• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2014

Алтын діңгек

623 рет
көрсетілді

 Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Ақтөбе облысы бойынша жеңімпаздары

Ақтөбе қаласындағы Түсіпқалиевтер әулеті

«Ме­рейлі отбасы» ұлттық байқа­уы­ның облыстық турының Гран-При жеңімпазы атанды.

Мамандыққа адалдық

Бұл отбасын ақ желеңділер әулеті деуге әбден болады. Себебі, бір отбасындағы бес адам бірдей денсаулық сақтау саласында еңбек ететін дәрігерлер. Отағасы Балаш Түсіпқалиевтің айтуынша, ол дәрігер болуға жүрек қалауымен келген. Өзі Атырау өңірінің тумасы. Әкесі 1943 жылы қан майданға аттанып, хабарсыз кетті. Ол әке бейнесін көз алдына елестете де алмайды, тым жас болатын. Отба­­­сы­ның барлық ауыртпалығын мойнына алған ағасы оған әкесіндей қам­қор болды. Есейе келе оның дәрі­гер болуға ақыл-кеңес беруі де осы мамандықты таңдауына әсер етті. 1963 жылы Балаш Түсіпқалиев Алматы медициналық инсти­тутының педиатрия факультетіне оқуға түсті. Әрине, осылай болуы­ның өзі кездейсоқ емес-ті. Бала кезінде ағасының бүлдір­шін­дерінің біреуі әлдеқалай сырқаттанып қалса, шыр айналып жанынан шықпай күтетін. Мүмкін бала жүрекке сол кезде-ақ сәбилерді емдеп-сауықтыруға деген құштарлық сезімі қонақтаған болар. Институтты бітірген соң туған жеріне оралып, облыстық аурухананың балалар бөлімшесіне жұмысқа орналасты. Бірінші дәрігерлік кезек­ші­лігінде оның қарауына ми ісігімен ауыратын бала тапсырылғанда кәдімгідей жүрексінгені де есінде. Бала жанарының ұшқыны көз алдында сөніп бара жатыр еді, оған көмектесу де мүмкін емес болатын. Жас дәрігер осылай алғаш рет өліммен бетпе-бет келді. Ол кезде балалар дәрігерлері жеткіліксіз еді. Сондықтан балалар бөлімшесінде жұмыс істей жүріп, Балаш Түсіпқалиев санитарлық авиациямен сол кездегі Гурьев облысының алыс ауылдарына ұшып барып, балаларды талай рет ажал тырнағынан арашалап қалды. Осы кезеңде ол дәрігерлік мол тәжірибе жинады, өмірлік үлкен жолдан өтті. Оған көп уақыт өтпей-ақ балалар бөлімшесінің меңгерушілігі ұсынылды. Кейіпкеріміз 1974 жылы Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасына жұмыс істеуге шақыртылды. Мұнда ол бірінші күннен бас­тап тәжірибелік қызметін ғылым­мен тығыз байланыстырды. Меди­циналық институттың ғылы­ми кеңесінде оны педиатрия кафедра­сының ассистенті етіп бекітті. Кейін Мәскеуде медицина ғылымдарының кандидаттығын ойдағыдай қорғап шықты. Кафедра доценті, факультет деканы, жоғары оқу орны жанындағы педиатрия емханасының басшысы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры болды. Қазір Балаш Түсіпқалиев зейнеткерлік жас­та болғанымен, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан меди­ци­налық университетінің бала­лар аурулары кафедрасында ең­бек жолын жалғастыруда. Сту­дент­терге дәріс оқиды, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді, кәсіби жұмысын ғылыммен бай­ла­ныстыруға да уақыт табады. Ұлдары Асылбек пен Ақылбек те медицинаны таңдады. Бұл олар­дың өз қалауы. Алайда, Түсіп­қалиевтер отбасындағы ата-ана өнегесі, олардың өз маман­дығына деген адалдығы әсер етпеді десек ақиқаттан алыс кетер едік. Балаш ағаның құдай қосқан жары Жамал апа да денсаулық сақтау саласының қызметкері, балалар бақшасында медбике болып еңбек еткен. Сондықтан болар, үлкен ұлы Асылбектің де әке жолын қуып педиатрия факультетін тәмамдағаны. Қазір медицина ғылымдарының кандидаты, балалар хирургиясы кафедрасының доценті, сонымен бірге Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің тәрбие ісі жөнін­дегі проректоры қызметін қоса атқарады. Кіші ұлы Ақылбек – емдеу факультетінің түлегі. Қазір акушерлік және гинекология кафедрасына жетекшілік етеді. Оның ­зайыбы Сәуле де дәрігер, тағам және жасөспірімдер гигиенасы кафедрасын басқарады. – Менің сүйікті немерем Пери­зат биыл мектеп бітірді. Ол да дәрігер болуды қалап отыр. Яғни, Тү­сіпқалиевтердің дәрігерлік отбасы тағы бір ақ желеңдімен толығады, – деп күледі Балаш аға. Ақтөбе қаласы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Шалқар қаласында тұратын Жандосовтар отбасы бірінші орынды иеленді.

