Ақтарылған аңдатпа
«Ақбас Алатауды дүбірлете шыққан Шыңғыс шығармалары әлемді елең еткізді. Асқақ ән аспанға атылып, тәтті жыр жер бетін ұйыта қалды. Мөлдір махаббат, ақтілек ана, қиыспас достық, тәтті татулық, терең толғау – бәрі-бәрі орын тапқан оның туындысынан. Қай дастанын оқи бастасаң да жылылық құшағына кіресің. Қызыға бересің, оқи түсесің, аяғына бір-ақ шыққаныңды өзің де білмей қаласың.
Өмірге үңіліп, тұңғиық түбінен маржан іле білген, жетеліге аталы сөз жеткізген зергердің құдіреті осылай болмақ! Шыңғыс толғауын бұл күнде – шұғылалы Шығыс та, менмен Батыс та оқиды. Зар-зәбір естіген ащыға аһ ұрып күрсінсе, арманға жеткен адамдар қуана түседі. Осылай отырған оқушы Айтматовтың жақсылардың жақсысы, жүректілердің жүректісі екенін сезінеді. Авторға мың сан алғысын жолдайды. Міне құрмет, міне бақыт!
Ал қазақ оқырманы, кезек саған да тиді. Мынау сол асыл дүние. Ал да оқы! Қызыққа бат! Өс. Өрле. Қанаттан. Өзгелерге де айт, құр қалмасын. Асықсын, сусындасын.
Бұл сенің бауырыңның – телқозының асыл шығармасы. Оған Әуезов өзінің аталы сөзін арнаған, әлемге паш еткен. Өнерлі перзент деп масаттана мақтанған. Оның шығармасы сол ұлы Әуезовтің шығармаларымен қатар әр қазақ оқырманының төрінде тұруға лайық».
Бұдан алпыс жылдай бұрын жазылған осы сөздердің менің санама сіңіп, жадымда жатталып қалатынының соқталдай себебі бар...
Ес білгеннен біздің үйде кітап көп болатын. Кәдімгідей үлкен екі кітап шкафы бар еді. Ауылдың ауқымымен, алпысыншы жылдардың жағдайымен қарағанда бұл көп кітап саналатынын шамалау қиын емес. Бір күні көкем бір әдемі кітап алып келді. Бұл – 1964 жыл. Алтыншы класс оқушысымын. Мата мұқабалы кітап. Аты – «Тау мен дала хикаясы». Авторы – Шыңғыс Айтматов. Көкемнің көзіндей ол кітап менде әлі бар. Әлгі кітаптың басындағы жаңағы сөздерге қатты риза болғаным есімнен кетпейді. Ол кезде «аннотация» деген сөзді білмейміз. Егер аннотацияның үйренерліктей үздік үлгісін керек етсек, сол аңдатпаны алға тарта айтудың реті бар деп ойлаймын.
Бұл сөздерде әдебиет аспанына жарқырай көтерілген жаңа жұлдыз – Шыңғыс жұлдызына бауырластық қуаныш та бар, оның шығармаларының қазақ жүрегіне қаншама жақындығын жеріне жеткізе айту да бар.
«Тау мен дала хикаясы» ой-санамды кәдімгідей өзгертіп жіберді десем, артық айтпаспын. Оған дейін көбіне оқиғасы қызықты кітаптарға әуес күйде келген екенмін. Енді ондайларды азайтып, ойлантып оқытатын шығармаларға бет бұра бастадым. Әлім жеткенше, өзімше көркемдікке көңіл қоюға тырысатын болдым. Әйтеуір, оның алдында төрт томдық «Абай жолының» көлеміне қарап, қолға алуға қорқасоқтап жүргенім, Айтматовтың әсерімен Әуезов романының бетін алғаш ашқаным есте қалып қойыпты. Бара-бара сөз өнерінің сиқыры меңдей берді. Ақыры сөздің соңына түстік. Бала күнінен-ақ, балаң шағынан-ақ Айтматов сөзі миын меңдей бастаған мендейлер – миллиондар. Айтматов сөзінен нәр алған, қуат алған адамдардың санын шамалап айтудың өзі қиын. Жазушы шығармалары әлемнің 170 (!) тіліне аударылған, кітаптары ұзын саны 100 миллион данамен басылған. Олардың қаншасын басқалардың қанша рет қайта оқығанын, қаншасы кітапханада қанша рет қолдан-қолға өткенін ешкім есептей алмайды.
