Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді», дей келіп, бұл тауар тапшылығын арттырып, елді импортқа тәуелді ететінін айтқан еді. «Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді», деді. Алайда Президент тек монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болатынын ескертті. Мемлекет басшысы айтқандай, бақылау жасау – орынсыз қысым көрсету деген сөз емес.
Табысқа құнығып алған монополистер инфрақұрылымдық инженерлік жүйелерге инвестиция салуды үнемі кейінге қалдырып келеді. Инфрақұрылымдарды жаңартпағандықтан еліміздегі электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткені де Жолдауда айтылды. Осы мәселені біртіндеп шешіп, желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайтуды Президент Жолдауда тапсырған болатын. Сонымен қатар оның жолы «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу екенін де атап көрсеткен. Мемлекет басшысы жаңа тарифтер инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін берілуі керектігін және меншік иелері инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс екенін де айтқаны есімізде.
Жуырда біз Президент тапсырмасының орындалу барысын білмек болып Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысовтың баяндамасын тыңдадық.
«Президенттің тапсырмасын орындау бағытында бізде бірқатар шара өткізілуде. Соның ішінде Табиғи монополиялар туралы қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныстарымызды әзірледік», деді Дамир Тоқтамысов.
Ұзақ жылдар бойы Петропавлдағы табиғи монополистер де инфрақұрылымдарға ақша құйып, жөндеу, жаңалау жұмыстарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені анық. Оларды тек табыс қана қызықтырғаны сөзсіз. Сондықтан да инфрақұрылымдар қазіргі таңда облыста 60-70 пайыздық тозу деңгейіне жеткен. Президенттің тапсырмасы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті монополистермен тарифтерді көтеру арқылы түсетін жаңа табыстың біраз бөлігін апатты жағдайға жетіп тұрған инфрақұрылымдарға инвестиция ретінде құйып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге саятын еді. Жаңа тариф саясатының «Тарифті инвестицияға айырбастау» аталу себебі де сондықтан. Алайда Д.Тоқтамысовтың сөздері бұл бағытта бізге нақты жауап бола алмады.
Оның айтуына қарағанда, осы жылдың басына дейін облыс бойынша коммуналдық қызметтердің тарифтері өскен жоқ. Бірақ алдағы уақытта инфляция деңгейіне сәйкес тарифтердің өсуі айқын. Өкінішке қарай, тарифтердің өсуімен түскен табыстың қанша бөлігі инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеуге жұмсалатынын, бұл мәселе жөнінде монополистермен қандай келісім бар екенін айтпады.
Нақты айтатын болсақ, 2022 жылдың қорытындысына қарағанда Петропавл қаласындағы коммуналдық жүйенің тозуы 65,4 пайызға жеткен. Соның ішінде жылумен жабдықтау жүйелері 72,2 пайызға, су құрылымдары 58 пайызға, электр желілері 81,7 пайызға дейін тозған. Бұлардың негізгі бөлігі жекеменшіктің қолында. Петропавлдағы инженерлік инфрақұрылымдардың тозғаны, апаттық жағдайдың болу мүмкіндігі олардың иелерін аса алаңдатпайды, бұған бола бас қатырмасы да анық. «Тарифті инвестицияға айырбастау» туралы жаңа саясатпен оларды инфрақұрылымдарды жөндеуге қызықтыра аламыз ба, жоқ па? Мәселе – сонда.
Осындай негізгі мәселеге терең бойламай, басқа дүниелерді айтқан Дамир Тоқтамысов бізге заңнамаға енгізілетін өзгерістер арқылы бұл мәселелер қарастырылатынын дәлелдеуге тырысты. Соның ішінде ол бұрын тарифтерді ұлғайтуға стратегиялық тауарлар бағасының өсуі, көрсетілетін қызметтер санының артуы, салықтар және басқа да міндетті бюджет төлемдерінің көбеюі негіз болса, енді соларға орташа номиналдық еңбекақының өсуі, басқа мүліктерді сенімді басқаруға алуы сияқты негіздемелер де қосылатыны айтылды. Сөйтіп, өзгертулер бірінші кезекте тұтынушылардың емес, монополистердің мүддесін қорғайтын сияқты. Д.Тоқтамысов соны айтып отыр. Сонымен бірге ол коммуналдық қызмет секторына инвестиция тартымдылығын арттыру үшін қаржыландырудың бюджеттік кредиттеу немесе субсидиялау, халықаралық займдар тарту сияқты жаңа тетіктерін қолданамыз дейді. Ал Президенттің «меншік иелері инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс» деген тапсырмасын ұмытып кеткен сияқты.
Қалай десек те, білікті басшылық қана табиғи монополистермен ортақ тіл тауып, ортақ проблеманы жоя алатыны белгілі. Халықтың, елдің, мемлекеттің мүддесін терең түсіне алмайтын үстірт шешімдермен мәселе шешілмесі анық.
ПЕТРОПАВЛ