Тәуелсіз ел болып, бір кездегі Кеңес Одағынан еншімізді толық алғандікі ме, әйтеуір Ұлы Отан соғысы деген мәселеге жасаңдау кезбен салыстырғанда қасаңдау қарай бастағанымызды қайдан жасырайық?! Оның үстіне орыс тарихшыларына да дауа жоқ. Ұлы Отан соғысының тарихи мәнін түсіріп болды өздерінің түсінігімен. “Дүниежүзілік соғысты екі қанқұмардың ойыны” деп бағалайды антұрғандар. Сәбит Мұқановша айтқанда, олардікі де жөн бе, қалай? Сол соғысты болдырмауға да мүмкін еді ғой. Қайтесің. Қанша боздақ өлім құшты?! Қанша адам ауылда қайғы шекті. Талай шаңырақ жабылып, талай жас арудың бағы күйді. Әлгі жаңа тарихшылардың жаңа пайымдауларын қабылдай алмайтын бір сәт бар. Екі қанқұмар өзімен кетсін, әлгі 27 миллион боздақты қайтеміз сол соғыста опат болған?
Әкем марқұмды ойлаған сәтте мені осындай алақұйын сұрақтар қаумалайды. Ол – Ұлы Отан соғысының айбынды жауынгері еді. Әкем ғана ма? Жоқ. Туған інісі Ергөбеков Дүйсен де қолына берілген “бронды” тапсырып “өз еркімен” майданға аттанып, қаһарлы соғыстан қайтпай қалды емес пе?! Немере інілері Қолдасов, Жолдасовтар ше?! Олар жайында ойлай бастасам-ақ ішімді алақұйын сезімдер уілдеп алып бара жатады. Неге? Оны өзім де түсіне бермеймін.
Сондай күннің бірінде “Социалистік Қазақстан” газеті тігіндісін ақтарайын. Жасырып керегі не, іздегенім әкедей әзіз адам Бейсекең (Бейсембай Кенжебайұлы) туралы мәлімет еді. Оны таптым да. “Социалистік Қазақстан” газетінің бір бетінің жарымын ала жарияланған “Антон Чехов” аталатын дүниеге көз жүгірте бастадым. Жақсы-ақ жазылыпты мақала. Ұлы орыс жазушысы туралы туындысын Бейсекең: “Чехов сияқты адамды еске алудың өзі бір рахат. Оны еске түсіргенде өз өміріңе ерекше бір күш-қуат, ерекше бір терең мән пайда болады”, деп аяқтапты. Көп оқыған кісінің мінезі. Классиканы түсініп, түйсініп оқыған кітаби адамның үні. Қайран Бейсекең! Жазудың ғана емес, оқудың да “культ” кезінде өмір сүрген, әдебиетке бар ғұмырын арнаған аяулы адам-ай. Қазіргі жазу түгілі оқудың өзін жатсырап кеткен ұрпағыңды көрсең қандай күйде болар едің?!
Ауыр ойдың жетегінде газеттің екінші бетін аударып тастадым. Журналистік әуесқойлық. И.В.Сталинге жағыну жолдауы, табыну сөздері. “Сіз болмасаңыз күн шықпас еді... Ай тумас еді... Сіздің тапсырмаңыз... Сіз үшін соғысамыз. Сіз үшін жеңеміз жауды... ” Астапыралла! Көздерін көрінбейтін көзбайлауышпен байлап тастаған бодан, құл халықтың үні. Қоғам қасіреті, уақыт үні.
Әрі кеттім.
О, Алла! Мына бір қабағы қатыңқы жас азаматты қараңыз. Маған әскери киімдегі кісі жылыұшырап барады. Түрі таныс секілді. Апырай, мынау ағай ғой, әкемнің інісі, ағам ғой... Төлеген марқұм. Суретке үңіле түстім.
“Майдандағы Армия (1 Украина майданы)
СУРЕТТЕ: Неміс басқыншыларына қарсы ұрыста ерліктің және батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, екі “Батырлығы үшін” медалімен және “Үздік пулеметші” белгісімен наградталған Төлеген Қолдасов.
Қолдасов жолдас соғысқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданындағы “Отырар” бастауыш мектебінде оқытушы болған. Сурет ТАСС-тікі.”
Сарғайған газеттің соғыс жылдарындағы ауыртпашылығын арқалаған сарытап бетін алдыма тосып, көз ала алмай көп отырдым. Төлеген Қолдасов кешегі “Социалистік Қазақстан” газеті бетінде өзі туралы осындай суретті ақпарат жарияланғанын білді ме? Жоқ па? “Сурет ТАСС-тікі”. Олай болса бұрынғы Кеңес Одағына кең тараған шығар бұл мәлімет. Әрине, соғысқа қатысқан адамның бәрі – Батыр. Дегенмен де, менің ағамның батырлығының жөні бөлектеу секілді. Ол кісі майданнан қайтып келіп, отбасын құрады. Өзінің ағартушылық қызметін жалғады. Бізге сабақ берді. Әкейге келіп еркелеп отыратыны еміс-еміс көз алдымда. Соғыс жайында айтуды ұнатпаушы еді. Кейде жүз грамдатып жіберетіні де бала да болсам көз алдымда қалыпты. Соғыс зардабы... Бұдан бес-алты жыл бұрын дүниеден өтті, марқұм!
1944 жылы 16 маусымда “Социалистік Қазақстанда” жарияланған суретті ақпарат! Зұлмат соғыс аяқталғалы 65 жыл. Ал мына материалдың еліміздің бас басылымында жарияланғанына 66 жыл. Кісіні қуаныш әлдилейді әдетте. Ал, мені өкініш буып отыр... Дүбәра сезім жетегінде қайыра “СҚ-ға” жүгініп отырғаным... Өзің жоқсың, аға, мына жарық дүниеде! Ұрпағың бар. Аман болсын. Ал сенің рухың саламат болсын, пейіште нұрың шалқығай, кеңестік бодан кезеңнің қайсар жауынгері!
Құлбек ЕРГӨБЕК. ТҮРКІСТАН.