«Байыртан бир боордош»
Иә, қазақ халқы отызында-ақ орда бұзып, әдебиет шыңына шырқап шыққан Шыңғыс бауырына ә дегеннен әлгіндей ақтарылып қуанған, разылығын осылай ақ жарылып айтқан. Қазақ Шыңғыс Айтматовқа өмірден кеткенінше сол пердесіз көңілін жеткізумен болды. Бұл жағынан Шыңғыс та аянып қалмады. Алғашқы әңгімелерінің өзіне бірден елең етіп, одақтық баспасөзге жылы лебізін ( мақала аты – «Путь добрый!») жедел жеткізген, қауырсын қаламын қатайтып, өзіне сенімін арттырған Әуезовке, Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүргенінде тап бір туған інісіндей қамқор болған асыл ағаға ақ алғысын айтумен өтті. «Менің шетке шыққанымда жанымнан қалдырмайтын екі қасиетті қазынам бар. Оның бірі – Манас, екіншісі – Әуезов» деді. Ұлы ұстазының басты туындысының қадір-қасиетін жеріне жеткізе айтты. «Абай жолы» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мандатымыз, біздің ұлы Еуразия кеңістігінде өткен бүкіл өміріміз үшін, тауқыметті тарихымызда бастан кешкен қияметтеріміз үшін, өзіміздің қасиет тұтар, қастерлер қазынамызды қалыптастырып, өзіміздің әсемдік әлемімізді, парасат байлығымызды, өзіндік көшпелі мәдениетімізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді дүниеге әкеле жүріп, қол жеткізгеніміздің барлығы үшін берілген ортақ есебіміз» деді. Бүкіл шығармаларында қазақ өмірі қырғыз өмірімен қамшының қос өріміндей қатар өріліп келді. Шыңғыс арқылы қазақ жаны Әуезовтен кейін әлемге қайта танылды. Оның ет жүректі елжіретпей тұра алмайтын тамаша туындыларында қазақ жерінің сырлы суреттері салынды, қазақ елінің қайталанбас мінез қалпы бар бояуымен алынды.
2008 жылы, жазушы өмірден өткенде Бішкекке арнайы барып, топырақ салып қайтқан топта болып едік. Сонда жаңбыр-жаңбырдың арасында кітап дүкеніне бас сұғудың да мүмкіндігі туып, «Тумар» баспасы шығарған «Жамийла» кітабын ала қайтқанбыз. Соның ішінде қазақтар жайындағы жолдарын қырғызша оқығанда жазушының өз даусын, жан сөзін естіп тұрғандай боласың.
«О, айланайын кең талаам! Казак боордошум жердеген алп талаам! Мынакей, биздин тоолорду эки жакка керип таштап, чий менен шыбакка ыргалып, көз жетпеген деңиздей көлкүп жатасың. Ким билет сендеги жаткан күчтү! Жарыктык, сыртыңдан карасаң, эч бир жан жоктой бозоруп жатканың жаткан. Бирок кечеги эле эстен кеткис жайда согуш башталып, душмандар өлкөбүзгө кол салганда, туш-туштан талаада оттор жалындап, туш-тушка чабармандар ат коюп, жоокерлер минсин деп, айдаган канаттуу күлүктөр ысык чаң тумандатып, дүбүртүнөн асман чайпалды. Ошондо аркы өйүздө токтой калган кабарчы казак, ат оозун жыя:
– Аттан, кыргыз, аттан! Жау келди! – деп чуу коюп, саратан куюнга аралаш дагы да алда кайда чапкылаган».
Не деген сурет! Өзеннің арғы бетіне шауып келіп, ұран салған, бауырларын майданға шақырған қазақ!.. Мына жақтан ат жалын тартып, жабыла жауға аттанған қырғыз!..
