Елі ерке ақын атап кеткен Нарша Қашағанұлының бақилық болғанына да біраз жылдың жүзі болды. «Елде тұрам» деп жырлаған ақынның «Ауыл ғана ауыспайтын астана» деген тіркесін таластық жерлестері аузынан тастамай айтып жүреді.
Нарша туралы әңгіме қозғала қалса, белгілі композитор Әуезхан Салабековтің шығармалары туралы айтпау мүмкін емес. Ақын мен композитор тандемінен туған бірнеше ән жергілікті халықтың жүрегінен орын тапса, әйгілі «Музарт» тобы орындаған «Рахмет саған, туған ел», белгілі әнші Асқар Жүнісбеков шырқаған «Хат жазып тұр» әндерін күллі қазақ халқы сүйсініп тыңдады. Есті әндер әлі күнге дейін ескірген жоқ. Өйткені сазы мен сөзі үйлескен туындының өлмейді.
Нарша Қашағанұлы мен Әуезхан Салабеков шығармашылығын тоғыстырған «Рахмет саған, туған ел» әні жұртты бірден баурап алды. Ауылға деген сағынышты сәт сайын арттыра түсетін туындыны, расында да тебіренбей тыңдау мүмкін емес.
«Қасиеттім, киелім,
Жаралған сенен сүйегім.
Арқардай ауып жүргенде,
Арқамды саған сүйедім,
Рахмет саған, туған ел»,
деп келетін әннің қайырмасының өзі адам бойындағы сезім пернелерін дөп басатыны даусыз. Осылайша, жаныңды баурай түсетін ән кімді де болсын бейжай қалдырмайды.
Ақиқатында, «Рахмет саған, туған ел» композитордың тапсырысымен жазылған қатардағы көп әннің бірі емес. Көзі тірісінде Нәкеңнің өзі бұл өлеңді Талас ауданының Құрметті азаматы атағын алған кезде жазғанын айтып жүретін. Ғұмыр бойы елде тұрған ақын көңілі толқып, еліне ризашылығын білдіру мақсатында салтанатты іс-шарадан бір сағат бұрын ғана осы өлеңді ақ парақ бетіне түсірген екен.
«Елде тудым, елде есейдім, ер жеттім,
Кісіліктің мектебінен елде өттім.
Елде жүрсе болады екен елде екпін,
Есік жақта жүрмей еркін төрлеттім».
Нарша ақынмен көзі тірісінде бірнеше мәрте әңгімелесудің сәті түскен еді. Сонда ғой, «Неге өмір бойы ауылда тұрып келесіз?» деп сұраймын. Ол осы бір шумақты оқиды да әрі қарай ағайыннан алыстағысы келмейтінін кестелеп тұрып айтып беретіні.
Осылайша күтпеген жерден жазылған «Рахмет саған, туған ел» атты өлеңін ақын салтанатты іс-шарада жерлестеріне ризашылық хаты ретінде оқып береді. Кейіннен осы өлеңі жаңа жинағына енеді. Ақынның сол кітабымен танысқан композитордың бойын шабыт кернеп, жаңа ән дүниеге келеді. Алайда Әуезхан Салабеков ол кезде өлеңнің қандай жағдайда дүниеге келгенінен хабарсыз еді.
«Шынтуайтында, «Рахмет саған, туған ел» – тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен боздақтарға, алашордашыларға, Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған батырларға арналғандай көрінетіні бар. Нағыз поэзияға лайықталып жазылған ән болғандықтан шығар, жұрттың да жүрегіне жылдам жетті. Әрі-беріден кейін мұнда тарихқа деген құрмет, қазақ халқына деген шексіз алғыс жатыр. Содан да болса керек, осы ән әлі күнге дейін ескірген жоқ», дегенді композитор Әуезхан Салабеков кездесулерде жиі айтып жүреді. Расында да солай ғой.
Айтпақшы, өлеңнің түпнұсқасында «саған» деген сөз болмаған. Ақын «Рахмет туған ел» деп аяқтауды жөн санаған. Алайда композитор әннің ырғағына сай келуі үшін екі буыннан тұратын «саған» сөзін қосуды жөн деп тапқан. Онысы ұтымды шыққанын да айта кеткен ләзім.
Өнерде шекараның болмайтыны ақиқат. Әсіресе музыканың тілі ортақ екеніне ешкімнің таласы да жоқ шығар. Оны композитордың тағы бір сөзінен аңғаруға болады. Қайбір жылы елордада өткен үлкен концертінің бірінде шетелдік қонақтар Нарша мен Әуезханның тандемінен туған «Рахмет саған, туған ел» әнін беріліп тыңдап, өз пікірін білдіруді жөн деп санапты.
«Музарт» тобының орындауында Қазақ еліне кеңінен танылған «Рахмет саған, туған ел» атты шығармамды шетелдіктер де ұнатып қалыпты. Сөзін Нарша Қашаған ағамыз жазған болатын. Осы ән Астанада өткен бір үлкен концертте орындалып, шет мемлекеттерден келген өкілдер тамсана тыңдаған. Араб және неміс ұлтының өкілдеріне қатты әсер еткені мені қайран қалдырды. Концерттен кейін бізге жақындап: «Біз сөзін түсінген жоқпыз. Алайда лирикалық ән жүрегімізге жылы тиді. Кейіннен аудармашы арқылы әннің сөзін тәржімалатқан кезде әсері тіптен арта түсті», деп ілтипат білдірді», дейді композитор, Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков ойымен бөлісіп.
«Қазақ деп соққан жүрегім,
Қазығыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың,
Табанды саған тіредім,
Рахмет саған, туған ел!
Еркеледім, есірдім,
Ессіз, көзсіз көсілдім.
Еңіреп кетті есіл күн,
Бәрін де соның кешірдің,
Рахмет саған, туған ел!»
деп жырлаған Нәкең көзі тірі болғанда 1 сәуір күні 72 жасқа толар еді. Ақынның 70 жылдығы ойдағыдай деңгейде аталып өтілген жоқ... Салаға жауаптыларды қайдам, бір анығы Нәкеңді елі ұмытпайтыны анық. Өйткені «Ерке ақын» деген атты қойған да елі еді ғой...
Жамбыл облысы