БЮДЖЕТ ЕСЕБІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметі және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылға арналған республикалық бюджет жөніндегі есебінің таныстырылымы өтті. Шараға Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов жетекшілік етті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тақырып бойынша депутаттар Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтің есебін тыңдады. Мекеме басшысының айтуынша, өткен жыл ішінде республикалық бюджеттің орындалуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің оң әсерін тигізді. Қаралып отырған кезең ішіндегі бақылау шараларының қорытындыларын баяндай келіп, Есеп комитетінің басшысы “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң баптарының орындалу мәселелеріне кеңірек тоқталды.
Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын, стратегиялық жоспарлардың жүзеге асырылуын, мақсатты трансферттердің игерілуін, мемлекет активтерін басқару тетіктерін әзірлеуді бақылаудың жеткіліксіздігін атап өткен О.Өксікбаев республикалық бюджет қаржылары мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдаланудың себептерін атады. Олардың қатарында Есеп комитетінің басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің стратегиясы жоқтығын, инвестициялық жобаларды таңдау барысында нарық сегменттерін маркетингтік талдаудың әлсіздігін, даму институттарының бос қаржыны екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге орналастыру үрдісін атады.
Таныстырылым барысында депутаттар бюджет қаржыларының игерілмеуіне, бюджет түсімдерінің азаюына, жергілікті бюджеттерді әкімшілендіру жүйесін, мемлекеттік сатып алуларды жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді.
2009 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі 100,4 пайызға орындалды. Оған негізінен алдын ала бекітілген жоспарды 2,7 пайызға, шығындарды 98,1 пайызға төмендету арқылы нақтылаумен қол жеткізілді. Игерілмеген қаржы көлемі 59,4 млрд.теңгені құрады (39 бюджет бағдарламалары әкімшілерінің тек 9-ы ғана қаржыны толық игерді).
2009 жылы 510,9 млрд. теңге көлеміндегі дефицитті өтеуге 650,4 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік займ тартылды. Сонымен қатар, 2008 жылмен салыстырғанда бюджет қаражатының еркін қалдығы 8,5 есеге ұлғайып, 56 млрд. теңгені құрады.
СЕГІЗ МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҮЙЛІ БОЛАДЫ
Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” барысында мемлекеттік тұрғын үй құрылысы саясатын тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйелері арқылы жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараға Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева жетекшілік етті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Шара барысында М.Көпеев талқыланып отырған тақырып тұрғын үй құрылысын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттарын айқындаған Мемлекет басшысының Жолдауы тұрғысында өте маңызды болып отырғанын атап өтті. Ол қадамның маңызды құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің”, мемлекеттің және құрылыс компанияларының тең құқылы әріптестік қағидатын ұстанған тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйелері екенін атады.
Құрылыс секторын қолдауға, үлескерлердің ахуалын шешуге, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған маңызды мемлекеттік шараларды айта келіп, вице-спикер дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында құрылыс компанияларына екінші деңгейлі банктер арқылы 184 млрд. теңгеден астам қаржы, ал 2009 жылы Ұлттық қордан құрылыс саласын дамытуға 360 млрд. теңге бөлінгендігін және ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелер төмендетілгенін атап өтті.
М.Көпеевтің айтуынша, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесін дамыту тиісті заңнамалық базамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесіндегі қатынастарды реттеу мен құқықтық негіздер “Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы” Заңмен белгіленген.
Депутаттар Ғ.Есім, А.Башмаков, Ж.Төрегелдинов, Қ.Омаров және А.Савченко тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесіне жұртшылықтың қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мен аталған бағдарламаның халықтың аз қамтылған бөлігіне қолжетімділігін арттыруға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Талқылаулар барысында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы С.Нокин, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басқарма төрайымы Н.Наурызбаева, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарушы директоры Қ.Әйтікенов сөз сөйледі.
Н.Жолдасбаева аталған жүйені одан әрі жетілдіру қажеттігі туындап отырғандығын атап өтті. Бұл бағытта “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” азаматтардың, банктің, жергілікті атқарушы органдардың және құрылыс компанияларының тең құқылы әріптестік қағидатына негізделген тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырудың жаңа бағдарламасын әзірледі. 2010-2013 жылдарға арналған осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында 540 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, баспанаға мұқтаж азаматтар 8 мыңға жуық пәтерлерді алатын болады.
