• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2014

Айтылған ұсыныстар қағаз жүзінде қала бере ме?

238 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева халықты баспанамен қамтамасыз етуде нақты қадамдардың жасалмай отырғанын сынға алды. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен   «Халықты баспанамен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары»  парламенттік тыңдаудың ұсыныстарын жүзеге асыру барысы туралы» дөңгелек үстел отырысына қатысқан Дариға Назарбаева тыңдаудың өткеніне бір жарым жыл болса да, онда айтылған ұсыныстардың қағаз жүзінде қалғанын атап айтты. «Депутаттар көктен алып, жаңа дүние ойлап тапқан жоқ. Мәселе «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жекелеген нақты жоспарын құру туралы болатын», дей келіп, Мәжіліс Төрағасының орынбасары  тұрғын үймен қамтудың қазіргі жай-күйіне тоқталды. «Биылғы 1 қаңтар  деректері бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде 283 109 адам тұр. Ол үшін мемлекеттің жылына 6 мың пәтер салу жоспарына сүйенсек, кезектегі ең соңғы адам шамамен 44-45 жылдан кейін баспаналы болады деген сөз. Бұл – бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Әрине, мемлекеттік қазынаның мүмкіншілігі шектеулі екенін, белгілі бір проблемалардың бар екенін біз жақсы білеміз. Дей тұрғанмен, біз бұл мәселені шешудің айтарлықтай  қарапайым және  ақылға қонымды тәсілдерін ұсынып отырмыз.  Яғни, тұрмысы нашар отбасыларына арналған үшінші-төртінші деңгейдегі қымбат емес баспаналар, шағын отбасылық жатақханалар салып, сол үшін типтік жобалар жасау қажет еді ғой», деді Д.Назарбаева. Халық қалаулысының атап өткеніндей, мемлекет жалға беретін пәтерлер жекешелендіруге жатпайды. Дегенмен, ол мүлдем баспанасы жоқ жандар мен жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын шешуге барынша көмектеседі. Бүгінде тек төрт облыс пен Астана және Алматы қалалары шағын отбасылық типтегі  баспана салу жоспарын әзірлеуде. Басқа облыстар бойынша ешқандай ақпарат жоқ. Вице-спикер мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер бөлуде әділетсіздіктің орын алатынын да  жоққа шығармады. Д.Назарбаева: «Пәтерлерді бөлу жүйесі ашық емес. Сол үшін біз құрамына Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, сарапшылар, жергілікті ҮЕҰ мүшелері кіретін республикалық комиссия құруды ұсындық. Ол комиссия да әлі жоқ», деді. Одан әрі Д.Назарбаева тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаң­ғырту бағдарламасы ая­сында көп пәтерлі үйлерді жөндеу төңі­ре­гін­дегі өзекті мәселелерге де баса көңіл бөлді. Тақырып төңірегінде Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндама жасап, атқарылған жұ­мыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ, Астана, Алматы қалалары әкім­­дерінің орынбасарлары, құ­ры­­лыс компанияларының басшылары сөз алды. Дөңгелек үстел жұмысына «он­­лайн» режімінде бейнеконфе­ренция байланысы арқылы жер­гі­лікті атқарушы орган өкілдері де қатысты. Д.Назарбаева дөңгелек үс­тел жұмысын қорытындылап, оның нәтижелері бойынша арнайы қарар қабылданды.