• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

ТӨРІМІЗДЕ — ТӨРТ АЛТЫН

686 рет
көрсетілді

Астанада Бокс федерациясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен әйелдер арасында өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Мұнда Қазақстан құрамасы бір апта бойы елорданың “Дәулет” спорт кешеніндегі шаршы алаңда 16 елдің өкілдері арасында төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль иеленіп, жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Біздің елдің құрамасында бас жүлдені Жайна Шекербекова (54 кг), Саида Қасенова (64 кг), Дариға Шәкімова (75 кг) мен 81 кило салмақта күш сынасқан Ма­рина Вольнова жеңіп алса, 48 кило салмақтағы Назгүл Боран­баева жалғыз күміс жүлдені, үш қола медальді Әйгерім Асқарова (51 кг), Елена Кольцова (69 кг) және Юлдуз Маматкулова (81 кг) қанағат тұтты. Ал жалпы коман­далық есепте Қазақстан құрама­сынан кейін екінші орынды ие­ле­н­ген қытайлықтар үш алтын мен үш күміс жүлдені еншіленсе, Солтүстік Корея құрамасы екі ал­тын, төрт күміс медальді жеңіп алып, үшінші орынға, одан кейін финалда екі алтын, бір күміс жүл­де иеленген Үндістан коман­да­сы төртінші орынға табан ті­реді. Осы жерде үнділік 46 кило сал­мақта күш сынасқан төрт дүр­кін әлем чемпионы, екі баланың анасы Мери Ком есімді боксшы­ның кезекті мәрте Азия чемпи­о­ны атанғанын атап өткеніміз жөн. Бұл сында үздік боксшы ата­ғын 60 кило салмақта Азия чемпиондығын жеңіп алған тәжік қызы Мовзуна Шориева иеленді. Чемпионат соңында осылар­дың бәрін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Се­наты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Бокс федера­ция­сының президенті Тимур Құлыбаев, АІВА президенті Чинг Ву мен Олимпиада және әлем чемпиондары марапаттады. Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес Азия чемпионатының соңын­да ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Присяжнюктен Қазақстан құрамасы үшін биылғы Азия чемпионатының қалай аяқталға­нын сұрастырғанымызда, әйелдер боксын дамытумен соңғы бес жыл бойы айналысып келе жатқан бапкер былай деді: – Сегіз медаль біздің құрама үшін үлкен жетістік. Әрине, ақтық сынға бес боксшымыз ғана емес, басқа да қыздарымыздың шығуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ та бап пен бақ тағы қатар жүр­месе, бұ­ған біз не істей аламыз? Біздің қыз­дардың чемпионатқа дайын­ды­ғы жақсы болды. Фи­налда Наз­гүл Боранбаевамен қол­ғап түй­істірген Мери Ком үн­дінің төрт дүркін әлем чемпионы атан­ған боксшы. Шынын айту ке­рек, Назгүлдің оған шамасы ке­ліңкіремей қалды. Мұны жарты­лай финалда ұтылған басқа да боксшыларға қатысты айтуға бо­лады. Дегенмен, төрт алтын, бір кү­міс, үш қола жүлде елімізде ір­ге­тасы 2005 жылы қаланған әйел­­дер боксы үшін үлкен жетіс­тік дегім келеді. – Төрешілердің жұмысына қандай баға берер едіңіз? – Олардың жұмысын бас бар­мақпен бағалауға болады. Бәрі әділетті түрде өтті деп айта ала­мын. Тең болған жекпе-жектер, әрине, көп болды. Бірақ төре­ші­лер соның өзінде қиналмай, өз бағаларын беріп жатты. Мұның бәрін АІВА президенті көріп отырды. – Біздің құраманың қандай кемшіліктері, проблемалары бар? – Бір ғана проблема бар. Біз­де әйелдер боксы кеш қолға алын­ды. Қазір қарап отырсақ, кә­рістер мен қытайлықтар 8-10 жа­сынан бастап спорттың осы тү­­рімен айналысады. Ал біздің құрамада онымен шұғыл­да­нып жүргендеріне небәрі 3-4 жыл, әрі кетсе 5 жыл. Дегенмен, өсу бар. Төрт жылда төрт қы­зы­мыз Азия чемпионы болып отыр. – Қыздар боксқа қалай келіп жүр? Әке-шешелері қарсы болған жоқ па? – Әрине, бастапқыда ондай оқиғалар болып тұрған. Боксқа қыздар көбіне өз еркімен келіп жүр. Біз ешкімді қинамаймыз. Қазір құрамада кезінде күрес, кик­­­­­боксинг, қоян-қолтық күрес­пен айналысқан қыздар көп. – Бокс федерациясы тара­­пынан әйелдер спортының осы түріне қандай жағдай жасалуда? – Жақсы жағдай жасалып отыр. Біз бұрындары оқу-жаттығу жиындарына, киім-кешек, тамақ­қа, жарысқа шыққанда жатын орын алу үшін қаржы іздеп жү­ретін едік. Қазір олай емес. Ко­манданың бірінші нөмірлі бокс­шылары 2 500 АҚШ доллары, екін­ші нөмірлілері 1 500 доллар кө­лемінде айлық алады. Оның үс­тінде сыйақы да бар. Феде­ра­ция басшылығына Тимур Құлы­баев келгелі бері әйелдер боксын дамытуға қолда бар жағдайдың бәрі жасалуда. – Естуімізше сіз елімізде әй­ел­­дер боксын дамытуды алғаш­қылардың бірі болып қолға алған екенсіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз. – Иә, 2005 жылға дейін мен 2 жыл Вьетнамда жұмыс істеген болатынмын. Елге келгенде сол кездегі Туризм және спорт агент­тігінің төрағасы Дәулет Тұрлы­хановқа әйелдер боксы туралы көрген-білгенімді айтып, оны Қа­зақстанда дамытсақ қалай бо­лар еді деген болатынмын. Ол бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, біз 2005 жылы әйелдер боксынан алғашқы Қазақстан чемпионатын өткіздік. Оған 20 адам ғана қа­тыс­қан еді. Содан кейін 40 қыз­дың қатысуымен 2006 жылы кезекті чемпионат өткіздік. 2007 жылы оған – 84, 2008 жылы – 120, былтыр – 140, ал соңғы чем­пио­натқа 158 спортшы қатысты. – Алдағы жарыстарға дайын­дықтарыңыз туралы айтсаңыз. – Осы жылы екі үлкен бә­се­кеге дайындалатын боламыз. Бі­ріншісі – қыркүйек айында Бар­ба­дос­та өтетін әлем чем­пио­наты, екіншісі – қарашада Қы­тайда жа­лау­ын көтеретін жазғы Азия ой­ын­дары. Оларға коман­да­ны ірік­теу үшін 2-9 тамыз күн­де­рі Қос­­танай қаласында бас қосамыз. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.

МАРАФОНШЫЛАР ЖОРЫҒЫ

Аңырақай шайқасының 280 жылдығына арналды

Бұланты өзені бойындағы 1726 жылғы, 1729 жылғы Аңырақай дала­­сында болған шайқаста ұлт мүддесі жоғары қойылып, еліміз жеңіске жетті. Бүгінде тарихшылар Аңыра­қай шайқасы – қазақтың екінші Бо­родиносы деп орынды баға бергені оның қаншалықты тартысты болға­нын, халықтың ерік-жігерін жанып, ерлікке бастағанын дәлелдейді. Осы қарт тарихты бүгінгі ұрпақ­қа ұлағат ету мақсатында ел көле­мінде атап өтілетін биылғы Аңыра­қай шайқасының 280 жылдығына байланысты ұйымдас­тырылған іс-шара барысында Алматы қаласынан шыққан жаяу марафон­шы­лар Жам­был ауданының Ұзынағаш ауы­лына аялдап, жұртшылықпен кездесті. Марафоншылар құрамында ме­ди­цина және педагогика ғылымда­рының докторы Советхан Ғаббасов, “Желтоқ­сан ақиқатының” төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы, Алматы қа­ласы марафоншы­ла­рының төрағасы Әлім Шәріпов, Мәс­кеу қаласының тұрғы­ны, марафоншы Соня Жани­цина, әлем чемпионы, ха­лықаралық мара­фон­шы Ауқан Мұқа­танов және бас­қа­лары болды. Жиында жоңғар­лар­дың бетін біржола қайтарған, ал­ты алаштың рухын көтерген Аңы­ра­қай шайқасының мән-маңызы, хал­қымыздың жан беріп, жан алысқан сәттердегі намысын жанып, қанын қай­натқан, жауға деген өшпенділігі же­ңіске жеткізгендігі ортаға салынды. Марафоншыларды аудан жұрт­шы­лығы мен С.Бердіқұлов, Абай, Наурызбай батыр, Т.Рысқұлов атын­дағы мектеп оқушылары мен ұстаз­дары, “Жас Отан” жастар қанаты­ның мүше­лері қарсы алып, Аңыра­қай шай­қа­сының тарихы мен бүгінгі тәу­ел­сіз­дігіміздің баға жеткіліксіз құн­­дылықтары жайлы әдемі әңгіме өрбіді. Еліміз егемендікке қол жеткіз­ген­нен бергі кезеңде ұлтымыздың ұлы тұл­ғаларын ұлықтап, тарихтан орын алған айтулы оқиғаларды атап өту дәстүрі қалыптасса, Аңырақай шайқасының 280 жылдығының атап өтілетіндігі соның бір көрінісі деуге болады. Алдан су, арт жақтан жау қысқан сол заманда елінің бірлігін биік ұстаған Үйсін Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек, Алшын Әйтеке билердің есімдері бүгінде бірлік туын көтерген Абылай ханмен қатар аталады. Жиында осы жайлар да ойға оралып, бүгінгі ұрпақты елжан­дылыққа тәрбие­леудің алтын діңге­гіндей еске салынды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.