Әрине, өмірде бұлай болмаған. Өмірде 1941 жылдың маусымында қазақтар да, қырғыздар да соғыс басталғанын алдымен радиодан естіген, олардың бәрін сельсовет кеңсе жаққа жинап, Маленковтың мәлімдемесін тыңдатқан, бір республиканың шабарманы екінші республиканың шекарасына шауып барып, аттан сала қоймаған. Ол – өмір шындығы. Шыңғыстың жазғаны – өнер шындығы. Шын таланттың қолынан шықса, өнер шындығы өмір шындығынан да өміршең келеді. Өйткені санада, рухта дәл осылай болған, оған сөз жоқ! Эпизодты эпостық зау биікке көтеріп әкететін Шыңғыс қаламының құдіреті бұл.
Оң жамбасқа келгенде
Біздің өз жерімізде өзіміз қожайын болмай отырғанымыз да, қожайын болмау былай тұрсын, ақыр аяғы ата-баба бейітіне өліктің мәйітін қоя алмай, өксіп отырғанымыз да бүкіл әлемге ең алдымен Шыңғыс шығармасында айтылды. Өзге жұрттың бәрі қайта құрудан қайыр күтіп, демократиядан дәмеленіп отырғанда тек біздің қазақтың елінде ғана қайта құруға қайта бұру басталғаны да ең алдымен Айтматовтың аузымен айтылды. Сол кездегі елдің сол кездегі ең биік мінберінен айтылды. Әлемге әйгілі суреткердің сөзі дүн-дүниеге тарады. Бұған қозғау салып берген адам Әбіш Кекілбаев екенін де біле жүрейік. «Тәуелсіздік толғауында» жазушы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күрмеуі көп кезеңде, КОКП Орталық комитетінің өзі «қазақ ұлтшылдығы» деген сұмдық сөзі бар қаулы қабылдап тұрған шақта Бішкекке барып, Шыңғыс Айтматовпен сөйлескен кезін, ол әңгіменің нақты нәтижесін баян еткен. Ендігіні жазушының өзінен естиік. Біз мұны «Абыз Әбіш» атты кітабымызда келтіргенбіз.
«Тап сондай аса қобалжулы көктемде Бішкектегі бір кеш есіме түседі. Шыңғыс Айтматов ағамыз демалып жатқан жеріне шақырған-ды. Оңаша жолығысымыз ұзаққа созылды. Әңгімеміз, негізінен, жағдайдың бұл бетімен неге апарып тірейтіндігі жөнінде өрбіді. Менің: «Демократия адамдар арасымен тынбайды. Халықтар арасына да ықпал жүргізеді», – деген емеурінімді бірден түсінген Шықаң баққа шақырды. Біздегі жағдайды егжей-тегжейлі сұрастыра бастады. Қоғамдағы процестер бұл қалпымен кете берер болса, қай халық пен қай республика да өз тағдырын өзі мықтап ойлауға тура келгелі тұрғанын сөз еттік. Қоштасар жерде: «Өз төрінде өздері отырғандар бір амалын табар-ау. Бізді айтсаңызшы», – деп Бас хатшымен бірге Пекинге жүргелі тұрған ағамызға біраз бопса айттық. Көп ұзамай КСРО халық депутаттарының съезі ашылды. Ана жолғы кеште бірге болған бір жігіт телефон соқты. «Әбеке, телевизорды ашыңызшы», – деді. Ашсам – Мәскеудегі съездер сарайының мінбесінде Шықаң сөйлеп тұр. «Қазақстанды бұдан әрі де бұрышқа тұрғызып қоюға тырысу қиянат», – деді әйгілі азамат. Есіме анадағы әңгімеміз түсті. «Оң жамбасқа келсін де», – деп еді. «Келген екен ғой», – деп ойладым. Расында да, сол жиын елдегі саяси бастамшылдықтың орталықтан шет аймақтарға, жоғарғы жақтан төменгі қабаттарға ауысқанын көрсетті. Қайта құрушылар баяғы арынынан айырылып қалыпты. Қазақстанның сол кездегі басшысы қашып құтылғандай болып, қуана-қуана Мәскеуде қалып қойды». Шыңғыс Төреқұлұлы 1989 жылы КСРО халық депутаттарының 1 съезінде сөйлеген сөзінде «Социалистік республикалардың тәуелсіздікке құқығы Қазақстанды да айналып өтпеуге тиіс. Бұл республика, осы өңірдің байырғы этносы – қазақ халқы елге нан қажет болғанына, сол үшін Одақтың еуропалық бөлігінен сан миллиондаған адамның тың жерлерді игеруге ағылғанына, оның сырттан келгендер мен тұрғылықты халықтың пайыздық деңгейіне әсер еткеніне кінәлі емес. Ал қазір кез келген сәтте тұрғылықты халықты бұрышқа тұрғызып, орнының қайда екенін есіне салады» деген тұста бес мың адамдық зал дуылдата қол соққан.
