Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Вашингтонға жұмыс сапары шеңберінде жетекші халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Қазақстан елшілігінің алаңындағы сындарлы диалог аясында спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық пен азаптаудың алдын алу, сөз бостандығы құқығы және саяси партияларды тіркеу мәселесін көтерді.
Жаһандық жиынға Freedom Now, Amnesty International, Solidarity Center, International Republican Institute, World Justice Project, National Democratic Institute және өз қызметін Қазақстанда жүзеге асыратын басқа да бірқатар үкіметтік емес ұйым қатысты. Тараптар ұлттық институттарды одан әрі дамытуға және олардың әлеуетін нығайтуға бағытталған халықаралық және өңірлік құқық қорғаушының өзекті мәселелерді шешу бойынша өзара іс-қимыл жолдарын талқылады. Уәкіл үкіметтік емес сектор өкілдерін елде жүргізіліп жатқан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Конституциялық сот туралы заңдарда қабылданған конституциялық реформа туралы хабардар етті. Бұған қоса омбудсменнің рөлі, оның мәртебесі, тәуелсіздігі мен оған қол сұғылмаушылық кепілдігінің күшейтілгенін атап өтті.
Артур Ластаев Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аумақтық өкілдерінің тармақталған желісі жұмысының басталғанын айтты. Құрамына құқық қорғаушы ұйымдардың, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың басшылары кіретін уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің қызметін атап өтті. Кездесуді басқосудың құқық қорғаушы қызметтің тиімділігін барынша арттыру үшін маңыздылығымен қорытындылады.
Сондай-ақ бұған дейін Анкарада «ХХІ ғасырдағы адам құқықтарының болашағы» атты алаңда әлемнің 30 елінің спикерлері басқосқан еді. Халықаралық конференцияға Әзербайжан, Италия, Қатар, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Өзбекстан, Украина, Оңтүстік Африка Республикасы және Шығыс Еуропа, Оңтүстік Азия мен Батыс Африканың өзге де мемлекеттері қатысты. Оларды Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және түрік бас омбудсмені Шериф Малкоч қарсы алды.
Конференция аясында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Түркия, Ресей Федерациясы және басқа да бірқатар елдің омбудсмендерімен екіжақты келіссөздер мен консультативтік кездесулер өткізді. Онда құқық қорғаушы құндылықтарын ілгерілету саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Панельдік отырыста Артур Ластаев елдегі өзгерістерден бөлек, қоғамнан уақытша оқшауланған жерлерде адам құқықтарын бұзудың алдын алу бойынша қабылданып жатқан жоғары технологиялық шешімдермен таныстырды.
– Жабық мекемелерді үздіксіз бейнебақылау жүйесімен толықтай қамту, мекеме әкімшілігінің бақылауынан тыс қадағалау органдарына өтініштер беру үшін электрондық терминалдарды енгізу, онлайн сот отырыстары, адвокаттармен, Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен және туыстарымен онлайн кездесулер, қашықтан пробациялық бақылау құралдары енгізілмекші. Сонымен қатар цифрландыру аясында бас бостандығынан айыру орындарында электрондық үкіметтің қызметтері кезең-кезеңімен іске қосылады, – деді ол.
Интерактивті диалогте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жан-жақты форматтағы құқық қорғаушының қызметі жайлы пікір алмасуға және озық тәжірибемен бөлісуге ашықтығын білдірді.
Айта кетейік, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтастық бағдарламасына түзетулер енгізді. Ол үшін БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматовпен жүздесті. Тараптар конституциялық реформа контексіндегі адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманың соңғы өзгерістерін ескере отырып ынтымақтастық бағдарламасын түзету және БҰҰ ДБ мен ел Үкіметінің гранттары шеңберіндегі одан әрі бірлескен жобалардың басымдықтарын сөз етті. Өз кезегінде С.Ходжиматов ұлттық құқық қорғаушы институттың бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.