Түпқараған ауданының Сайын ауылында су да, жарық та, қоқыс пен ит те, әйтеуір ауадан басқаның бәрі дау. Бұл тұрғындардың даукестігінен емес, күні бүгінге дейін көшіп келушісі көп ауылда мәселелердің шамадан тыс қордалануында деп келдік. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы даудың ләмі бөлек.
Бұған дейін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нан бағасы 418 теңгеден тәулігіне 1 500- 2 000 текше метр су алып отырған ауыл кейінгі кездері берілетін су көлемінің азаюы және су бағасының күрт көтерілуіне тап болды және су бағасы өңірдегі өзге ауыл, қалалармен салыстырғанда өрескел қымбат. Белгіленген норма бойынша бір адамға бір күнге 140 литр су тиісті болса да, аталған ауданның «Коммуналдық қызмет» мекемесі суды адам басына 120 литрге дейін төмендеткен. Берілетін су көлемі мен белгіленген норма азайғанмен, баға өсті. Осы және өзге де түсініксіз жайттар тұрғындар мен әкімдік арасында шешімі жоқ дауға ұласты.
2022 жылы шілде айында аудандық әкімдік Сайын, Ақшұқыр ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін «Каспий су тұшыту» зауытымен келісімге отырғанын айтқан. Ал тамыз айында «Ақбұлақ» бағдарламасымен мемлекеттен субсидияланған су бағасы 30 теңгеден 70 теңгеге қымбаттаған. Аталған екі ауылдың тұрғындарымен 2022 жылдың 18 желтоқсанындағы кездесуде «Каспий су тұшыту» зауытының өкілдері тәулігіне 20 мың текше метр су дайындайтын кәсіпорынның тәулігіне 15 мың текше метр суды Мұнайлы ауданына, 3-3,500 текше метр суды Қарақия ауданына, 6 мың текше метр суды Сайын, Ақшұқыр ауылдарына бөлетінін айтқан.
Мұнайлы мен Қарақия аудандарына бөлінетін су көлемі-ақ «Каспий су тұшыту» зауытының тәуліктік өнімін тұтынып тұрған жоқ па? Сонда құзырлы орындар аталған зауыттан Сайын, Ақшұқырға деп «бөлінетін көлемі 6 мың текше метр суды» қайдан алып отыр немесе ол су қайда кетіп жатыр?
– Екіжақты кездесуде су тасымалдаушы «ҚазСуШар» мекемесі өкілі Сайын, Ақшұқыр ауылдарына су тасымалдайтын құбырдан жол бойы 33 мекеме су алатынын және оларға су берілмесе прокурорлар айқай шығаратынын айтты. Суды тасымалдаушы «ҚазСуШар» мекемесінің өздігінен тарифтік баға қойып, су сатуға құқы жоқ. Сондықтан біз Сайын, Ақшұқыр тұрғындарына бөлінген суды өзгелерге, яғни кәсіпкерлерге сатып, орта жолдан пайда көріп отырғандар бар деп ойлаймыз. Біз 6 мың текше метр суды алып көрген жоқпыз. Ақшұқыр, Сайынға айына 45 мың текше метр су келеді, белгілі болғандай соның 18-20 мың текше метрі шығынға шығып тұрады екен. Біз есептегіш құралсыз «Коммуналдық қызмет» мекемесінің маңайдағы ірі кәсіпкерлік нысандарға су жіберіп отырғанын анықтадық. Сол шындығында екі ортада «жоғалған» сулардың шығынын «Коммуналдық қызмет» Үкіметтен бөлінген субсидиямен және әр үйдегі есептегіш құралды құрғақ ауамен толассыз айналдыру арқылы ауыл тұрғындарының есебінен өндіріп келеді. Бұл – жиналыста мамандардың айтқан уәжі, – дейді Сайын ауылының тұрғыны С.Қанатқызы.
Ауыл тұрғындарының су мен су бағасына қатысты мәселе көтеріп, талай есікті тоздырғанына көп болды. Даулы жиналыстар мен тұрғындар үшін күдік-күмәнге толы, біріне-бірі кереғар жауаптар қазірдің өзінде бірнеше папкаға жүк. Екі тарап арасында орын алған оқиғаға орай Түпқараған ауданының әкімі Р.Елтизаровқа хабарласқан едік.
– Бұл жерде адам түсінбейтін немесе көңілге күдік ұялататын ешнәрсе жоқ. Кәсіпорынның ауызсуды тасымалдауға тарифі 2009 жылдан бері 418,36 теңге (ҚҚС-мен) болған еді. Осы уақыт аралығында ауызсу өндіруші мекемелердің, электр энергиясын өндіруші мекемелердің тарифі екі есеге қымбаттады. Сонымен қатар қажетті материалдар, жанар-жағармайлар бағасы да өскені белгілі. Салдарынан кәсіпорынның су өндіруші мекемелерге қордаланған қарыздары пайда болды, нақтырақ айтсақ, кәсіпорын 2019 жылдан бері қарай 70-80 млн теңгеге жуық қарыздарды жинақтаған. 2022 жылы қазан айында Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің №83-НҚ бұйрығымен 2022 жылдың 1 қарашасынан 2023 жылдың 31 қазанына дейін 1 текше метр ауызсудың тарифі 591,23 теңге ҚҚС-сыз (ҚҚС-мен 662,18 теңге) болып бекітілген болатын. Ал осыған дейін тариф 1 текше метр су бағасы 418,36 теңге (ҚҚС-мен) болды. Бұл тариф бірнеше жылдан бері өзгеріссіз келеді және кәсіпорынның шаруашылық, қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуде. Бұл тариф «МАЭК ҚазАтомөнеркәсіп» ЖШС-не – 132,22 теңге, «Каспий жылу, су арнасы» МКК-на – 94,83 теңге, «ҚазСуШар» ЖШС-не – 81,95 теңге, кәсіпорынның тасымал қызметіне 109,37 теңге болып бөлінген, дейді әкім.