Иә, ағайын, сонау бір жылдарда қырғыз сөзінің жақұт-жауһарына қатер төнген сын сағатта «Манас» жырын әлеуметшілсінген әпербақандықтың қанды құрығынан құтқарып қалған ұлы Әуезов сияқты, көлденең көк атты төрімізге шығып, қаңғып келген шүрегей көлімізге қонған сол бір сайқал саясат сұмдығының тұсында Айтматов қазақтың жыртысын жыртып, абыройы үшін айқасқа түскен және сол айқастан нақты нәтиже шыққан. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ұмытпауға тиіспіз.
Шекер атаның ұрпағы
Бұндайлық баянды бауырластықтың бастауында тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған қос халықтың терең тамырлы дәстүрлі достығы жатыр, әрине. Сонымен бірге мұның көзге көрінетіндей, сөзге ілінетіндей сілемдері Айтматовтың өз әулетінен де тарайды екен. Солай екенін біз өткен жылы, 26 қазанда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қырғыз ағайынның зиялы қауымымен кездесу кезінде қолымызға тиген «Ата-Бейит» кітабынан нақты оқып отырмыз. Бұл деректі романда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қырғыз елін шарпыған сталиндік жолсыз жазаның жайы баян етіледі. Негізгі арқауы – жазушының әкесі, көрнекті партия қайраткері Төреқұл Айтматовтың тағдыры. Авторлары – танымал тарихшы Асан Ахматов пен қаламгердің қарындасы, көрнекті ғалым Роза Айтматова. Біз осыдан төрт жыл бұрын Еуразия ұлттық университетінде Роза Төреқұлқызымен кездескенде шеті шығарылып, диктофонға түсіп қалған бір әңгіме «Ата-Бейит» кітабында таратыла айтылыпты. Тараудың аты – «Шекер жайындағы аңыз».
Ойранды отызыншы жылдар. Төреқұл Айтматов түрмеде. Жанындағы серігі Шораны атуға алып кетеді де, орнына жап-жас бір жігітті жатқызады. Аты – Тәңірберді. Таластан. Ағасының әңгімесіне құмар-ақ. Сұрамайтыны жоқ. Төреқұл да ақтарыла береді. Бір күні «Кейінгі кезде біздің айылдың неге Шекер аталғаны жайындағы аңыз ойыма орала беретін болып жүр» деп алып, «Есте жоқ ерте заманнан Таластың қырғыздары қазақтармен қоңсы қоныстанған» деп бастап, бір байтақ әңгіме өрбітеді. Сол жаугершілік заманда ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайынның арасына мықтап сына қағылыпты. Қаққандар – екі елдің ортақ дұшпаны, екі жақтың қақтығысып, қансырағанын тілейтін қалмақтар. «Олар сан түрлі сұмдық сөз таратып, әзәзіл әрекетпен қаскөйлікті қоздыра береді. Қазақтарға келіп, қырғыздар сендердің жеріңді тартып алып, еліңді тоз-тоз етпекші дейді. Қырғыздарға келіп, қазақтар үшін жеріңді жаулау, қырғыз енді қалмайтындай етіп қыру түкке тұрмайды дейді». Ақыр аяғы екі ел арасы ашылып, дауласудың түбі жауласуға жақындайды. Талас қырғыздарының ішіндегі өсіп-өнген әулеттің бірі Тоңтұғырдың әулеті екен. Сол Тоңтұғырдың бір ұлының бітімі бөлек екен. Басқа жұрт алдағы айқасқа дайындалып жатқанда ол тойға дайындалып жатыпты. Ақсақалдардың жорық жайын ақылдасатын алқақотан әңгімесіне де жоламайды. Әндіжаннан аспаз алдыртады, Қашғардан тасқазан алдыртады, жайлау төріне жүздеп тандыр салдыртады, беткей біткенге кемеге (ошақ) қаздыртып, аппақ етіп тізіле тігілген киізүйлердің кебежесін алуа-шекермен, шәрбатпен, әселмен (бал) толтыртады. Айналадағы ағайын атаулы оның бұл ісіне күле қарап, елдің жайын, жердің жайын ойламайтын оспадардай көреді. Күндердің күнінде тіресу шегіне жетіп, екі елдің әскері Күркіреудің беткейінде бетпе-бет келіпті. Екі жақ та не істерін білмей дағдарып қалыпты. Түптеп туысуды былай қойғанда, екі жақта да құда-құдандалылар, жиен-нағашылар, тіпті күні кеше айлы түнде ақсүйекті бірге іздеп жүрген дос-жарандар тіресіп тұрыпты. Мына тығырықтан қалай шығудың жолын таппай, іштен дымдары құрыпты. Сонда жаңағы жігіт – Тоңтұғырдың ұлы ақ атқа мініп, алға шығыпты.
