• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Қаңтар, 2023

Тұмаудан сақ болыңыз!

218 рет
көрсетілді

Жетісуда қазіргі эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирусты инфекцияның 26 774 жағдайы тіркелген. Былтырмен салыстырғанда сырқаттанушылық – 24 пайызға жоғары. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 60 пайызды құрап отыр. Мұны Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев айтты.

Жалпы, облыста тұрғындарды тұ­мауға қарсы вакцинамен иммундау жұ­мыстары өз мәресіне жетті. Жер­гі­лікті бюджет есебінен 92 913 адамды вакциналау жоспарланып, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың 24,8 пайызы, ересектердің 75,1 па­йызы қамтылған. Осылайша, өңір халқының 13,7 пайызы иммундаудан өтті. Десе де өңірде зертханалық рас­талған тұмау жұқпасының 331 жағ­да­йы, былтырғы эпидемиялық кезеңдегі тұмаудың 20 жағдайы тіркеліп отыр.«Тұмауға қарсы ақысыз иммундаумен ұйымдасқан жабық мекемелердің контингенті жиі ауыратын иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар ересек адамдар медициналық қыз­меткерлер мен екінші, үшінші три­местр­дегі жүкті әйелдер қамтылды», дейді А.Сәкенұлы.

Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы арнайы иммундаудан басқа тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жоғарылау кезеңінде алдын алу шараларын да естен шығармаған абзал. Қазіргі уақытта сырқатты жедел және жоспарлы түрде алдын алу үшін дәрілік заттардың түрлері кеңінен таралған. Сондықтан дәрігерлермен кеңесіп, ауырмаудың амалын іздеген дұрыс.

Тұмаудың алдын алудың ең қолайлы, қолжетімді түрі – тыныс алу жолдарын қорғау үшін қолданылатын маска. Осы кезеңде жіті респираторлық вирустық жұқпаның және тұмаудың алдын алу үшін мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан жерлерге бармау қажет. Әсіресе балалар үшін жұқпа көзі мүмкін болатын қарым-қатынасты шектеген абзал.

Жалпы, өңірдегі КВИ бойынша эпидемиялық ахуал тұрақты. 2022 жыл­дың 8 маусымынан бері 2 731 жағ­дай тіркелген. Эпидемиялық жағ­дайды ба­ға­лау матрицасында облыс – «жасыл аймақта».

«Тұмаудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы мол. Қолды сабынмен жиі жуу қажет. Түш­кірген және жөтелген кезде ауыз­ды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек. Барлық мүмкіндікті мүлт жібермей уақытында емханаға қа­ра­лып, жұқпалы аурулардың алдын алғаныңыз жөн. Емделгеннен гөрі алдын алу анағұрлым жеңілірек екенін ес­тен шығармаңыз!», деп ескертті А.Сәкенұлы.

 

Жетісу облысы