• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қаңтар, 2023

Теңге рубль қармағынан қалай шығады?

304 рет
көрсетілді

Биыл қаржы нарығы Ұлттық банк пен Үкіметтің теңге-рубль конвертациясынан бас тартатыны туралы жаңалықтан басталды. Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылау 20 қаңтарға дейін жалғасады.

Ресей үкіметінің алдағы денонсация құжатына қатысты ұстанымы ресми түрде жарияланған жоқ. Солтүстіктегі көрші елдің қаржы министрлігі Frank Media агенттігінің сауалына берген жауабында бұл мәселе Орталық банктің құзырында екенін айтты. Ресей басылымдары сыртқы байланысы тәуір елдермен есеп айырысу тетігін және соған байланыс­ты валюта бағамы мәселелерін өзгертуге кіріскенін, тиісті орындар сыртқы сауда келісімшарттарын доллар бағамынан ажыратып, ұлттық валюта бағамын анықтау кезінде баламалы көрсеткіштерді қолдану туралы шешім қабылдағанын жазып жатыр. Қазір бұл мәселені РФ қаржы министрлігі мен Орталық банк пысықтап жатыр. Ресейлік ақпарат көздері 9 қаңтар күні еліміздің рубль-теңге конвертация­сынан біржақты бас тартатынын хабарлап, тәуелсіз сарапшылардың пікірін келтірді. «Восточные ворота» қаржы нарықтарын және макроэкономиканы талдау орталығының маманы Александр Тимофеевтың ойынша, бұл келісімге қол қойылуға ТМД кеңістігінде ортақ валюта пайда болады деген идея себеп болған. «Ортақ валюта жоқ. Бірақ әр қатысушы ел барынша идеяларды үйлестіре беру керек еді. Бізде кросс-валюта туралы келісімдер болды. Бірақ геосаяси жағдайлардың әсерінен нарық жүйесі бұзылды. Кез келген жағдайда SWIFT аударымдарынан, доллардан немесе еуродан ажыратылуы мүмкін болғандықтан, кросс мөлшерлемелерді экстраполяциялау идеясының өзі маңызын жоғалтқандықтан, келісімді пайдалану тоқтатылды», деп жазды А.Трофимов.

Қаржы талдаушысы Ерлан Ибрагим теңге мен рубль дәлізіндегі жағдай бұрын­ғыдан бас­қаша болатынын айтады. Осыған дейін Ұлттық банк рубль-теңге бағамында 1995 жылы қол қойылған келісімдегі шарттар ес­керілді. Бұл құжат күшін жойды десек те келесі құжаттардың дайындалуына се­­беп болды. Ендігі міндет – осы келісім бо­йын­ша қол қойылған құжаттарды қайта қарау.

Рубльге тәуелділік Ұлттық банк не­ме­се Қаржы министрлігі ғана емес, эко­но­микалық байланыстар деңгейінде еке­нін ұмытпау керек. Ресейден елімізге келетін импорт 44 пайыздан 37 пайызға, соңғы үш-төрт айда 7 пайызға азайды. Бұл Ресейден келетін импортты елімізде шығаруға мүмкіндік береді. Сарапшы тең­геге өз мүмкіндігін сынауға жол ашыл­ғанын жеткізді. ЕАЭО кеңістігінде ортақ валюта қалыптастыру мәселесі туралы әңгіме 1995 жылы қол қойған келісімнен бас­талады. Ортақ қаржы нарығына қатысты мәселенің бәрінде сол құжатқа сілтеме жасалды. Келісімнің күшін жоюы ортақ валюта туралы мәселенің маңыздылығына да нүкте қоюға тиіс. Теңге бағамындағы рубльдің ықпалы туралы мәселе Ұлттық банк үшін жабық тақырып болмаса да, теориялық тұрғыда зерттелмеді. Өткен жылдың соңында рубльді бірреттік тәр­тіппен шығаруға ғана рұқсат берді. Құ­жатқа 2022 жылдың 28 желтоқсанында қол қойылғанымен, бұл туралы 2023 жылдың 4 қаңтарында ғана білдік. Ұлттық банктің хабарлауынша, қолма-қол рубльді қолма-қол ақшасыз нысанға конвертациялау және банктердің корреспонденттік шоттарын толтыру мақсатында рұқсат енгізіледі.

