«Ата жауыммен аспанда жүріп айқассам» деген арманын тас-талқан етіп, тұла бойында тұнып тұрған талантын театрға барып ашсын дегендей, әу бастан әртіс жасауға тағдырдың өзі бейімдеп алған ба дерсің. Алматының жота тұсын жоғары өрлей жатқан «Горный гигант» аталып кеткен Қамыссай ауылында өмірге келіп, №12 мектепті бітірген жылы соғыс басталады. Аэроклубта дайындық курсынан өтіп, Ташкент ұшқыштар училищесіне оқуға түсіп, әскерге дайындығын бастайды.
Майдан даласына аттанар алдында негізгі кәсібінен емтихан тапсырып жатқанда ол тізгіндеген тікұшақ өртеніп кетеді. Жалынға оранған ұшақтан жерге парашютпен секіріп, әупіріммен жаны аман қалады. Денесінің әжептәуір бөлігін күйік шалған жаралы Атагелді тағдырдың мұндай бетбұрысын күтпеген күйі кәсібін әрі қарай жалғастыра алмай, Алматыға оралуға мәжбүр болады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта, ат шаптырып, көкпар беретін уақыт емес, баласының аман-есен келгеніне қуанған ата-анасы ақсарбас атап, ауылдастарын, әртістерді шақырып, шағындап шүкір той жасайды. Қонақтардың арасында М.Әуезов театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жағда Өгізбаев та болады. Әзіл мен ән десе, арқаланып шыға келетін әкесі Ысмайыл думанды қыздыра түскісі келіп, баласына «сырнайыңды тарт» деп иек қағады. Оныншыны бітіргенше он сырнайды сындырып, құйқылжыған аспаптың құлағында ойнап үйренген ұлы тартынып қалмай, сызылған сарынға көпті ұйытып, төгілдіре түседі. Сүйікті аспабын қолына алғанда бейне бұл дүниені ұмытып кеткендей құлаштай тартып, құлағын түріп тамсана түскен көпті Аташ енді ән салып таңғалдырады. Жас жігіттің өнеріне сүйсінген Өгізбаев Ысмайылға жата жабысады. «Біздің театр Шығыс Қазақстан облысына гастрольге кетіп бара жатыр, дәл сенің балаңдай сырнайшы әртіс көптен бері керек болып жүр еді, балаңды бізге бер». Әртістің өнерін сырттай қызықтап, іштартқанымен, өз баласына келгенде, осқырына қарайтын мінезбен алғашында көнгісі келмеген әкесі ақыры келісімін береді. Ертеңінде Аташ М.Әуезов театрының әртістерімен бірге сырнайлатып ән салып, соғыстан еңсесі түскен елдің рухын көтеру үшін театр бригадасымен бірге шығысты бетке алып, шулы пойыздың үстінде кетіп бара жатады.
Ол кезеңде сахнада қойылым аяқталған соң соңынан көркемөнерпаздар концерт қоятын дәстүр бар-тын. Ән салып, күй тартатын өнерпаздардың танымалдығы театр әртісінен кем соқпайтын. Шәкен Айманов сырнайда шебер ойнайтын жігіттің көпқырлы талантын сол сапарда-ақ байқайды. Жағда да жас Атагелдіні драма әртісі болуға үгіттей бастайды. Әуезов театрының әртістерімен бірге төрт ай бойы сырнай тартып сапар шегіп оралған Атагелді бұл уақытта әскери комиссариаттан шақырту күтіп жүрген еді. Алайда әскери комиссариат жарақатына байланысты тікұшақпен ұшуға жарамайды деген шешім шығарып, Аташты жаяу әскер қатарына жіберуді ұйғарады. Майданға аттанар алдында аз күн болса да, қимас жандарға айналған театр әртістерімен қоштасып шықпақ ниетпен ол театрға келеді. Жаз бойы Атагелдінің өнерін көріп, тәнті болған театр директоры Орынбек Беков қарсы алдынан кезіге кетіп, оның қолына М.Әуезов театрының актері болып жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрықты ұстата салады. Ал күн ілгері Қалибек Қуанышбаев бастаған бір топ әртіс Орталық Комитетке барып театрдың Атагелді Ысмайыловтай талантты әртіске зәру екенін айтып, әскерден босатуды өтініп, кіріп шыққан беті екен. Орталық Комитет әртістердің өтінішін қанағаттандырады.
М.Әуезов театрының актері болып қабылданып, шағын рөлмен сахнаға шыққан алғашқы күндері-ақ арнаулы кәсіби білім алу керегін түсінген Атагелді театр училищесіне түседі. Өнер училищесін ойдағыдай аяқтаған ол М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасына Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов сияқты кәсіби мамандармен жұмыс істей жүріп, өзінің шеберлігін шыңдайды. Белгілі актер, марқұм Қасым Жәкібаев естелігінде талантты жас актердің өнерін Шәкен Аймановтың өзге замандастарынан биік бағалағанын айтады. Сондықтан болар, Айманов өз режиссерлігімен сахналаған жас Абай туралы спектакліндегі бас кейіпкердің бейнесін А.Ысмайыловқа сеніп тапсырады. Ұлы ақынның образын сомдаудағы асқан шеберлігіне сүйінген Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының басшылығы оны өз сахнасында ойнауға шақырып, әртістер құрамына қабылдайды.
