Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Бесағаш елді мекенінің тұрғыны Арман Әшімовтің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол ауылды жерде жаттығып-ақ, кикбокстан әлем кубогінің иегері және Еуропа чемпионы атанды. Жекпе-жек, ММА және джиу-джитсудан ел біріншілігінде топ жарып, спорт шебері нормативін орындады. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Кейінгі 10 жылда аралас жекпе-жекпен шұғылданып, көптеген дүбірлі додада дараланып жүр. Арман өмірде өте позитивті. Айқас алаңында да дәл солай. Жеңсе де, жеңілсе де көңілді жүреді. Күні кеше ғана сол спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Арман, әзірге сенде бірде-бір беделді нұсқаның чемпиондық белбеуі жоқ. Соған қарамастан жанкүйерлердің саған деген ықыласы айрықша. Ел арасындағы беделің, тіпті Ресейдің М-1 мен АСА, Сингапурдың ON FC, Қазақстанның Октагон, Найза, Алаш Прайд және тағы басқа промоушендерінің алтын белбеуін иеленген спортшылардан артық болмаса, еш кем емес. Соның сыры неде?
– Тым асыра мақтап жібердіңіз-ау, тіпті қапелімде не деп жауап берерімді білмей тұрмын. Менің ойымша, барлық мәселе шынайылық пен қарапайымдылықта шығар. Мен көпшілік алдында өзімді қалай ұстасам, күнделікті тіршілікте де сондаймын. Үйде де, жора-жолдастарымның арасында да бірқалыпты жүремін. Ешуақытта асып-тасыған емеспін. Болмысымда еш жасандылық жоқ. Бәлкім, халық сол үшін де құрметтейтін шығар.
– Бұрындары сен басқа да спорт түрлерінде тәп-тәуір табысқа жетіп жүрдің. Бірақ аяқастынан аралас жекпе-жекпен айналысуыңа не түрткі болды?
– Барлығы да кездейсоқ болды. Бірде Аслан деген жолдас жігіт осындай спорт түрі барын айтып, мені қатысуға үгіттеді. Сөз арасында «Ол жерде сенің мұрныңды бет қылады. Порша-поршаңды шығарады. Әй, сен оған шыдай алмайсың-ау» деп келемеждегендей болды. Оның бұл сөзі менің намысыма тиді. Содан не болса да бағымды сынап көрейін дедім. Бапкерлер мені алғашында Петропавлда өтетін ел кубогіне апарғысы келмеді. Аралас жекпе-жектен Алматы қаласының президентіне кірген едім, ол кісі «Бос орын болса, көреміз» деп менсінбегендей сыңай танытты. Ақыры сәт келді. Өзім қаражат тауып, Петропавлға аттандым. Ол жерде үш кездесу өткіздім. Екі қарсыласымды «қылғындыру» әдісімен ұтып, біреуін ұрып құлаттым. Сөйтіп, ел кубогін иелендім. Осы жарыстан кейін аралас жекпе-жектің басы-қасында жүрген азаматтардың маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Міне, дәл сол кезден бері Нұрлан Аманқұлов пен Нұрлан Мамыралиев есімді бапкерлердің қол астында жаттығып жүрмін.
– Сенің жүріп өткен жолың жанкүйерлердің көз алдында. Соққың мірдің оғындай. Ұрғаныңды сұлатып саласың. Бірақ кейбір мамандар мен спортшылардың айтуынша, сенің грэпплингің нашар көрінеді. Сонымен келісесің бе?
– Грэпплингім нашар деп жүрген адамдарды залға шақырып, менімен күрестіріп көріңіз. Сонда олар өз қателіктерін түсінеді.
– Аралас жекпе-жектен алғашқы жекпе-жегіңді 2014 жылдың күзінде Мұстафа Шаяхметовпен өткізіп, оны бірінші раундта айқын басымдықпен ұттың. Алайда келесі кездесуде Ресей спортшысы Вартан Асатрянға есе жібердің. Сол кездесу есіңде ме?