«ЕДБ үшін рубльді сақтай беру шығын, тиім­сіз актив. Сондықтан оны елден шы­ғаруға бірреттік рұқсат беру Үкіметке де, Ұлттық банкке де қисынды шешім. Осы шешім арқылы теңгені рубльдің ықпа­лынан тазартуға батыл қадам жасалды. Келесі жартыжылдықта теңге бағамына әсер ететін факторлар барынша айқын болады деп үміттенеміз», деді Е.Ибрагим.

Қазір теңгенің құнсыздану формуласында рубльдің үлесі қанша болғанын ешкім айта алмайды. Өткен жылдың соңынан бастап ресейлік мигранттар елден кеткенімен олардың өздерімен бірге алып келген активтері елде қалды. РФ валютасының қордалануына сол себеп болды деген пікірлер көп айтыла­ды. Е.Ибрагим олардың басым көпшілігі ел­дерінде жүрген кезде Visa және MasterCard қолданғанын жеткізді. Кейін аталған төлем жүйелері істен шыққан соң қолдағы барын біздің елге келіп, теңгеге айырбастаған.

Ұлттық банктің теңге-рубль конвертациясынан бас тарту туралы шешімі алмастың қыры, пышақтың жүзінде тұрып қабылданған тәуекелді шешім. Дәл қазір ішкі нарықты Ресейдегі санкцияның салдарынан қорғап қалатын одан өзге жол жоқ. Теңгенің айырбас бағамына рубль бағамының динамикасы әсер етіп отырғаны құпия емес. Тіпті, кейбір сарапшылар мұнай бағасынан көп ықпал ететінін айтады. Шекараларымыз ашық, тауар айналымы шектелмеген. Ресей бюд­жетте мәселе туындаса, рубльді одан әрі әлсірету арқылы проблеманы шешіп кел­генін сарапшылар да жоққа шығармайды.

«Рубльді бірреттік тәртіпппен шығару үдерісі кезінде мүлт кетсек, ішкі нарық капитал ағынының қақпасына айналады немесе елдегі рубльге ғана емес, долларға да, еуроға да ие бола алмауымыз мүмкін. Өйткені РФ экономикасы бізден он есе үлкен», дейді Е.Ибрагим.

«Ресей рублінің құбылмалығына санкцияның да әсері мол» деген болжамға тым қатты ден қоя беруге болмайды. Ресейдің Орталық банктегі 630 млрд доллар мен еуроның 56 пайызы шетелде. Оның бәрі бұғатталған. Алтын күйінде сақталған 21 пайызын қажетті валютаға айырбастай алмайды. Ал 14,2 пайызын Қытайда юаньмен сақтап отыр. Қалған 8,8 пайызы – Ресейде. Бұл қаржы алдағы жартыжылдықта рубльді өздері қалаған деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Демек, қателігіміздің минималдьды деңгейінің өзі көрші елге Қазақстандағы қаржы айналымын өзіне тартып алатын «ақшасорғыш» тетігін жүйелі түрде іске қосуға мүмкіндік беретін көрінеді.

«Progente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы Мақсат Халықтың түсіндіруінше, халық­аралық қаржы жүйесінде айырбасталатын және айырбасталмайтын валюталар бар. Рубль санкцияға байланысты айырбасталмайтын валюталар санатына түсіп қалды. Демек жинақталған һәм айырбастау құқы берілмеген рубльге бірреттік елден шығаруға рұқсат беру дұрыс шешім. Бұл шешімге дайындықпен келдік. Наурыз айында рубль бағамын халықаралық стандарттарға сәйкес есептеудің арнайы тәртібі енгізілді.

