Бұл күндері ауыл шаруашылығының егіншілік, өсімдік, селекция, тұқым шаруашылығы, агрохимия, топырақтану және агроэкология салалары бойынша жетекші ғылыми орталығы болып саналатын әрі еліміздің агрономиялық ғылымын қалыптастыру мен дамытуға үлкен үлес қосқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына 80 жыл толып отыр.
Өткенді саралайтын болсақ, кеңестік кезеңде Қазақстанда бірқатар тәжірибе стансалары, танаптар мен тірек пункттері құрылды. Олар табиғи жағдайларға төзімді өнімділігі жоғары сұрыптар шығарумен шұғылданды. Ол кезде ғылыми-зерттеу жұмыстары білікті мамандардың жетіспеуінен ойдағыдай жүргізілмеді. Өйткені, жалпы жұмыстарды үйлестіретін ғылыми-әдістемелік орталық жоқ еді.
Міне, сондықтан да ғылыми-зерттеу орталығын құру қажеттілігі туындады. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1934 жылғы 16 шілдедегі қаулысының негізінде Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі сол жылғы 14 тамызда Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулы қабылдады. Сөйтіп, институттың іргесі қаланды. Жалпы алғанда, институт елімізде егіншілік және өсімдік шаруашылығы мекемелерінің ғылыми жүйесін нығайту жолында ауқымды жұмыстар атқарып, дәстүр сабақтастығын әлі күнге жалғастырып келеді. Олай дейтінім, институттағы бөлімдер мен зертханалар құрамынан әр жылдары Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, Шортандыдағы тәжірибе стансасы негізінде Бүкілодақтық астық шаруашылығы, Қазақ өсімдік қорғау, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы мен Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Ал 1969 жылы жаңадан құрылған Қазақ шабындық және жайылымдық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрамына сортаң жерлер зертханасы мен көпжылдық шөптер селекциясы және тұқым шаруашылығы бөлімі берілді. Кейінірек институттың күріш егу бөлімі Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының қарамағына өткізілді. Содан бері өз алдына отау тігіп, бөлініп шыққан мекемелер халық игілігіне еселі еңбек етуде.
Біздің институт іске кіріскен күнінен бастап-ақ зерттеу жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай Алматы қаласындағы орталық тәжірибе танабында, Шортанды, Жамбыл ауыл шаруашылығы тәжірибе стансаларында, Осакаров (Қарағанды), Қаратал (Талдықорған), Қызылорда тірек пункттерінде жүргізді.
Аталған жұмыстар негізінен жергілікті материалдар мен кавказдық шығу тегі күздік қатты бидайдың үлгілерін зерттеуге бағытталды. 1937 жылы мемлекеттік сынаққа күздік қатты бидай үлгілерінен іріктелген бір сұрып тапсырылды. Ғылыми-зерттеулер нәтижесінде Қазақстанның әртүрлі аймақтарында егіншіліктің шөп танапты жүйесін жасауға, атап айтқанда топырақ құнарлылығын зерттеу, тыңайтқыш қолдану, арамшөпке қарсы өсімдік қорғау құралдарын кеңінен пайдалану енгізілді. Егістік қорғайтын орман алаптары қалыптасып, сондай-ақ жеміс-жидек, жүзім өсіру қызу қолға алынды. Мұндай тың іспен дәнді, техникалық, жеміс-жидек, көкөніс-бақша дақылдары, көпжылдық шөптер, агрохимия, агромелиорация тәрізді бөлімдер айналысты. Бұған қоса тағы басқа көптеген бөлімшелердің, зертханалардың жұмыс аясы кеңейді. Дәнді, дәнді-бұршақ, майлы, техникалық және жармалық дақылдар бойынша Шығыс селекция орталығы ашылып, республиканың түгел дерлік аймағын қамтыды.
Суарылмайтын, тәлімі және суармалы жерлердегі аймақтық егіншілік жүйесінің негізгі буындарын, сондай-ақ, күздік және жаздық бидай өсірудің интенсивті технологиясын, ауыспалы егіс тиімділігін арттыру, топырақты үрілу мен су эрозиясынан қорғау және олардың құнарлылығын көтеру, егіс қорғайтын орман алқаптарын өсіру технологиясын жасады. Бұл жұмыстар Г.Потапов, Ш.Хабибуллин, А.Бальчугов, Н.Салашный секілді белгілі ғалымдардың жетекшілігімен жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша еліміздің 9 облысында егін шаруашылығын өрістету жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Алматы облысының қуаң далалы, шөл далалы және таулы аймақтарында (Қараой, Үшқоңыр), сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының шөлейт аймағында (Арыс және Түркістан) ашылған тірек пункттері мен Шығыс селекция орталығында ұзақмерзімдік «ОПАКС», «Арпа», «Бидай», «Бұршақ», «Қант» селекциялық бағдарламалары жасалды. Бұл бағдарламаларда теориялық зерттеулер генетикалық селекциялық негіздерді түзуге, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы дақылдары селекциясының қолданылып жүрген тәсілдері мен схемаларын зерттеуге бағытталды. Нәтижесінде 210 сұрып үлгісі алынды. Селекция, будандастыру және сұрыптаудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар қазіргі заманғы жаңа биотехникалық тәсілдері – өсімдіктердің биологиялық қасиеттері мен шаруашылық үшін бағалы белгілері бар жаңа түрлерін алуға, сұрыптар мен будандар шығаруға алғышарт жасады.