Талқылаулар нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАҒЫ БІР ЕКШЕЛДІ
Ауруханалардың дәрі-дәрмекпен нашар қамтамасыз етілуі және осы саладағы жағдайдың оңды қалыптаспауы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың төрағалығымен палата депутаттары мен Денсаулық сақтау министрі, “СК-Фармация” ЖШС директоры мен бірқатар дәрі-дәрмек өндіретін компаниялар басшыларының кездесу өткізуіне түрткі болды.
Еліміздің фармрыногындағы бүгінгі айналым 1 миллиард АҚШ долларын құраса, соның 400 миллионы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясындағы мемлекеттік сатып алулар үлесіне тиесілі екен. Ал қалған сома коммерциялық сатып алуларға жатады. “СК-Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Вадим Зверьков фармрынок хаосты дамып, дәрі-дәрмектің 90 пайызы сырттан тасылып келгендігін ортаға салды. Осы жағдайды түзету мақсатында аталған серіктестік құрылып, өткен жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде бар болса, Германия мен Францияда сатып алумен 2 компания айналысады. Ал Ұлыбритания мен Малайзия сияқты елдерде мұнымен тек бір компания шұғылданады екен.
Қазақстан да осы тәжірибені басшылыққа алып, аталған ЖШС былтырдан бері жұмысына кірісіп кеткен-ді. Алайда артынша шу шығып, өңірлер дәрі-дәрмексіз біраз әбігерге түскені мәлім. Мұның себебін директор өңірлердегі ауруханалар тапсырыстарын кеш жолдағандығымен түсіндіруге тырысты. Оның сөзіне қарағанда, былтыр тапсырыстар тіпті қараша айының соңына дейін созылған. Негізінен стационарлық емханалар мен ауруханалар бұл міндетті 20 қарашаға дейін бітіруі тиіс екен. Не керек, конкурс 20 желтоқсанда өтіп, дәрі-дәрмектің 745 түрі бойынша жеткізіп беретін 39 компания анықталған. Осы ретте алғаш рет бағаны төмендету жөніндегі аукцион да өткізілгені белгілі болды.
Бір дистрибьютердің сатып алуында бір кемшілік медициналық ұйымдар тапсырыс берген дәрі-дәрмектер мен қажетті саналатындардың арасындағы алшақтық, дейді В.Зверьков. Мысалы, дәрі-дәрмектің 451 түрі бойынша тапсырыс аз көрсетілсе, қажетті мөлшер ондаған, тіпті жүздеген есе көп қажет көрінеді. Мұндай сәйкессіздіктер 5 миллиард теңгеге жеткен. Мәселен, келісім-шартта бір дәрі бойынша 4900 ампула керек деп көрсетілсе, шын мәнінде 60 000-ы қажет болып шыққан. Тіпті, медициналық ұйымдарға қажет емес дәрі-дәрмектер де жетерлік екен. Қалай болған күнде де “СК-Фармация” ЖШС директоры фармрынокта қазақстандық құрамды 10-нан 23 пайызға жеткізгендіктерін, ал дәрі-дәрмек сатып алуда бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін үнемдеуге қол жеткізілгенін алға тартты.
Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Үкімет қаулысына сәйкес әр тараптың жауапкершілігі бекітілгендігін ерекше атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, егер ауруханаға дәрі-дәрмек жетпей жатқан жағдайда бас дәрігер оны өз есебінен сатып ала алады. Артынан “СК-Фармация” сол сатып алынған дәрінің толық құнын және 20 пайыздық айыппұлын төлеп беруі тиіс. Бұл өз кезегінде ЖШС-ның жауапкершілігін арттырады.
Депутаттардың келтірген мәліметтеріне қарағанда, кейбір дәрілер жоқ, ал бас дәрігердің оны белгіленген сомадан артық ақшаға сатып алуға құқы да жоқ көрінеді. Сондықтан мұндай ауыртпалық емделушілердің өзіне түседі екен. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде кадр тапшылығы да ерекше әңгіме өзегіне айналды. Осының бәрін алға тарта отырып, депутаттар олардың шешілуі қажеттігіне ерекше екпін берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
ҚАЗАҚСТАН ҰСТАНЫМДАРЫНА НАЗАР
Мәжіліс депутаты халықаралық конференцияда сөз сөйледі
Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында “Парламенттік дипломатия – ТюркПА” атты халықаралық конференция болып өтті. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия парламенттерінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дипломатиялық, сонымен қатар, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция жұмысына Қазақстаннан қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Қылышбай Бисенов “Парламенттік дипломатия және халықаралық байланыстар – Қазақстанның моделі” деген тақырыпта баяндама жасады. Депутаттың баяндамасында парламенттік дипломатия мен халықаралық байланыстың қазақстандық моделі туралы айтылды.
