Өткен ғасырдың 70-жылдарында Қазақстанда қой шаруашылығын өркендетуге жастарды тарту мақсатымен әртүрлі ауқымды іс-шара жүзеге асырылғаны белгілі. Олардың бірі ретінде сол кездегі Семей облысы, Шұбартау ауданында алғаш қолға алынған комсомол-жастардың шопандар бригадаларын айтуға болар еді.
Бұл бастамаға бірден үн қосып, жалғастырып әкеткен Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы екені де мәлім. Иә, құмды өлкеде жалынды жастықтың отын алаулата жағып, жарқырап шыққан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев салған сара жолды әрі қарай абыроймен жаластырған «Сұңқар», «Шалқар», «Тұлпар», «Қарлығаш», «Шұғыла» бригадаларының аты алысқа кетіп, олардың еңбегі жайында баспасөз беттерінде талай жазылған.
Әрине, мектеп бітіре сала жас өрендерді мал соңына салып қою қазіргі күннің биігінен қарағанда дұрыс емес болар. Бірақ бұл кешегі кеңес өкіметі кезіндегі өмір шындығының көрінісі ғой. Дегенмен сол жастардың бірқатарының, бригададағы екі-үш жыл жұмысынан кейін институт, университеттерге оқуға жеңілдікпен түскені де шындық.
«Айдарлы» кеңшарындағы «Сұңқар» Мойынқұмдағы осындай ұжымның озығының санатында болғандықтан, оған жоғары жақтан қонақтар жиі-жиі ат ізін салатын. Жетпісінші жылдардың ортасында түсірілген мына суретте сондай сәттің бірі бейнеленген: Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Валентин Карпович Месяц (бірінші қатарда оң жақтан төртінші, 1976 жылдан бастап КСРО Ауыл шаруашылығы министрі болған, ол кісінің оң жағында Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, сол жағында Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков) Хантауы бөктеріндегі «Сұңқар» комсомол-жастар шопандар бригадасы мүшелері, сондай-ақ басқа да аудандық деңгейдегі жетекшілер мен аталған кеңшар басшыларының арасында.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы