• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қаңтар, 2023

Жаңа электр стансасы салынады

277 рет
көрсетілді

Екібастұздың отын-энергетикалық кешені алдағы жылдары өзінің қуаттылығын арттыра түспек. 2029 жылға дейін мұнда №3 мемлекеттік аймақтық электр стансасы (МАЭС) салынады деп күтілуде. Ал қолданыстағы қос стансаның қуаттығы ұлғайтылып, Солтүстік Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде қазіргіден бір жарым есеге көп электр өндіретін мүмкіндік пайда болады. Нәтижесінде жарықты мәжбүрлі түрде сырттан сатып алу сап тыйылып, тапшылық жойылады.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан бұл ақпарат энергетика саласының мамандарын елең еткізген болар деп ойлаймыз. Себебі Қазақстанда кейінгі жылдары электр энергиясын тұ­ты­ну үсті-үстіне өскенімен, жаңадан іс­ке қосылып жатқан энергия көздерінің үлесі өте аз. Былтыр желтоқсан айында елдегі энергия тұтынудың тарихи мак­симумы тіркеліп, 1200 МВт электр қуаты жетіс­пей­тіні мәлім болды. Тапшылық Ресей­ден келетін жоспардан тыс электр қуаты есебінен жабылып отыр. Әрі бұл келең­сіздік алдағы жылдары жалғаса бере­тін түрі бар. Екібастұздың отын-энерге­ти­ка­лық кешеніндегі тың жобалар бұл мұқ­таждықтан құтқаратынына сенгіміз келеді.

Компанияның мәліметінше, алдағы жылдары екі жаңа энергия блогын орнату арқылы Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады. Компанияда сондай-ақ Екібастұз МАЭС-3 стансасының құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралары басталды.

Акционерлік қоғамның бас­қарма төрағасы Серік Түйте­баевтың айтуынша, отандық энергетика саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар – Екібастұз бен Алматының энер­гиялық кешендерінде өміршең бағыт. Бірқатар жаңа нысан қазір­дің өзінде пайдалануға беріл­ді, өзгелері бойынша жобаларды іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін аяқталады деп болжанып отыр. Samruk-energy.kz сайты ха­бар­лағандай, алдағы уақытта іске асырылатын ірі жобалар жайында компания менеджерлерінің қаты­суымен өткен алқалы жиын­да талқыланған.

Осы жыл­­дың желтоқсан айында Екібас­тұз МАЭС-1-дегі қалпына келті­ріл­ген №1 энергиялық блок іске қосылады деп күтіліп отыр. Жа­ңар­тылған кешенде жаңа электр сүзгілері орнатылады. Жаң­ғыр­ту нәтижесінде кәсіпорын­ның электр өндіру генерациясы жобалық қуатына шығады, яғни 4000 МВт-ға дейін өсе түспек.

Ал 2026 жылға дейін Екібас­тұз №2 МАЭС-ында құрылы­сы ондаған жылдар бойы тал­қы­ланып келген үшінші энер­гиялық блок қойылады деп жос­парланып отыр. Заманға сай блок іске қосылса, мұнда жаңадан 636 МВт электр энергиясы пайда болады әрі жылына қосымша 4,8 млрд кВт/сағат қуат өндіріледі. Энергетикалық нысан мұнымен тоқтап қалмай 2027 жылы дәл сондай қуаттылыққа ие №4 энер­гиялық блокты, ал 2029 және 2030 жылдары қосымша тағы екі блокты іске қосамыз деп құл­шынып отыр. Сөйтіп алдағы 7 жыл­да энергиялық блоктар саны алтауға жетеді деп көзделген.

Жоспарға сәйкес, №3 аймақ­тық электр стансасы 2029 жылға дейін пайда болады. Маман­дар­дың сөзіне сүйенсек, ол қолда бар инфрақұрылымның базасында тұрғызылады. Құрылыс барысында қоршаған ортаға түсетін қалдықтарды барынша азайтатын заманға сай технологиялар қолданылады деп күтілуде. Бұл стансаның қуат­тылығы шамамен 1200 МВт-ты бағындырады. Яғни елімізде қазіргі күні жетіспейтін жарық көзін бір ғана станса толық өтеу­ге қауқарлы.

KEGOC компаниясының де­рек­теріне сүйенсек, Қазақстан бойынша Біртұтас электр энер­г­етикалық жүйе (БЭЖ) не­гіз­гі үш аймақтан тұрады. Электр стансалардың, электр жет­кізу желілері мен қосалқы стан­­салардың жиынтығынан тұра­тын бұл жүйеде Павлодар облысындағы аймақтық электр стансалар айрықша мәнге ие екенін атап өткен жөн. Жүйенің «Солтүстік аймағына» Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстары ене­ді. Ал «Оңтүстік аймаққа» – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркі­стан және Қызылорда об­лыс­тары, «Батыс аймаққа» Батыс Қазақстан, Атырау және Маң­ғыс­тау облыстары байлау­лы. Бұған қарап еліміздегі өнер­кәсіпті аймақтар мен ауыр өндірісі дамыған өңірлер негізінен Екібастұздағы электр стансаларының қуатына тәуелді екенін байқауға болар. Оның үстіне отандық электр қуатының 40 пайыздан астамы Ертіс-Баян жерінде өндірілетінін ескер­ген абзал. Елдегі ұлттық маңызы бар 8 электр стансасының үшеуі Пав­лодар облысында орна­лас­қан (Екібастұз МАЭС-1, Екібас­тұз МАЭС-2 және «ЕЭК» АҚ электр стансасы). Олардың белгіленген жиын­тық қуаты – 7035 МВт.

KEGOC компаниясының жүйелік қызметтер және ұлт­тық электр торабын дамыту жө­нін­­дегі басқарушы директо­ры Бекжан Мұқатовтың пікірін­ше, соңғы жылдары елімізде электр қуатының жетіспеуі үлкен мәселеге айналып отыр. Тап­шылықтың пайда болуы­ның негізгі факторлары – электр стан­­саларындағы апат­тық жағ­­дайлардың жиілеп кетуі (жаб­­дықтардың тозу көрсет­кіші шамамен 60 пайыз) және елі­міз бо­йынша энергия тұтыну дең­гейінің күрт өсуі. 2021 жылы тұты­ну көлемі 6 пайызға өскен. Бұл ал­дындағы жылдардағыдан 3 есе артық. Мысалы, 2020 жылы электр энергиясын тұтынудың өсімі 2 пайызды, 2019 жылы 1,9 пайызды құраған.

– Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2022 жылы 119,7 млрд кВт/сағ электр энер­гия­сы қажет делінді. Был­тыр энергия тапшылығын төмен­дету және халықты, отандық экономиканың нақты секторын электрмен тұрақты қамту мақсатында Қазақстанда цифр­лық майнингті жүзеге асыратын тұтынушыларға шектеулер енгізілді. Елімізде Біртұтас электр энергетикалық жүйелер бойынша қуат теңгерімін бас­қару тәуліктік кестелер негізінде ұйым­дастырылады. Бұл ретте «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес, электр энергиясы тапшы болған жағдайда ел аумағынан тыс жерлерден, яғни Ресей Федерациясының Бір­тұтас электр энергетикалық жүйе­сінен немесе Қазақстанның энергия жүйесімен қатар жұ­мыс істейтін Орталық Азия ел­­­дерінде өндірілетін электр энер­­гиясын сатып алуға болады. Негізі бай­қап отырғанымыздай, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС, «Қаз­цинк» ЖШС және сол секіл­ді ел экономикасының драй­­вері бо­лып саналатын өзге де ірі кә­сіп­орындарға елімізде тұты­нылатын электр энергиясының 32 пайызы тиесілі. Қазіргі уақытта өндірістік кәсіпорындар саны үсті-үстіне өсіп келе жатыр. Сон­дықтан бұл тапшылық ал­да­ғы уақытта ұлғая түсетіні ай­қын. Ал бұл тығырықтан жаңа энергиялық көздерді құру ар­қылы ғана шыға аламыз, – дейді Бекжан Мұқатов.

Статистикалық деректер бо­йынша, 2021 жылы Екібастұз­дағы МАЭС-1 стансасы 22,8 млрд кВт/сағат, МАЭС-2 – 6,4 млрд кВт/сағат, ал Ақсу электр стан­сасы 15,2 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіріпті. Үш энер­гетикалық кешен Біртұтас электр энергетикалық жүйе­нің Солтүстік аймағы бойын­ша бір жылда өндірілген қуат­тың 44,4 пайызын берген. Жаңа энергиялық блоктардың арқа­сында бұл көрсеткіш 2024 жыл­дан бастап өсе бастайды. Маман­дар 2030 жылға қарай Екі­бас­тұздағы энергетикалық кешендер сырттан сатып алынып отырған электр қуатының (жетіс­пейтін қуат) орнын толық­тай жабады деп болжап отыр. Қазақ­стан әзірше көмір­мен жұмыс істейтін электр стан­салары­нан бас тарта алмайтыны анық. Қазіргі күні ел аума­ғын­да мұндай 29 кәсіпорын бар. Олар бұрнағы жылы 78,9 млрд кВт/сағат қуат өндірген. Бұл – рес­публика бойынша өндірілетін жалпы электр энергиясының 70 пайызы.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы