Кейбір жандар өмірге ерекше құштар болады. Ондайларды тіршіліктің ешбір сынағы жасыта алмайды. Сезімге берілгіш күйрек пенделер бос қиялмен, әрекеті жоқ әрсіз үмітпен уақытын өткізіп жатқанда, ол адамдар тіршілігіне де, құлшылығына да пайдалы істермен шұғылданып, ерекшелене біледі. Сол ерекшенің бірі – Ернар. Оны біраз уақыттан бері танитын болған соң ол туралы қалай жазарымды білмей, қай қырынан көрсетсем екен, қай қырын үлгі етсем екен деп кәдімгідей толғандым. Соңында санамдағы естеліктерді қайта бір сүзіп шығып, бәрін басынан бастайын деп ұйғардым.
Осыдан бес жыл бұрын Ернар Астанаға келді. Пенде болған соң: «Аяғының кемдігі бар екен-ау. Мынадай үлкен шаһарда қалай өмір сүрмек?» деген ойға берілгенім рас. Бірақ, Қытайдың сонау Шыңжаң өлкесінен, оның ішінде Алтай аймағынан келген Ернар тым жігерлі еді. Ол 2003 жылы Қытайдың «Шыңжаң университетіне» оқуға түсіп, аталған оқу орнын «Ақпарат және есептеу» мамандығы бойынша бітірген. Оқуын бітірген соң өмір бойы үкіметтің ақшасын алып отыратын мемлекеттік қызметке тұрған. Осы жерде сәл түсіндірме жасап өтуді жөн көріп отырмын. Қытай социалистік жүйедегі ел болған соң, онда мемлекеттік қызметке бір іліккен адамды өле-өлгенше үкімет бағады. Яғни, ол жақта мемлекеттік қызметтен шығып кету деген ұғым болмайды. Талай үміткерлермен қатар бақ сынасып, емтихан тапсырып, соның ішінде жеңіске жетіп отырған соң тастап кету де қиын. Екіншіден, «мемлекеттік қызмет» деген тек жоғары органдарда жұмыс істеу дегенді білдірмейді. Мысалы, дәрігер де, мұғалім де, инженер де мемлекет қызметкерлері. Оларға мүмкіндігінше тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуына басымдық беріледі. Міне, біздің кейіпкеріміз мемлекетінің әлгіндей артықшылығын белінен бір сызып, атажұртына тартып отырған. Ал мұнда келгенде «мемлекеттік қызметке» орналаспағаны тағы белгілі.
Әйтсе де бала күнінен компьютердің ішек-қарнын ақтарып ойнайтын әуестігі оны Астана тұрғындарының біразын төріне шығартты. Көп сөйлемейтін, одан да нақты бір іс істегенді тәуір көретін Ернар келген күннен қаладағы автобус аялдамаларына «үйлеріңізде компьютер бұзылса, мені шақырыңыздар» деп жазып, оған қоса телефон нөмірін көрсетіп іле берді. Аз күн өтпей қалта телефоны безілдей жөнелетінді шығарды. Сөйтіп жүріп, елдің шаң басып тұрған компьютерлерін елпек аттай заулатумен айналысқан Ернар «компьютер жөндеуші» ретінде біраз орталарға таныла бастады. Әлгінде айтқанымыздай, төрде отырып, құрмет те көрді. Жарты жыл өткен соң азаматтығын алды. Бұл айтуға ғана оңай. Азаматтық алудың шаруасын өзі басынан өткермеген адам білмейді де...
Міне, содан бері де заулап уақыт өтіп барады. Осында келгеніне бір жыл толғанда ол «Қаранар» деген компьютер орталығын ашты. Үлкен қалаға үлкен мақсаттың жетегінде келгенімен, бір жағынан орыс тілін білмегені үшін құжат реттеудің жөнін таппай, екіншіден, қағазбастылықтан қажып, сосын көшедегі кездейсоқ алаяқтарға жем болып жүрген Қытайдан келген қандастарына көмек көрсетудің жолын іздеген Ернар осы орталықты ашуға бел байлағаны да есімізде. Орталыққа он шақты компьютер орнатып, жұмысын бастап кеткен соң, анда-санда бақылап та жүрдік. Онда компьютер жөндеу, антивирус орнату, жүйе енгізу, сурет шығару, түйіндеме жасау, интернет, компьютер тұтыну қызметін көрсету, Қытайға баратын Қазақстан азаматтарына виза ашу құжаттарын даярлау, сондай-ақ, Қытайдан келген қазақтардың құжаттарын қытай тілінен қазақ тіліне аударып, нотариус жасау, Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмыспен қамту туралы ақпараттармен қамтамасыз ету, т.б түрлі қызметтердің басында осы қаршығадай қара жігіт тұрды. Осы жерде оның ұлтжандылығын да айта кету орынды болар деп ойлаймын. «Сканирование», «ламинирование» дегенде тіліміз амалсыздан бұралатын, оның үстіне талай жерден дәл сол күйінде кездестіріп жүрген сөздерімізді Ерекең «сүзіп алу», «жарғақтау» деп өзінше аударып, орталығында көрсетілетін қызметтер тізіміне кіргізді. Ана тілінің уызына жарып өскен әрбір адам бұл аударманың соншалықты ұғынықты әрі дәл екенін аңғарып, ұлтқа қызмет етудің осындай елеусіз нәрселерден басталатынын пайымдар еді.