«– Анау жақта асқақтаған қос шыңды Манас-Атаға қараңдаршы, егіз ұлын – қазақ пен қырғызды емізіп тұрған төс емес пе ол? Біз нені бөлісе алмай жүрміз? Тату-тәтті тұрушы едік қой, жайлауды бірге жайлап, қыстауды бірге қыстаушы едік қой. Біз туыстармыз, ағайынды екі ұлдың перзенттеріміз, осыған дейін арамыз ашылып көрген жоқ», – депті суырыла сөйлеп. Жан-жақтан қостаған дауыс қаптай естіліпті. Жаңағы жігіт сөзін былай жалғапты:
– Ендеше, неге жаудың жымысқы сөзіне еріп, бауырларыңа қылыш көтергелі тұрсыңдар? Қалмақтар біздің бір-бірімізді құртқанымызды қалайды. Олар сөйтіп Ақсайымыз бен Көксайымызды басып алады. Ақылға келейік, ағайын! Баяғы күндердегідей бір дастарқанның басынан табылайық, тәтті дәммен қою шай ішейік. Мен баршаңызды қонаққа шақырамын».
Екі жақтың билері мен батыр-бағландары ойланып қалады. Не істеу керек? Расында да, бөліспейтін ештеңе жоқ қой. Ақыры екі жақтан екі батыр шығарып, жекпе-жекпен тоқтасуға ұйғарады. Батырлар тең түседі. Ұрыстың беті қайтарылады. Бейбіт күндер, бейқұт түндер қайта келеді. Содан қазақ-қырғыз қосылып, «Оның өзінің дәмі ғана тәтті емес, сөзінің ләмі де тәтті, шекер-балдай» десіпті. «Сөйтіп, әлгі азаматтың азан шақырып қойған аты ұмыт қалып, енді оны Шекер деп атап кетіпті. Біздің рудың арғы тегін қалаған Шекер сөзімен де, сенімімен де соғыстың алдын алып, тыныш өмірді орнатыпты. Біз оны мақтан тұтамыз! Шекердің бір ұрпағы – менің әкем Айтмат Кимбилдиев. Біздің фамилиямыз сол кісіден тараған. Шекердің дана ақылы, біздің рудың қайдан тарайтыны туралы осындай хикая бар» деп әңгімесін аяқтайды Төреқұл Айтматов.
Сол аңызға айналған Шекердің бір ұрпағы, Айтматтай асылдың сынығы, Төреқұлдай тектінің тұяғы Шыңғыс өмір бойы қазақ пен қырғызды ғана емес, барша адамзатты бауырластыруға, түрлі мәдениеттерді жақындастыруға ұмтылумен өтті.