«Еуропа орталық банк жанындағы макроэкономикалық зерттеулер институты тоқсан сайын валюта бағамын анықтау туралы ақпаратты жаңартып отырады. Бүкіл әлем еуро бағамының қайдан келгенін көріп отыр. Біздің Ұлттық банкте мұн­дай ақпарат көзі жоқ. Енді Ұлттық банк тең­ге бағамын өзі белгілей ме, әлде ЕАЭО-ға мүше ел ретінде Ресеймен келісе отырып белгілей ме деген мәселені анықтау керек. Ал Ресеймен келісе отырып белгілеу өткенге қайта оралумен бірдей. Себебі бүгінге дейінгі теңге бағамы ұжымдық келісімнің нәтижесіне қарап анықталып келді. Бірінші кезекте шешіп алуға тиіс мәселе – осы. Бұл мәселе шешілмесе, рубль­ді елден шығару жалғаса берсе, валю­таны да, экономиканы да рубльдің ызғарынан қорғауға бағытталған әрекеттің нәтижесі аз болады», деді сарапшы.

Оның түсіндіруінше, рубль-теңге дәлізінде 2022 жылға дейін айтарлықтай ауыт­қу болмады. Тек өткен жыл­дың нау­рыз айында рубльдің қатты құнсыз­данғанын көрдік. Сол кезде ғана теңгені рубль жетегіне жүргізу бізге тиімсіз, кенеттен күш алған рубльмен бірге теңгені күшейте алмайтынымызды түсіндік. Қаржыгер Ресей рублінің тағдыры желтоқ­санның ортасында «Үлкен жетілік» ел­дері ресейлік мұнайға шекті бағаны енгіз­генде анықталды деп есептейді. Жыл соңында Ресейдің Орталық банк пен қаржы министрлігі бюджет кірісінің күрт төмендеуін күткендерін хабарлады. «Үл­кен жетілік» елдері ресейлік газға шек­ті баға енгізу мәселесін талқылап жатыр. Бұл да көрші елдің экономикасына ай­тар­лықтай соққы болады, өйткені мұнайдан айырмашылығы, газды басқа нарықтарға тез бағыттау мүмкін емес.

Сарапшы айтып өткендей, 2022 жыл елімізде Ұлттық банктің қаржы нарығында дербес шешім қабылдауымен есте қалды. Екі елдің валютасының байланысы тең дәрежеде емес. Бірақ алдағы уақытта рубль тағы да құнсыздануы мүмкін деген болжам айтылуда. Қазірдің өзінде оның бағамы 6 теңгенің маңайына жақындады. «Алдағы уақытта рубль қатты құнсызданса, теңгенің де бағасы төмендейді деп айтуға болмайды. Ұлттық банк белгілі дәрежеде тәуелсіз саясат жүргізе бастады. Ендігі тренд ішкі нарықты қорғауға бағытталуы керек. РФ еліміздегі қағаз ақшасын қабылдауға мүдделі емес. Тек бір ғана күн белгілеп, сол күні қабылдауға шешім шығарды. Сол жағынан келгенде біраз қиындыққа тап болуымыз мүмкін. Бірақ сең қозғалды», деді М.Халық.

Яғни Ұлттық банктің теңге-рубль конвертациясына байланысты шешімінен кейін теңгенің жалы күдірейіп шыға келеді деп дәмеленуге болмайды. «Рубль ЕАЭО-дағы үлесі, тауар айналымы арқылы теңге бағамына әсер етіп отыр. Бізге теңгеге әсер ететін фактор мұнай да, доллар да емес, ІЖӨ-дегі ШОБ-тың үлесі, ЕАЭО-дағы үлесіміз екенін ұмытпауымыз керек», деп түйіндеді Мақсат Халық.

 

АЛМАТЫ