Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату тоқтатылады. Бұған қоса заңнамаға «заңсыз баю» ұғымы енгізілмек. Құжатқа сай жауапты өкілдерде шенеуніктердің нақты табысынан асып түсетін кірістерді тергеу мүмкіндігі бар. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдірудің басты жаңалығының бірі.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов пен кеңес мүшесі Дидар Смағұлов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке қатысты осы және өзге де заңнамалық өзгерістер туралы баяндады.
Қоғам өкілдерінің айтуынша, негізсіз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу – заңнаманы жетілдірудің басты өзгерісі. Бұл ретте олар қылмыстық жауапкершілік енгізуге дейін осы норманы күшейтуге тырыспақ. Дидар Смағұловтың мәлімдеуінше, заңға негізсіз байығаны үшін фискалдық және мансаптық санкцияларды қолдану енгізілді. Қазір шенеунікте 10 мың АЕК-тен артық сәйкессіздік болса, яғни табысы мен пайдаланатын мүлкі сәйкес болмаса, оның мүлкі бюджетке тәркіленеді және ол мемлекеттік қызметтен босатылады. Алайда Қоғамдық кеңес мүшелері бұл санкцияларды алдағы уақытта әлі де күшейту керек деп санайды.
2020 жылдың 20 желтоқсанынан бастап сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жаза күшейтілген. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр жемқорлық фактісі бойынша қылмыс жасағандар 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын толық өтеуі керек. Сондай-ақ пара алумен байланысты қылмыс бойынша кінәлі адам жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеуге мүмкіндігі болған еді. Заңнамалық түзетулер пакеті бұл мүмкіндікті жоққа шығарыпты.
Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов қоғамдық кеңес мүшелері заңнамаларға сыбайлас жемқорлықтың таралуына жол бермейтін нормаларды енгізу бағытында жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол қоғамдық кеңестің жұмысына тоқталды.
– Барлық қоғамдық кеңес өз жұмысы туралы халық алдында есеп береді. Өткен республикалық форумда қоғам өкілдері жиналып, Үкіметке осындай талап-тілектерін айтты. Бүгінде 232 қоғамдық кеңес бар. Енді олар халық алдында есеп беріп, ұсыныстарын тыңдайтын болады. Осылайша, жұртшылық қоғамдық кеңестің қай бағытта жұмыс істеп жатқанын біледі. Өйткені оларға тағылар сын көп. Шын мәнінде, қоғамдық кеңестер пайдалы болуы керек, – деді М.Бәшімов.
Қоғамдық кеңес төрағасының сөзінше, соңғы 25 жыл ішінде сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық және азаматтық жауапкершілік туралы Еуропа кеңесінің конвенцияларын қабылдауды үнемі талап етіп келген. Бұл бастама енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы тарапынан қолдау тауып, конвенциялар Қазақстан заңнамасында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жалпы, Қазақстан заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты дамыған елдердің заңнамасына сәйкес келетін барлығы 30-ға жуық ұстаным бар көрінеді. Мәселен, бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы мен оны жоспарлаудағы азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы. Өйткені мемлекеттен тәуелсіз болатын қоғамдық ұйымдар объективті, әділ, бейтарап баға беруші мен бақылаушы бола алады.
Қоғамдық бақылаудың нәтижесінде, ArtSport жобасын жүзеге асыру барысында қаржы жымқыру жағдайлары анықталыпты. Мұны баспасөз алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дидар Смағұлов хабарлады.
– Мәселен, Шымкентте бағдарламаның 8 орындаушысынан 56 млн теңгеге заң бұзушылық анықталды. Олардың ішінде 30,7 млн – процессуалдық бұзушылық, ал 25,4 млн теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Біз бұл мәселені 2022 жылдың наурыз айында анықтап, нақты фактілер бойынша жымқыруды бірінші болып көрсеттік. Қоғамдық мониторинг қорытындысы басқа өңірлердегі түрлі құзырлы органына жолданып, қомақты қаржы жымқыру жағдайлары туралы хабарланды, – деді спикер.
Бұл ретте ол азаматтардың сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысуы миллиардтаған қаржыны жымқыру мен бақылаусыз қалуын тоқтатып қана қоймай, сонымен қатар лауазымды тұлғалар тарапынан заң бұзушылықтың алдын алуға, түрлі жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге көмектескенін жеткізді.
Былтыр Қоғамдық кеңес үкіметтік емес ұйымдардан 2 500-ге жуық азаматқа тегін заң көмегін көрсеткен. 5 мыңнан астам өтініш келген. Олардың көпшілігі объектілерді салу және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа деген күдікпен байланысты.
– Былтыр 20 млрд теңгеден астам сомаға мыңнан астам тәуекелді сатып алуды анықтадық. Шенеуніктер сатып алуды жоғары бағамен жүзеге асыруға тырысқан жағдай жиі кездеседі. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылы мемлекеттік сатып алулар бойынша 29 млрд теңгеден астам қаражат үнемдей алса, олардың ішінде 2,1 млрд теңгеден астамы біздің күшімізбен анықталды. Яғни өткен жылдың қорытындысы бойынша 183 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі Д.Смағұлов.
Оның айтуынша, әртүрлі лауазымдағы басшыларға қатысты 122 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 517 хаттама жасалыпты. Олар бюджетке өз еркімен төленген. Былтыр 42 қылмыстық іс тіркеліпті. Осылайша, заңсыз жолмен төленген 250 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылған.
Брифинг барысында Марат Бәшімов Қоғамдық кеңес 2021 жылдың қыркүйегінде құрылғанын, оның құрамына агенттіктің үш қызметкері мен үкіметтік емес сектордың 12 өкілі кіргенін еске салды. Қызмет бағыттары бойынша үш комиссия құрылған: сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру жөніндегі комиссия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жетілдіру және бюджеттік бағдарламаларды бақылау жөніндегі комиссия, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі комиссия.
Өткен жылы Қоғамдық кеңестің төрт күндізгі және 14 сырттай отырысы өткізілген. Онда агенттіктің заңнамалық бастамалары, оның ішінде төрағаның 17 өкімі мен Үкімет қаулыларының жобалары, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру, көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері, азаматтардың заңсыз әрекеттері туралы арыздары бойынша қылмыстық істерді тергеу барысы және басқа да мәселелер талқыланды.