Жапырағын жайған бәйтерек

Үлкен отбасының басшысы Өтеген Жандосов 1933 жылы кіндігі кесілген Шалқар қаласында осы күнге дейін еш жерге қоныс аудармай тұрып жатыр. Өңірдегі өзгерістердің барлығы көнекөз қарияның жадында. Елде, әлемде болып жатқан барлық жаңалық атаулыны қалт жібермейді, құлағы түрік, көңіл көзі ашық. Мұндай елгезектік Өтеген ақсақалға бала кезінен дарыған қасиет. – Әркімге өзінің туған жері ыстық. Киелі жердің қадірін әрбір саналы азамат дұрыс ұғынғаны жөн. Құдай қосқан қосағым Сәбила екеуміз ел қатарлы еңбек еттік, он екі баланы қатарынан кем қылмай өсірдік, өмірден өз жолын табуларына барлық күш-жігерімізді аямадық, — дейді сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Өтеген Ұлмағанбетұлы. Қазір ақсақал он екі баласының бір-бір шаңырақ болып, бәрі де ел аузында жүрген азамат екеніне тәубе етеді. Ойланып отырса өмір өткелдері маңдайына қиындықты да, қызықты да қатар жазыпты. Әкесі Ұлмағанбет кезінде жазықсыз жаламен сотталып, анасы Мәрзия Өтегенді жалғыз бағып өсірді. 16 жасынан қара жұмысқа жегілген Өтеген ана үмітін ақтады. 1949 жылдан бастап Шалқар үй құрылысы дистанциясында тапжылмай 46 жыл 5 ай қызмет етті. Адалдықты алғашқы орынға қоятын азамат тындырымдылығы, іскерлігі, жауапкершілігінің арқасында құрмет пен сыйға бөленді. «Жол қатынасы министрлігінің үздік жұмысшысы», «Құрметті теміржолшы» атағы, «Құрмет Белгісі» ордені ол кісіге туған жерге төккен маңдай тері үшін берілген. Ол үшін «Шалқар қаласының Құрметті азаматы» атағы ең жоғары марапат десек те қателеспейміз. Өтеген Ұлмағанбетұлының 1990 жылы КОКП-ның соңғы съезінің делегаты болып сайлануының өзі замандастары арасында абырой-беделінің зор болғанын көрсетсе керек. Қазір 12 ұл-қызынан 33 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. Балаларының қатарынан кем болмай өсуі үшін олардың тәрбиесіне зор көңіл бөлді. – Әжеміздің де, анамыздың да тәрбиесін көрдік. Алақан жылуын аяған емес. Ал әкеміздің қаталдау болғаны рас. Қазір ойлап отырсам, сол қаталдық біздің қанатымызды қатай­­тып­ты. Тәлімі мол тәрбие­нің арқасында 12 балаға да жоғары білім әперді, 12 отау етіп шығарды, – дейді ұлы Шалғынбай Жандосов. Шалғынбай қазір Алматы қаласын­дағы республикалық Санитарлық-эпидемио­ло­гиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжіри­белік орталығын басқарады. Бұдан бөлек медицина ғылымдарының кандидаты атағы бар. Кенже ұлының қолында тұратын Өтеген ақсақал мен Сәбила әже немерелерінің де жақсы оқып, ел азаматы болуын ұл-қызда­ры­­нан талап етіп отырады. Ал олардың қуа­ны­шын көру – қариялар үшін баға жетпес сыйлық. – 2001 жылы мектепті үздік бітіріп, «Алтын медальді» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­­баев­тың өз қолынан алдым. Сонда атам «Бұл – ата-анаңа да берілген баға, сенің ел азаматы бола­рыңа деген сенім. Енді тек жақсы оқуға міндет­тісің. Елбасыдан ұят болмасын», деді. Атам­ның сенімін ақтауға тырыстым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Қазір өз мамандығым бойынша еңбек етіп жатырмын, – дейді немересі Нұржан Шалғынбайұлы. Нұржанның інісі Ержан да мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, сосын Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлттық универ­ситетін де қызыл дипломмен бітірді. Үлкен әулет басшысы Өтеген ақсақалдың өнегелі өмір жолы, елге, қоғамға істеген адал ең­бегі қай отбасыға да үлгі боларлық. Шалқар қаласы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының

облыстық іріктеу кезеңінде екінші орынға ие болған Жақыбаевтар отбасы Шұбарқұдық ауылында тұрады.

Қолөнерді қастерлеген шаңырақ

Бұл отбасы мүшелері ұлттық қолөнерді дамытып, оған қоса отбасы бизнесін де дөңгелентіп отыр. Биыл облыстық ғылыми-тәжірибелік орталықта қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаевтың шығармашылық еңбек жолы­ның 20 жыл­­дығына арналған «Халық қолөнері – асыл қазына» атты көрме ұйымдас­ты­рылды. Көрмеге шебердің және оның шәкірттерінің теріден жасаған бұйымдары мен оқушылардың сан түрлі тақы­рыпта қор­ғаған ғылыми-зерттеу жұмыстары, жи­нақ­талған баспа материалдары қойылды. Бүгінде Темір ауданындағы №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы ди­ректорының орынбасары қызметін атқаратын Нұрлан Сәулебайұлының педагогикалық еңбегі дәстүрлі қолөнерді дамыту мәселелері және «Дарын» бағдар­ламасын іске асыру бағы­тында жүзеге асырылуда. Нұрлан Жақыбаев тәуелсіз­­­дік алған алғашқы жылдарда қол­өнердің даму процесінде түрлі проблемалар туындағанын айтады. Бұл проблеманы ұтымды шеше білген шебер 2006 жылы Шұбарқұдықта «Алтынбек» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігін құрады. Серік­тестіктің негізгі бағыты – тері­ден түрлі ұлттық бұйымдарды жасау. Өндіріс шеберлері де – өздері. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, балалар шебер әкесі мен ісмер анасынан көргендерін үйреніп өсті. Мәсе­лен, үйдің тұңғышы Орынгүл сегізін­ші сыныпта оқып жүргенде-ақ, рес­публикалық «Балбұлақ» балалар журналының төрт нөміріне төрт түлік малдың терісін илеу тура­лы материал жазды. Ұлттық мәдениеттің жанашыры болғысы келетін ол кейінірек мектеп бітір­генде грантты жеңіп алып, Әл-Фа­­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетін «Мәдениеттану» маман­дығы бойынша тәмамдады. Осы­дан төрт жыл бұрын жас ізба­сар «Алтынбек» ЖШС-нің тізгінін ұстады. Серіктестікке ірі тапсырыстар мұражайлардан түседі. «Алтынбек» ЖШС-нің өндіріс шебері Нұрлан Сәулебайұлы Темір аудандық музейіне теріден саба, сауыт, торсық, белдік секіл­ді дүниелер жасап беріпті. Серік­тестік енді келін түсіру салтына байланысты жиынтық жасауды жолға қойып отыр. «Дарын» мемлекеттік бағ­­дар­ламасын іске асыруда Нұр­лан Жақыбаев 1999 жылы оқушы­лар­дың ғылыми қоғамын құрып, соның негізінде мекте­п­ішілік «Болашақ» ғылыми мектебін басқарады. Мақсат – оқушылардың қоғамдық бейімде­луін және функциялық сауатты­лығын дамыту. Бүгінде бұл мектепте дәріс алатын оқушылар ауданның әлеумет­тік-экономикалық дамуы мен өлкенің табиғатын, мәдени-тарихи ескерткіштерін зерттеуде қомақты үлес қосып жүр. Былтыр «Алтын қыран» ком­паниясы ұйымдастырған «Атамекен-стартап» бизнес-идеялар байқауында №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы 500 мың теңге көлеміндегі грантты ұтып алды. Жоба балаларды еңбекке баулу арқылы, мектептің тәжірибе алаңына бау-бақша өнімдерін өсіру әрі оған ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізуді көздейді. Бұл іске жетекшілік жасайтын да Нұрлан Жақыбаев. Шұбарқұдық кенті.