Қазақ сахна өнерінде жаңадан құрылған театрдың өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосты. Өмірінің соңына дейінгі жемісті еңбек жылдарында актер қазақ және шетел классикасы мен заманауи драматургия бойынша қойылған спектакльдерде жүзге тарта кейіпкерді кескіндеді. М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» пьесасында – Алтынсарин, Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани» – Ғани, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» – Қаратай, М.Әуезовтің «Алуа» – Доғал, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» – Балта, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайды» – Шыңғыс хан, Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты» – Сталин, А.Островскийдің «Адам аласы ішінде» – Крутицкий, Ә.Тәжібаевтың «Сағынамын күн сайын» – Қаныш, И.Савин мен Ж.Тәшеновтің «Қаладан келген қылжақбас» – Байсал, Е.Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» – Шал, С.Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» – Әділ, С.Балғабаевтың «Қазақша күрес» – Ғажайып, Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» – Ысмайыл, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Балуан Шолақ», «Ботагөз», «Алғашқы мұғалім» атты тағы басқа қойылымдарда табысты еңбек етіп, өзі кейіптеген образдарға жан бітіріп, тума талантын халыққа арнады. Комедиялық, трагедиялық образдарда бірдей ойнайтын, рөлдерін үлкен-кіші деп бөліп-жармайтын хас талант барлық қырынан жарқырай көрінді. Сахна сайыпқыраны Атагелді Ысмайылов драма өнерінде шашасына шаң жұқпас шын жүйрік екенін осы тектес сүйекті кейіпкерлерімен бір дәлелдесе, оның қайталанбас қолтаңбасы қалған өнердің үлкен бір саласы дубляж болды.
«Дубляж дүлдүлі» атанған дарабоз актер мыңнан астам фильмнің қазақша дыбысталуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Тамаша өнерімен талай буынның көңілінен орын алған сахна саңлағы тереңнен тебіреніп шығатын үнімен дубляж өнерінің көшбасынан көрінді. Сол кезеңдегі көрермен көгілдір экранда жүріп жататын кеңестік елдердің фильмін өз ана тілінің бар бояуымен әрлеп, төл туындыдай құлпыртып жіберетін Атагелді Ысмайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Фарида Шәріпова, Рая Мұхамедияровалардың жағымды үнін жұмулы көзбен-ақ ажыратып алатын. Қысқа мерзімде «Қазақфильм» дубляжының деңгейін адам сенбейтін биікке көтерген таланттардың дауысы қазақ көрерменінің жадында мәңгілік сақталып қалды. Актердің ең алғаш дубляждаған фильмі – «Жас гвардия» фильміндегі Кошевойдың рөлі болған. «Мосфильм», «Ленфильм», басқа да республикалар киностудияларының қазақ тіліне аударылған соғыс туралы фильмдеріндегі Сталин рөлінің дыбысталуы тек А.Ысмайыловқа тиесілі. Дубляждың мақсаты – қай ұлттың кейіпкері екеніне қарамастан, оқиға кезіндегі көңіл күйді дәл беру. Дыбыстайтын әртіс фильмде ойнап жүрген актерлерден артық жасамаса, кем соқпауы керек. Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Әнуар Молдабеков Төлегеннің рөлін дыбыстауына байланысты ол ойнаған Шегенің дауысы Атагелді ағамыздың үнімен таспаға түскен. А.Ысмайылов 1970 жылы 1000-фильмді дубляждағаны үшін Орталық Комитеттің Алғыс хатымен марапатталады. Әлі күнге дейін кино көрермендерінің құлағында тұратын актердің дубляждағы өнері содан кейінгі жиырма жылда да жүйе-жүлгесін бұзбаған күйі жалғасын тапқанын қарапайым есепке салып қисындасақ, бұл санның әлдеқайда еселене түсетінін пайымдауға болады.
Атагелді Ысмайыловтың әдебиеттің соқталы жанрларымен де әуестеніп, өлең, бірнеше пьеса жазып, драматургияға да үлес қосқанын, тіпті режиссурамен де айналысып, спектакль қойғанын бүгінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Дубляж өнері дегенде дес бермей, дара көрінуінің бір сыры сөз өнерін, қара өлеңді айырықша құрметтегенінен болар. Қаламгер әдеби-тілдік танымын кеңейте түсу үшін Алматы педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдайды. Ол бос уақытында қолына қалам алып, жанын тербеген сәттерді жырға қосқан. «Суға салса, батпаймын – суда өскенмін, отқа салса, жанбаймын – өрт кешкенмін. Ұлы адамның рухына суарылған, тасқа салса таймайтын наркескенмін» деп өлеңмен өзіне серт береді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино өнерінің маңмаңгері Атагелді Ысмайыловтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бұл күні Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, кино және театр өнері өкілдерінің қатысуымен Панфилов пен М.Мақатаев көшелері қиылысындағы актер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Театрда – тарлан, кинода – майталман, телевизияда – дара, радиода – саңлақ, дубляжда – король атанған Аташ ағамыз туралы ақтарылған сырлы сөз, салмақты естеліктер легі талайға дейін толассыз ағытылды. Атагелді ағамыз өмірден көшіп, ұлттық өнеріміздің бір бүйірі ойсырап қалғандай, алайда ұрпақтары атқарып жатқан ізгілікті іс көрнекті актердің орнын ешқашан көмескі тартқызбайды.
АЛМАТЫ