Бүгінде «Қаранар» орталығы – кәдімгідей қалыптасқан, көпшілік білетін орталықтардың бірі. Өйткені, оның басқарушысы басқа емес, Ернар. Қарамағында үш адам еңбек етеді. Солардың айлық жалақысын дәл уақытында беріп отыру өзінің мойнында. Көбінде құжаттарға қатысты істі өзі тындырады. Ең таңғаларлығы, сіз бен біздің тағатымыз жетіп, жарты күнде аяқтай алмайтын шаруаларды Ерекеңнің ары кеткенде 2-3 сағатта бітіріп бере алатындығы. Тиісті мекемелерді де, қандай құжат алу үшін не керек дегенді де бес саусағындай білетін адам болса, ол да Ернар. Сол үшін құжатқа қатысты қандай мәселе шықса да, өзіміздің де осы мақаланың кейіпкерін іздеп жүретініміз жасырын емес.
Ернар алғаш Астанаға келгенде бойдақ жігіт болатын. Ата-анасы, бауырлары, туған-туысы бәрі Шіңгілде қалған. Мектепте бірге оқыған сыныптастары мен ауылдас таныстарын ғана қара тұтып елордаға келген жігерлі жігіт қазір бір әулеттің асыраушысы, пана болар тірегі десе болады. Алдымен қаланың шетінен жер алып, үй салды. Соңынан ата-анасын көшіріп алды. Осыдан екі жыл бұрын айдай сұлу Нұрсәулеге үйленді. Құлдыраңдаған сәбиі өсіп келеді. Отбасылық бақыттың классикалық үлгісі қарапайым ғана болатынын дәлелдеп жату да артық. Міне, Ернардың тіршілігі осындай.
Ернардың тіршілігі ғана емес, құлшылығы да «иманымыз жүректе» деп, оны намазбен бекітуге келгенде әлсіздік танытатын көбімізге үлгі болуға жарайды. Намаз оқу құпия құлшылық десек те, Ернарды көрген сайын исламның кереметтігіне, адамның мүмкіндігінің мол екеніне, ең бастысы, ол мүмкіндік дене қуатынан бұрын мидың, сананың қуатына тәуелді екеніне көзіміз жете түседі. Осы өткенде «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Абай Қалшабек есімді ақын замандасымыздың «Мүмкіндігі шектеулі» дегенді мүмкіндігі шексіз біреу ойлап шығарған-ау» деген тұрғыдағы, кісіге үлкен ой салатын жазбасын байқап қалғанбыз. Шынында қоғамға қажеттіліктің, толыққанды адамдықтың өлшемін тек қана он екі мүшенің саулығымен өлшеп үйренген жандардың болатыны, олар адамның қарым-қабілетін тек осы тұрғыда ғана бағалайтыны да рас қой. Ал, Ернарыңыз «мүмкіндігі шексіз» сол жандардан ешқандай да кем емес. Өз ортасына сүйкімді, қоғамға қажетті әрі пайдалы, ең бастысы, жүрегіне иман ұялаған азамат. Өз басым осы уақытқа дейін оның қабағы түсіп не бірнәрсеге ашуланып, не біреуге дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын, тіпті қоғамдағы кейбір әділетсіздіктер туралы жүні жығылып әңгіме ғып отырғанын көрген емеспін. Көп сөйлемесе де, жадыраңқы мінезімен, жарасымды әзілімен жайраңдап жүреді. Көбінде уақыттың тым қымбат екенін есімізге салып, шаруа тындыру үшін астындағы жеңіл көлігімен құйғытып бара жатады. Міне, біздің Ернар осындай жан.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
Астана.