Осы байқауда үшінші орынды Мәртөк кентіндегі Сергей Полегоньконың отбасы иеленді.

Ұстаздық деген бір әлем

Жерлестері оларды «Мұға­­лімдер әулеті» деп орынды мақ­тан тұтады. 1952 жылы Ақтө­бе қа­ласында дүниеге келген Сер­гей­­дің әкесі Николай Дани­лович – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан кейін дене-шынық­тыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол Қазақ­стан Республикасының үздік ағарту­шысы. Ал анасы Феодосия Полего­нько ұзақ жылдар бойы аудан­дық орталық ауруханада медбике болып еңбек етті. Отбасын­дағы жалғыз бала мәде­ниеті мол ата-ананың өнегесін алып, Белоруссияның Витебск қаласын­дағы денешынықтыру институ­тын бітірді. Кейін Ақтөбе педагогика­лық институтын тәмам­даған. Футбол, мотоцикл спор­ты­нан спорт шеберлігіне кан­дидат­ атағы бар. Туған жері­не орал­ған ол 1976 жылдан бас­­­тап 40 жылға жуық уақыт мек­­теп­те денешынықтырудан са­бақ берді, жеті жылдай спорт мектебі директорының орынбасары да болды. Кейін мектепке қайта оралды. Ол облыстық, аудан­дық білім басқармаларының мақ­тау қағаздарына ие болып, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» атанды. Өмірлік жары Лидия Поле­гонько да ұстаз. Ол аудан балаларына скрипкада ойнауды үйретеді. Ерлі-зайыпты Полегоньколардың екі ұлы да әке жолын қуып, бүгінде ұстаздық қызметте жүр. Үлкен ұлы Павел Қазан орта мектебінде география, биология және тарих пән­дерінен сабақ береді, 6 жыл мектеп директоры қызметін де атқар­ған. Сонымен қатар, Павел музы­калық мектепті фортепиано аспа­бына оқып, үздік бітірген. Ал кі­шісі Ан­тон №1 Мәртөк орта мекте­бінде денешынықтырудан сабақ береді. Үлкен келіні Юлия – бастауыш сыныптардың мұғалімі болса, кіші келіні Любовь та химик-биолог. Полегоньколар отбасы Ки­рилл, Андрей, Виктория, Анге­лина атты 4 немере сүйіп отыр. Мәртөк кенті.

Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің

Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.