Ылдидан салса, төске озған
Айтматов 1963 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл кезде оның жасы отыздың бесеуіне жаңа шыққан. Сыйлық жазушыға «Повести гор и степей» деген повестер мен әңгімелер жинағы үшін берілді. Сол кездің өзінде Айтматов әлемдік даңққа бөлене бастаған-ды. 1964 жылғы кітаптағы Айқын Нұрқатов жазған алғысөзде Луи Арагонның сөзі келтіріледі: «Сөйтіп, менменсіген Парижде, Вийонның, Гюго мен Бодлердің Парижінде, талай корольдар мен революцияларды көрген Парижде, әрбір тасы аңыз, тарих болып айтылып, өнердің өлмес-өшпес мекені атанған Парижде, көрмегені, оқымағаны, басынан кешірмегені жоқ Парижде мен Вертер мен Клеопатраны да емес, Жәмиланы оқып шықтым. Джульеттаның, Паоло мен Франческаның, Эрнань мен Донья Сольдің бейнелері маған көмескі тартып қалды, өйткені мен Данияр мен Жәмилаға жолықтым... Мен бұл әнді, қырғыздың кең даласында самғаған әнді бұл жақта, біздің тозығы жеткен дүниеде де шырқамай тұра алмаймын, борандар, бұлттармен бірге жерді жаңғырықтыра самғатпай қоя алмаймын. Онан кейін Шыңғыс Айтматовқа: сенің үнің бізде де естіліп, еркек-әйел өз орнын тауып, бала жарықты болжап көре бастаған ғажайып түнде өктемдік құрды, деп айтпай қоя алмаймын».
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында біраз уақыт Алматының бір телеарнасы Фрунзе (Бішкек) болған еді. Ара-арасында көз салып қоятынбыз. Бір күні қарап отырсам, Айтматовтың 50 жылдығына орайлас хабар беріліп жатыр екен. Тележурналистің сұхбаттасы – көп жылдар бойы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің аппаратында жұмыс істеген белгілі әдебиеттанушы. Шыңғыстың мерейжасына Мәскеуден арнайы келген. Айтып тұрған әңгімесі тіпті тосын. Ол кез үшін, әрине. Сонда не дейді дейсіз ғой? Шамамен былай. Айтматов кандидатурасы комиссияға салынардың, дауысқа жіберілердің алдында бір жабық отырыс өткізіледі. Қырғыз жазушысының бүкіл әлемді дүңкілдете бастағаны, қазірдің өзінде талай шет тілге аударылып үлгергені, кітаптарының мол таралыммен қайта-қайта басылып жатқаны, әдеби сынның жоғары бағалағаны, комиссия атына оқырмандардан хаттар көп түскені, қысқасы, дауысқа жіберілсе бәйгені анық алғалы тұрғаны айтылады. Дегенмен, әлі де ойланған артық болмас дейді әлгі отырысты ұйымдастырушылар. Ойланатын несі бар? Бар көрінеді. Жастығы. Лениндік сыйлықтың лауреаттығы үшін тым жастығы (Еске сала кетейік: өткен жылы Қазақстанда «жастар» өлшемі бұрынғы 29-дан 35 жасқа көтерілді). Күмән келтірушілер мынаны айтады. Айтматов кітабының сыйлыққа лайықтығы күмәнсіз. Алайда... Біз осы сыйлықты беруін берерміз-ау, дегенмен, әлі де ойласайықшы. Сол атақты осы азамат өмір бойы өз деңгейінде алып жүре ала ма? Мұнан кейінгі туындылары мына кітаптағыдан кемшін болып қалмай ма? Бұлар жастықтың қуатымен, сезімнің буымен қағазға мөлдіреп түсе қалған шығармалар болса қайтеді? Әрі қарай осы арынымен жаза бере ме, әлде? Жас жігіт осы атақты көтере ала ма? Өзін дұрыс ұстай ала ма? Жастықтың желігімен от басып қалмай ма?.. «Жоқ» депті сонда комиссия мүшелері. Отыздың бел ортасында мынандай шығармалар жазатын адамнан келешекте бұдан да мықты туындылар күтуге болады...
Дәл солай шықты. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған нағыз арғымақтың дүлдүлі болды дүниенің додасына түскен қырғыз тұлпары. Бір шығармасынан екіншісі артып, арындай берді, арындай берді. 1963 жылғы Лениндік сыйлықтан кейін Айтматов КСРО Мемлекеттік сыйлығын бір рет емес, екі рет емес, үш рет алды! 1968, 1977, 1983 жылдары аты бәйгеден қайта-қайта келді. Оның әр жаңа кітабы әдебиет әлеміндегі құбылысқа айналды. Оның әр жаңа кітабын оқырман тағатсыздана тосатын болды. Әрқайсысы айқыш-ұйқыш пікірталастың арқауы етілді. Орынның аздығына байланысты солардың бірі – «Ақ кемені» аз-кем әңгіме етумен тоқтай тұрайық.
