Абай атындағы орталық кітапханада «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, жазушы, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының шығармаларын жастар арасында насихаттау мақсатында «Қазақтың Бауыржаны» тақырыбында танымдық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Бауыржан Момышұлының поэзиясы» атты кітаптың авторы, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Найзабаев бастаған меймандар қатысып, Бауыржан Момышұлының азаматтық бейнесі, шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.
Танымдық кеш барысында Тараз сервис және технология колледжінің студенті Альмира Ибаділда, №45 классикалық гимназияның оқушылары Аруна Руслан, Әдел Пернебек Қасым Аманжоловтың «Бауыржан», Бауыржан Момышұлының «Ескертпе», «Ана тіліңді ардақта» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Өзге де студенттер даңқты қолбасшы жазған шығармалардан монолог орындап, көзге түсті.
Мәнді монолог, әдемі әндермен әдіптелген кеште Тараз сервис және технология колледжінің студенттері Ерасыл Түйтебай мен Айсұлу Шәйкен батырдың «Москва үшін шайқас», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітаптары туралы көкейге түйген ойларымен бөлісті. Соңынан кітапхана қызметкері Раушан Қалжанова Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабына библиографиялық шолу жасады.
ТАРАЗ