– Ол кезде жаспын, тәжірибем де кемшін еді. Көп нәрсені білмедік. Сөйтсем, тәжірибесі әбден толысып, қарсы келгендерді қоғадай жапырып жүрген Асатряннан көп спортшы қашады екен. Мен аңғалдықпен келісімімді бердім. Енді шегінерге жол жоқ. Әу баста бес минуттан екі раунд күш сынасамыз деп келістік. Жарыс басталар тұста ұйымдастырушылар регламентке өзгеріс енгізді. Сөйтіп, екі емес, үш раунд жұдырықтасатын болдық. Алғашында жап-жақсы айқастық. Алайда соңғы раундта «қылғындыру» әдісіне түсіп қалдым.
– Сен 2017 жыл жарқ етіп көзге түстің. Шілденің шіліңгір ыстығында Ингушетияға сапар шегіп, М-1 Global промоушені ұйымдастырған жарыста ешкімнен жеңілмеген Гаджимурад Алиевпен айқастың. Қарсыласың шабуылдағанда оны жақсы бір соққымен күтіп алып, кескен теректей сұлатып салдың. Қап тауы бөктерінде барлық мәселені бір ғана соққымен шешемін деп ойлаған жоқ шығарсың?
– 2017 жылдың 8 шілдесінде мен отбасын құрып, шаңырақ көтердім. Сол кезде ораза ұстап, Алладан алдағы уақытта жақсы бір жекпе-жек беруін сұрадым. Тілегім қабыл болып, 22 шілдеде Ингушетияға сапар шектім. Оразаның да біткеніне бір-екі апта ғана болған. Бар-жоғы 10 күндей дайындалдым. Сол кезде республикалық ММА президенті Анатолий Ким менің бапкеріме «Арман жарысқа дайын емес екен ғой. Ертең масқара болып ұтылып, бізді жерге қаратып жүрмесін» деп айтқан екен. Ол кезде Алиевтің даңқы дүркіреп тұрған. Жанкүйерлер мені оған қарсылық көрсете алмайды деп ойлады. Содан жарыс басталды. Екінші раундта Гаджимурадты ауыр нокаутқа жібердім. Сол кездегі Алиевтің жақтастарының түрі мен бет-әлпетін көрсеңіздер...
– Дағыстан мен Ингушетия «ауылы аралас, қойы қоралас» бауырлас халық қой. Осы жарыста жергілікті жанкүйерлер Алиевке барынша қолдау көрсеткен болар...
– Керісінше, жанкүйерлердің дені мені қолдады. Себебін кейін білдім. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Сталиннің репрессиясы кезінде көптеген Кавказ халқы секілді, ингуштардың да Қазақстаннан пана тапқаны белгілі. Соны олар ұмытпаған екен. Жарыс аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар дастарқан жайды. Сол кезде Ингушетия президенті Юнисбек Евкуровпен дастарқан басында қатар отырдық. Ол кісі «Ингуш халқы қазақтарға мәңгі қарыздар. Егер сіздер болмағанда, біз қырылып қалатын едік. Сондықтан мен Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп санаймын», деп ағынан жарылды.
– Сол жылдың күзінде Мәскеуде бразилиялық Эрвани Родриго Серра Мелони және 2018 жылдың ақпан айында Санкт-Петерборда финляндиялық Микаэль Силандермен күш сынастың. Осы жекпе-жектер қалай өрбіді?
– Бразилия спортшысының функционалдық дайындығы өте күшті екен. Бірақ мен оны бірінші раундта ұрып жықтым. Финляндияның файтері екі раундқа ғана шыдады. Микаэль Силандерді жеңгеннен кейін M-1 Challenge нұсқасы бойынша уақытша чемпион атағын иелендім.
– 2018 жылдың мамыр айында украиналық Александр Доскальчукты жеңгеніңде М-1 ұйымының толыққанды чемпионы атанатын едің. Өкінішке қарай, бұл бәсекеде жеңіліс таптың. Шешуші жекпе-жекте саған не жетпеді деп ойлайсың?
– Ол бәсекеде қолымды сындырып алдым. Соның салдарынан алтын белбеу маған бұйырмады. Бірақ мен оған аса қынжыла қойған жоқпын. Кейбір спортшылардың сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін сары уайымға салынатынын көріп жүрміз ғой. Мен ондайлардың қатарынан емеспін. Әр жекпе-жекке кәдімгі жұмыс ретінде қараймын. Жеңілген сайын өкініп, жылағаннан не пайда? Онда алға баспаймыз ғой. Жеңілістің де өз пайдасы бар. Жеке өз басым сол сәтсіздіктен сабақ алдым. Бұл – спорт, бұл жерде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Соны қаперіме мықтап түйдім.