Егіншіліктің өркендеуіне М.Ерлепесов, І.Әбуғалиев, Н.Удольская, П.Федоров, Р.Оразалиев, К.Балғабеков, В.Новохатин сынды ғалымдар өнеге көрсетті.
Институт ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын шығару жолында қажыр-қайрат танытты. Ұзақ жылғы еңбек нәтижесінде күздік бидайдың 9, жаздық жұмсақ бидайдың 11, қатты бидайдың 3, арпаның 5, сұлының 2, жүгерінің 8, сояның 3, қант қызылшасының 3 және күріштің, бұршақтың және жемдік дақылдардың сұрыптары шығарылып, шаруашылықтарға таратылды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін Р.Оразалиев, А.Иорганский, А.Күрішбаев, С.Кененбаев, В.Макаров, Д.Нұрғалиев, М.Құдайбергенов, С.Әшірбаева, К.Денгелбаева сияқты жетекші ғалымдарымыз салаға көп еңбек сіңірді. Олар тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ, халықаралық деңгейде танымал болып отыр. Институт ғалымдары агроөнеркәсіптік кешенді ұдайы дамыту мақсатында ауылшаруашылық дақылдарын республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында бейімділік-ландшафтық жүйе қалыптастыруда, өңдеу технологиясында, тәлімі және суармалы жерлерде экологиялық өндірісті, ресурсты үнемдеу мен әртараптандыру мақсатында жаңа технологияларды пайдаланып егінді тамшылатып суару тәсілдерін енгізудің зерттеулері жүргізілуде.
Сонымен бірге, селекциялық салада да ізденістер жалғасу үстінде. Ауа райының түрлі жағдайына бейімді, зиянкестер мен ауруларға төзімді, өнімділігі жоғары дақылдардың сұрыптары мен будандарын шығару – негізгі міндетке айналып бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр.
Академик Рақым Оразалиев бастаған ғалымдар 150-ден астам жоғары өнімді сұрыптар мен будандар шығарып, аграрлық саланы биікке көтеріп тастады. Селекционер-ғалымдар дәнді, дәнді-бұршақ, майлы, жемдік және техникалық дақылдардың ұлттық генетикалық ресурсын құрып күрделі де іргелі істі жүзеге асырды. Ұлттық генетикалық қордың үштен бірін құрайтын 17 мыңнан астам үлгі біздің институттың қорында сақтаулы тұр.
Бізде жыл сайын тұқымдық шаруашылықтарды қамтамасыз ету үшін 450 тоннадан астам жоғары сапалы дәнді дақыл, 130 тонна жемдік дәнді, 120 тонна дәнді-бұршақ, 60 тонна мақсары, 50 тонна жүгері және 10 тонна жемдік тұқым дақылдары өндіріледі.
Институт ғалымдары халықаралық деңгейі жоғары ғылыми орталықтармен тығыз байланыста зерттеу жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. Мәселен олардың қатарында мынадай халықаралық CIMMYT, ICARDA, JIRCAS, IPGRI, GTZ, USAID, FAO зерттеу мекемелері мен Ресей, АҚШ, Австралия, Қытай, Израиль, Мексика, Сирия, Корея, Жапония елдерінің ғылыми институттары бар. Мамандарымыз үнемі алыс-жақын шетелдердің ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибе жинақтап, егіншілік және өсімдік шаруашылығы бағытында өтетін келелі жиындарға қатысады. Ұзақ уақыт бойы ұтымды әрі тиімді жұмыс атқарған институттың қазіргі құрылымы 16 ғылыми бөлімнен, 2 филиалдан, «Үшқоңыр» білім тарату орталығы мен қосымша 3 бөлімшеден тұрады. Аталған мекемелерде 268 адам, оның ішінде 66 ғылыми қызметкер, Ұлттық ғылым академиясының 2 академигі, республика Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының 5 академигі, Моңғолия аграрлық академиясының 1 академигі, 19 ғылым докторы, 39 ауыл шаруашылығы және биология ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді. Ғылыми әлеуеті мен өзіндік дәстүрі қалыптасқан институтты осы жылдар ішінде ұйымдастырушылық әлеуеті жоғары 14 директор абыроймен басқарғанын атап айтқан жөн.
80 жылдық тарихы бар ғылыми мекеменің өсіп-өркендеуіне талай тарланбоз ғалымдар өлшеусіз еңбек сіңіріп, беделін әлемнің әр түкпіріне әйгіледі. Оны қазіргі буын өкілдері лайықты жалғастырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Иә, дәстүр сабақтастығы алдағы уақытта да осылайша жалғаса береді.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.