«Ол екі ертегі білетін. Біреуі – өзінен басқа тірі жанға белгісіз – сәби қиялынан туған. Екіншісін атасы айтып берген. Кейін екеуі де ғайып болды» деп басталатын хикаятты оқымау мүмкін шығар, бірақ оқыған адамның ұмытуы әсте мүмкін емес еді. Бала білетін екі ертегінің бірі – Ыстықкөл бетін әрі-бері тіліп өтіп жататын ақ шаңқан кемеде теңізші әкем бар деп ойлайтыны. Бала өз ертегісіне өзі жан-тәнімен сеніп алған. Таудағы қорықта тұратын орманшы атасының дүрбісімен алыстағы Ыстықкөлдің көгілдір айдынына күн сайын сарыла, сағына қарайтыны да сондықтан. Оның жан баласына айтпайтын бір жоспары бар: балыққа айналып, сол ақ кемедегі әкесіне жүзіп бару...
Баланың мұндағы жалғыз сүйеніші – атасы. Аты да, заты да Момын аса бір аяулы ақсақал. Кәрі қойдың жасындай жасы қалған шағында, перзент көре алмаған бақытсыз қызына бір, баласыздығы үшін бүтін дүниені өртеп жіберуден тайынбайтын дүлей күш иесі, алды адуын күйеу баласына бір жаутаңдап, от басының тыныштығын, Бұғы-ана ұрпақтарының татулығын тілеп, шыбын жаны шырқырап жүрген осы қайырымды, бірақ қауқарсыз қарт – ұлттық мінез бітімінің құнды қасиеттерін де, табиғи кемшіліктерін де бір бойына жинақтаған тұлға. Момын қарттың шығарма түйінделер тұстағы моральдық, рухани күйреуі оның өзіндік гуманизмінен туындайды да, дәрменсіз жаратылысы сын сағатта зұлымдыққа күрессіз мойын ұсындырады. Момынның өз табиғатынан тыс ауыр қылмысқа баруы да (Оразқұлдың талап етуімен Бұғы-ананы атуы) осылайша дұрыс уәжделген.
Мылтық тарс етті. Бала оянып, аулаға шығып еді, көрші үйдегі мас тобыр (арасында өзінің атасы да бар) қыран-топан күлкіге көміліп, Оразқұл ағасы Бұғы-ананың шаңырақ мүйізін насаттана шапқылап жатыр екен...
Болды. Бітті бәрі. Аяқталды ертегі...
Көзінен жас парлап: «Жоқ, мен балық болам, бүйткенше балық болып кеткенім жақсы. Судың астымен жүзіп, көкеме кетем. Балық болам» деп еңіреген бала кенет... үй маңындағы өзенге беттеді... «Сол келген бетімен алды-артына қарамастан суды кешіп бара жатты...».
Студент кезімізде «Литературная газетаның» бетінде осы хикаят, оның оқырманға берер тәлімі төңірегінде бірер айға созылған айтыс басталып кеткені есте. Хикаят негізінен жоғары бағаланды. Сын айтатындар шығарма финалына шүйлігіп жатты. Сол топқа бізден Әнуар Әлімжанов қосылды. Өкінішке қарай, біздіңше. Мәскеулік редакторлар сол дауға қазақ қаламгерін әдейі араластырғандай да көрінеді тіпті. Повесть соңындағы баланың өліміне, атасының бұғыны атуына байланысты Ә.Әлімжанов: «После гибели мальчика и позора деда Момуна на свете ничего не остается, кроме палача Орозкула» деп жазды. Ауыр сөз. Ал сол ауыр сөзге Айтматов қандай жауап қайтарды дейсіз ғой. «Нет, дорогой Ануар, остается еще... Читатель» деді. Пікірталас тоқтады. Бұл – бүкіл көркем әдебиет атаулының табиғатын тамыршыдай тап басқан терең түйін. Бәрі кетсе де оқырман қалады. Бәрін де оқырман шешеді. Қорытындыны да оқырман жасайды. «Ақ кеменің» оқырманы шығарманың оптимистік сарынын дәл таныды. Өйткені Ш.Айтматовтың повесті түйіндер тұста жазғанындай, бала өзінің бейкүнә сәби, мүбәрак жанының, адал жүрегінің дегенін істеді, ол барлық қасиетсіздікке, арсыздыққа, қаныпезер-қараулыққа қарсы болып, лағынет айтып кетті. Өйткені, Айтматовтың пікірталаста айтқанындай, «...нәрестенің жүрегі, сәбидің ары – адамгершіліктің алғашқы дәні, ол дәнсіз еш нәрсе өспейді, өркендемейді. Жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол кімнен қиянат көрмесін, бірақ шындық мәңгі өмір сүреді. Адам туады, өледі, бірақ мәңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат, әділет бар...».