Бұдан 22 жыл бұрын сумен қамтамасыз ететін желілерді күтіп ұстау, тұрғындарға ауызсуды автокөлікпен тасымалдау, электр энергиясын тарату, өзге де қызмет түрлерін көрсету үшін құрылған «Коммуналдық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны – 80-ге жуық қызметкері бар өзін-өзі қаржыландыратын кәсіпорын. Әкім айтқандай, «қордаланған қарызға кіріп», оны халық есебінен шешпек болуына, тұрғындармен арада туындаған даудың шешімін таба алмауына қарағанда кәсіпорын тығырыққа тірелген сынды. Ауыл тұрғындары үшін маңызды мекеменің дағдарысқа түсіп, тұралауына не себеп? Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорында тек су емес, токқа да қатысты екі ауыл тұрғындарының тұтынуынан басқа қосымша шығындар көп. Ауылдар төңірегіндегі кәсіпкерлік және бірқатар мемлекеттік нысандарды су, электр энергиясымен қамтамасыз ету «Коммуналдық қызмет» мекемесінің құзырына жата ма? Ток және сумен бір-екі ауылды толыққанды қамтамасыз ете алмай отырып, бүкіл төңіректі мойнына жүктеу «көтере алмаған қосып арқалайдының» кебі ме? Қалай болғанда да халық зардап шегуге және артық ақша төлеуге міндетті емес.
Аудан әкімінің айтуынша, жазда суға сұраныс артқан кезде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» ЖШС-нан берілетін су көлемі жетпегендіктен, қосымша «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС-нен ауызсу алған. «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС-нің 1 текше метр ауызсуға тарифі 262,2 теңгені құрады. Яғни кәсіпорын тарифінің ішінде қаралмай, шығынға жұмыс істеп, кәсіпорынның мекемелер алдында қордаланған қарыздың жиналуына әкеп соқтырған. Сондықтан кәсіпорын Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне тарифті көтеру бойынша ұсыныс түсірген. Тұрғындар бұл тарифтің айына адам басына 3,6 текше метр көлеміне дейінгі мөлшерін 70 теңгемен төлейді, қалғаны мемлекет тарапынан субсидия есебінен төленіп отырады.
Тұрғындардың уәжі – МАЭК суының бағасы көтерілген жоқ, «Каспий су тұшыту зауытынан» 6 мың текше метр су Түпқараған ауданының аталған екі ауылына келмейді. Сонда судың бағасы не үшін көтеріледі және әкімдіктегілер «ауылдарға бөлінді» дейтін, тұрғындар «алмадық» дейтін 6 мың текше метр судың есебі неге шықпайды? Сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша неге тек Сайын, Ақшұқыр ауылдарының ауызсу тарифі 418 теңгеге жетіп, облыс бойынша ең қымбат шекті көрсетіп отыр?
Тұрғындар аудан әкімдігінен «Коммуналдық қызмет» мекемесінің 70-80 млн теңге қарызын мемлекеттік аудит арқылы тексертіп нақтылап-дәлелдеуін, тасымалдаушы «ҚазСуШар» мекемесінің заңсыз баға қойып, құбырдан су сатып отырғанын тексеруді жиналыста талап етіп, аудан әкімі уәде бергенмен, талап әлі күнге дейін орындалмаған. Тұрғындардың көкейіне күдік ұялататын нәрсе – субсидияға қатысты. Олар осы қоянтобық сынды ұстатпай тұрған мәселенің артында субсидияға қатысты қитұрқылық жатқан жоқ па деп күдіктенеді. Жай күдіктеніп қоймайды, олар су бағасы мен тұтыну көлемін, тәуліктік, айға және жылға шағып есептеп, оны субсидиямен бөлінетін ақша көлемімен салыстыра қарап нақты көрсеткіштермен дәлелдеп те отыр. Қос ауылдың өкілдері су мен субсидия біреулердің оңай олжасына айналып, ортада халық сорлап отырғанына сенімді. Олар тараптардың су тарифін қолдан көтеріп, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлінетін субсидияның бағасын көтеріп отыр деген күмәнді ойларын дәлелдеуге тырысып жатыр.
Бірнеше құзырлы орынға шағымданғанмен, тұрғындардың көңіл көншітерлік жауап ала алмай жүргеніне көп болған. Біріне-бірі сілтеген жауап хаттар олардың күдігін одан сайын қоюлата түсті. Дауысы мен мұң-мұқтажын тыңдайтын құлақ таппай күйінген тұрғындар: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды деген бар. Мемлекеттің заңы мен бағдарламалары халық үшін жасалмаған, үнемі және міндетті түрде билік орындарының, қолында тетігі барлардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып, жоғын жоқтап, есебін түгендеп шығады», деп шырылдауда.
Тұрғындардың уәжін тыңдағанмен, күмән-күдігіне жауап беру журналистің құзырындағы іс емес. Сондықтан тергеу-тексеру орындары. Расында. көңілге күмән тудыратын аталған мәселені назардан тыс қалдырмай тергеп-екшеп, Түпқараған ауданындағы Сайын, Ақшұқыр ауылдары тұрғындары мен аудан әкімдігінің және үшінші, төртінші су беруші, тасымалдаушы тараптардың өзара бірлескен жұмысын, орын алған дауды заңды тұрғыда сараптап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізсе дейміз.
Қазіргі таңда ауылдықтардың жанайқайы жоғарыға жетпей құмығуда, жергілікті жерде оларды тыңдауға құштар құлақ пен құлық жоқ...
Маңғыстау облысы