– Сенің жалаң қолмен жұдырықтасқаныңды да көрдік. Украинаның бас шаһары – Киевте жергілікті боксшы, сол елдің чемпионы Тимур Белякты ауыр нокаутқа жібердің. Сол айқас қалай өрбіді?
– Негізі мен Киевте басқа бір спортшымен күш сынасуым керек еді. Бірақ менің жекпе-жектерімді көргеннен кейін ол түрлі сылтауды желеу етіп, айқасқа шығудан бас тартты. Содан Тимур Белякпен шығарды. Бірінші раундта оны нокдаунға жібердім. Ал үзілістен кейін Беляк жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды.
– Ал сол Беляктың 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жеткенін, сол межеде Кубаның даңқты боксшысы, Олимпия ойындарының үш дүркін қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ласаро Альварестен ұпай санымен ғана ұтылғаны жайында білетін бе едің?
– Тимурдың мықты боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері екенін білдім. Алайда атағы алысқа жайылған Альвареспен жұдырықтасқаны жайында сізден естіп отырмын.
– Жалаң қолмен жұдырықтасуға екінің бірінің жүрегі даулай бермейді. Ол жерде қатты жарақат алып, тіпті мертігіп қалуың да мүмкін ғой. Осы жағдай сені ойландырған жоқ па?
– Қорқатын, қаймығатын түгі жоқ. Бұл да кәдімгі төбелес. Жекпе-жектің басқа да түрлерінде жарақат алу қаупі бар. Мәселен, өзім түрлі бәсеке барысында қолымды 12 рет сындырдым. Одан басқа да жарақаттарым жетерлік. Бірақ ешбір сәтсіздік менің сағымды сындырып, жігерімді жасыта алған жоқ. Ең бастысы, осы.
– Киевтегі жарыстан кейін лайықты гонорар алдың ба?
– 16 мың АҚШ долларын қалтама бастым.
– Аралас жекпе-жекті серік еткен әр спортшының арманы UFC-де өнер көрсету ғой. Әлемнің ең белді промоушенінде күш сынасу сенің де асқақ арманың шығар?
– Бұйрық болса, UFC-де де өнер көрсетеміз. Жуық арада жақсы бір жаңалық болып жатса, өздеріңізге бірінші болып хабарлаймын.
– Жекпе-жектен өтетін жарыстардың барлығында Мұстафа Өзтүрік деген лақап атпен шығып жүрсің. Қазақ таэквондосының атасы саналатын абзал азаматтың есімін таңдауыңа не себеп болды?
– Аралас жекпе-жекті енді бастап жүргенімде бәзбіреулер сыртымнан «Гладиатор» деген лақап ат тағып жіберіпті. Оған мен келіспедім. Өйткені гладиаторлардың қазақтарға түк қатысы жоқ. Содан өзімнің ағам, ұзақ жылдар бойы мені қолдап, демеуші болып жүрген Қайыр Мейірбекке келіп, осы мәселе бойынша ақылдастым. Ол кісі менің октагонға Мұстафа Өзтүрік деген лақап атпен шыққанымды жөн көрді. Қайыр ағамның бұл ұсынысын мен қуана-қуана қабыл алдым.
– Сен бұған дейін де бірнеше спорт түрімен шұғылданған екенсің. Солардың бірде-біреуі Олимпиада бағдарламасына енбеген. Яғни олар мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Сол себепті де оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жарыстарға шығу үшін демеушілердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал саған нақты кімдер қолдау көрсетті?
– Аллаға шүкір, қазақта Атымтай жомарт азаматтар аз емес. Мені жоғарыда айтқан Қайыр Мейірбектен бөлек, Бауыржан Оспанов, Айбек Барыс, Асхат Боранғазиев, Қайыр Тополов, Ербол Әбдірайымов, Болат Аманбаев сынды ағаларым үнемі қолдап келеді.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»