдаланушыларға жалпыға ортақ жайылымдар мен шабындықтарды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бергені үшін,  бос жер учаскелері және жоспарланған аукциондар туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етпегені үшін; және жер заңнамасын басқа да бұзушылықтар үшін әкімдіктердің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Мәжіліс үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар – «Қазақ­стан Республикасының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі туралы» Конс­ти­туциялық заңға өзгерістер мен толық­тырулар және оған ілеспе түзетулер, сондай-ақ Орталық Азия өңірлік эконо­микалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы құжат.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына өз сауалдарын жолдады. Фахриддин Қаратаев Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге жолдаған де­путаттық сауалында бау-бақша шаруа­шылығында жинақталған проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары бұл салада даму қарқыны байқалғанымен, жемісін өткізуге қатысты қиындықтар көп.

«Негізгі мәселе – сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағаларының төмендігі. Бір килограмы 100-150 теңге. Сондықтан бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені шығындар болжамды кірістен асып түседі. Бақшаның бір бөлігін Беларуське немесе Ресейге экспортқа жіберу осы тығырықтан шығу жолы болуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша солтүстік көршілер тарапынан жемістерге сұраныс бар. Олар бір килограмға ең аз дегенде 300 теңге төлеуге дайын.

Бірақ мұнда Қазақстанның жеміс саласының тағы бір проблемасы – дайындау және өткізу жүйесінің болмауы жемісті тиеп-жөнелтуге айтарлықтай кедер­гі келтіреді. Ал ішкі нарықтағы алма өндірушілер сауда желілері артықшылық беретін импорттық өнімдермен бәсе­келесуі керек. Нәтижесінде, ауыл шаруа­шылығы өндірушілері бақша егуге және күтіп ұстауға үлкен қаражат жұмсады. Дайын өнімді полигонға тастауға тура келетін жоғарыда аталған жағдайларға тап болып отыр», деді Ф.Қаратаев.

Құдайберген Ержан Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында көктемгі су тасқыны қаупіне қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында Шардара су қоймасының толып кету және Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерді су басу қаупі туралы ақпарат жиі айтылады.

«Сайлаушылардан осы жөнінде хаттар да, қоңыраулар да келіп түседі. Халық қорқып, үрейленген. Сардоба су қоймасының жойылуының салдары әлі ұмытылған жоқ және Шардара су қоймасы одан бірнеше есе асып түсетінін жақсы түсінеді. Суды реттеуде не болып жатыр? Су кестесі көпжылдық деректерді есепке алмай құрылады. Су комитеті бекіткен су режімі су қауіпсіздігі, су ресурстарын пайдалану тиімділігі талаптарына және шаруалардың тілектеріне жауап бермейді. Осыдан сұрақ туындайды. Конституцияға сәйкес, жер қойнауы мен табиғи ресурстар бұл – халықтың игілігі. Осы ресурстарды тиісінше басқармағаны үшін кім жауап береді? Кімнен талап етеміз?» деді Қ.Ержан.

Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында соңғы қоңырау күнін 30 мамырға не 1 маусымға ауыстыру керек екенін мәлімдеді.

«Сауалымызға негіз болған ең басты себептің бірі – Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 31 мамыр болып бекітілуі. Алаш арыстарының мұратын жалғастырып, аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиісті министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті. Арыстарымыздың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек», деді А.Әлтай.