Мәжіліс депутаты конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті атынан сәлем жолдап, түркиялық әріптестерін Түркия Парламентінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Әрі қарай баяндамада әлемдік саяси және экономикалық үдерістердің жаһандану жағдайындағы өзара байланыстары, ядролық қаруды таратпау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, осы проблемалардың шешілуі тығыз интеграция мен өзара ынтымақтастық нәтижесінде ғана мүмкін болатыны атап өтілді. Қазақстан бүгінгі күні дәл осы мақсатты позиция ұстанып отыр. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауында атаған болатын.
Қ.Бисеновтің баяндамасында айтылғанындай, соңғы жылдардағы парламентаризм рөлінің артуы бұл халықаралық қоғамдастықтың объективті заңдылықты даму барысы болып табылады. Жалпыәлемдік даму үдерісінің бір бөлігі бола отырып, парламентаралық байланыстар парламенттік дипломатияның, оның ұлттық мәселе ғана емес, жаһандық мәселелерді шешудегі рөлінің артуымен сипатталады. Депутат Қазақстан Парламентінің әлемдік үдерістерден тыс қалмайтындығын атап көрсетті.
Әрі қарай Қ.Бисенов қазақстандық парламентшілердің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ол біздің парламентшілердің халықаралық мәселелерге белсене араласуы оларды шешу ғана емес, демократиялық бай тәжірибесі бар мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл жағдайда Қазақстанның оң тәжірибесі жетерлік. Мысалы, Қазақстанның бастамасымен өмірге келген мәдениетаралық, дінаралық үнқатысудың қазақстандық моделі Батыс пен Ислам әлемінің жалпыұлттық келісімге келуіне алып келді, бұл өз кезегінде біздің мемлекеттілігіміздің негізі болып қалыптасты. Аталған саясатты жүзеге асырудың тетігі біздің елімізде жаңа саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болып табылады.
Сөзінің соңында Қ.Бисенов қонақтар мен конференцияға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының әрі қарай да парламентаралық қызметті дамытатындығына, әртүрлі елдермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастық негізінде ұлттық мүдделердің сақталуына жұмыс жасайтындықтарына сендірді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
ТӨРАЛҚАДАҒЫ ДЕПУТАТТАР ЕСЕБІ
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының кеңейтілген отырысы болып өтті.
Отырыста депутат Валерий Доскаловтың баяндауында “Нұр Отан” ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі кеңестің 2010 жылғы 22 сәуірде өткізген “Тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңнаманы іске асырудың практикалық аспектілері” тақырыбындағы “дөңгелек үстелдің” қорытындылары қаралды. “Дөңгелек үстелге” қатысушылар құрылыс саласы мен республиканың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуда кездесетін проблемалы мәселелерді шешу жөніндегі өз ұсыныстарын Үкімет атына жолдау туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ фракция туралы ережеге сәйкес, Парламент Мәжілісінің депутаттары – “Нұр Отан” ХДП фракциясы мүшелері Сансызбай Есілов пен Елена Тарасенконың 2007 жылдың қыркүйек айы мен 2010 жылдың мамыр айы аралығында фракция құрамында атқарған жұмыстары туралы есептері де тыңдалды.
Сонымен қатар, төралқа мүшелері алдағы маусым айында өтетін “Ел Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер тұрғысында “Жол картасы” бағдарламасының іске асу барысы туралы” мәселе бойынша фракция жиналысына дайындық шараларын да талқылады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар мен Ассамблеяның ұйымдастыруымен “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” атты халықаралық форумға қатысушылар арасында кездесу өтті.
Кездесуді жүргізген депутат Қайрат Сәдуақасов форум қонақтарына әлемде теңдесі жоқ бірлік пен достықтың институты болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылғанын, одан Мәжіліске сайланған тоғыз депутаттың бүгінде еліміздің заң шығару орнында қоғамның әлеуметтік, экономикалық мәселелеріне қатыстып отырғанын мәлім етті. Бүгінде Ассамблеядан сайланған депутаттар “Жаңа Қазақстан” атты депутаттық топ құрған, оның құрамына “Нұр Отан” ХДП-дан сайланған алты депутат қосылған. Форум жұмысына сәттілік тілеген депутаттар қонақтармен пікір алмасты.
Шараға Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттары, ТМД-ға қатысушы елдердің және шетелдің білікті ғалымдары қатысуда, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.