Өткен жылдың жазында біз Түркі дүниесі Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысуға Шолпан-Атаға бардық. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бізге, Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаттарына, отырысты ұйымдастырушылар парламенттер палаталары басшыларын Ыстықкөлде кемемен серуендеткенін айтты. Жағалауда тұрып, ақ кемені алыстан біз де көрдік. Талай-талай қиялға ерік бердік. Баланың жүзгеннен жүзіп отырып, көкесіне жеткеніне сендік...
Айтматовтай алыптар туралы толғанғанда кеңінен көсіліп отырып, ақтарыла айтқанға не жетсін. Шыңғыстың аты «қырғыз» сөзінің де бір баламасы болып кеткенін, Айтматов арқылы аз жылдың аясында бүтін бір халықтың жалы күдірейіп шыға келгенін, оның кітаптарынан бүкіл әлем қырғыз жанын танығанын, өзінің туған ұлтының атынан арғы-бергідегі әлем ұлыларының арасындағы аламан бәйгеге түскенін, аты озып шыққанын, қырғыздың ғана емес, түркі жұртының ғана емес, мұсылман дүниесінің ғана емес, барша адамзаттың мақтанышына айналғанын, бір өзі бір елді даңққа бөлегенін, ар-ожданы таза адамның жүрегі мен жанына бүкіл ғалам сыя алатынын дәлелдеп бергенін, «Мемлекет аталатын пештің жалғыз отыны – адамдар» деген сияқты сұрапыл сөздерімен барша замандағы, барша қоғамдағы билік диалектикасын айқара ашып кеп жібергенін, өзінің де мына өмірден кісіліктің, кішіліктің, тазалықтың, тектіліктің, кеңдіктің, өрліктің, ерліктің, серіліктің өрелі өнегесін көрсетумен өткенін, журналистік жолымызда үш рет (біріншісі – 1975 жылы Алматыда, «Лениншіл жас» үшін, екіншісі –1997 жылы Франция астанасында, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов» деректі фильмі үшін, үшіншісі – 2003 жылы Астанада, «Егемен Қазақстан» үшін) ұлы суреткерден сұхбат алу бақыты бұйырғанын, соның бәрінде де адамгершілігіне, азаматтық асылдығына айызымыз қанғанын, ұлылықпен ұшырасудың сирек сәттерін сезінгенімізді, университет бітіретін жылы шоң Шыңғыстан алған сол сұхбат осы газетке жұмысқа қабылдануыма себепкер болғанын, жақсының шапағатының арқасында келген редакцияның табалдырығынан бастап, төріне дейін көтерілгенімді, Айтматов дүниеден көшерде бейітіне бір уыс топырақ салып жатып, адамзат тарихындағы тау тұлғалардың бірімен, шын мәніндегі ұлы адаммен қоштасып тұрғанымызды түсінгенімді, түйсінгенімді... таратып, талдап айтатын күндер де келер әлі.
Енді бес жылдан кейін Айтматовтың ғасырлық тойы аталып өтеді. Зымыран заманда жетіп-ақ келетін ол тойға біз де қамдана берсек, артығы жоқ. Өйткені ол біздің де Шыңғысымыз, біздің де Айтматовымыз. Өйткені ол адамзаттың Айтматовы. Сол тұста, бұйыртса, жазарымыз табылар.
Мына қара жердің бетіне Табиғат-ананың анда-санда болса да осындай адамдарды жіберіп тұратынына шүкіршілік етейік.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы