• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Инновация 02 Ақпан, 2023

Келешектің инновациялық бағдары

462 рет
көрсетілді

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы Павлодарда алғашқы жемісін бере бастады. Былтыр ел бойынша алғаш болып ашылған IT-мектеп бір жыл ішінде 400 адамды оқытып, жеке компаниялардың ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандарының санын арттырды. Ал фрилансер ретінде өз бизнесін ашқандар мұнда қажетті IT-дағдыларды үйреніп, соның нәтижесінде кәсіптерін өркендету үстінде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елі­мізде 100 мың IT-маман даярлау туралы тапсырма берген еді. Соның ізімен қабылданған «Цифрландыру, ғылым жә­не инновациялар есебінен техно­логиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 2021 жылдың соңында облыс орталығында заман­ға сай ақпараттық техноло­гиялар саласында білім беретін IT-мектеп тұсауын кесті. Жоба­ны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қол­дауымен облыс әкімдігі және Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясы жүзеге асырды. Аймақ тұрғындарының цифрлық сауат­тылығын арттыру, IT-бағыттарды дамыту мақсатында дүниеге келген болашақ мамандықтар мектебі қазіргі күні өз қызметімен ерекшеленіп отыр.

Оқу мекемесі директорының міндетін атқарушы Анар Сады­қова атап өткендей, мұнда бағ­дарламалау, модельдеу, графика, сайттарды бағдарламалау, медиа-маркетинг бағыттарында 21 курс ашылған. Алғашқы жылы ERG компаниясының жеке инвестициясы есебінен барлық курста оқу тегін жүргізіліп, 400 адам өздерінің цифрлық сауаттылығын арттырып үлгеріпті.

– Курстардың ұзақтығы бір айдан бір жылға дейін жал­ғасады. SMM-маманы, мобилограф секілді жастар арасында сұранысқа ие жаңа маман­дықтарды бір-екі айда оқытып шығарамыз. WEB-бағдарламалау ең күрделісі болғандықтан, оған жазылғандар жылға жуық оқиды. Компьютерден сауаты бар адам бұл жерде сайт жасаудың тетігі мен бағдарлама тілдерін толық меңгеріп, дайын маман болып шығады. Ақпан айында WEB-әзірлеушілердің алғашқы толқыны курстарды тәмамдайды. Бұл жерде сайтты толық әзірлеу, өз жобаларын ұсыну, кейстер жасау, барлығы қамтылып үйре­тіледі. Аптасына 3 мәрте осында келіп білім алады. Оқу кесте­сі жалпыға қолайлы уақыт­тарға орайластырылған, – дейді мектеп жетекшісі.

Бағдарламалау, SMM, 3D графика, сәулет өнері, бағдар­ламалаудағы Pyton тілі, Photoshop графикалық редакторын меңгеру, шығармашылық фотосурет курс­тарында оқу үшін арнайы білім қажет емес деп санайды мектептің атқарушы директоры Сұңғат Балташ. Тек кейбір бағыттар бойынша компьютерлік алғашқы дағдылар қажет болады. Мұнда балалар 10 жастан қабылданатынын ескерсек, IT-мектеп әлеуметтің кез келген санатына қолжетімді. Тек азаматтар аптасына үш мәрте уақыт тауып, мұндағы оқытушылардың дәрісін тыңдап, практикалық жұмыстарын меңгеруге ынта танытса жеткілікті.

Мектептің жұмысын үйлесті­ріп отырған жетекшілерден бөлек, мұнда Нұрсипат Төлеубай мен Кәмила Жалғаубекова есімді IT-менеджерлер еңбек етеді. Кілең қазақ жастарынан құралған топ бүгінде оқу нысанының шаруасын ұршықша иіріп отыр. Айтуларынша, қазіргі күні курс­­­тардың барлығы ақылы жүйе­­ге көше бастаған. Себебі инвес­тициялық қаражат бір жыл­ға ғана шақталған екен. Енді мектеп курс­тарды ақылы етіп, өз күнін өзі көруі керек. Мұн­дағы курстарда білім үйре­тетін тәлімгерлер жергілікті жо­ға­ры оқу орындарында жұ­мыс істейтін жоғары санатты оқыту­шылар. Оларға ай сайын еңбекақы төлеу үшін қаражат көзі қажет. Сондықтан IT-мектеп коммерциялық ұйымға айналуға мәжбүр.

Бұл курстарға негізінен сту­дент жастар, өз кәсібін алға қой­ған фрилансерлер, мәселен, гүл бизнесін, торт пісіруді, іс тігуді, сауда саласын меңгерген жандар қызығушылық танытатынын айтып өтейік. Байқағаны­мыздай, мұнда қазірдің өзінде 80-дей адам оқып жатыр. Бұған дейін мобилография мамандығы бойынша қазақ тілінде курс болған екен. Сұраныс болмағаннан кейін алғашқы түлектерден соң ол жабылып қалыпты. Өзге курс­тардың барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Дегенмен 21 курс бойынша қазақ топтарын ашуға маман да, техникалық әлеуе­тіміз де жеткілікті дейді мек­теп ұжымы. Қазіргі күні оқып жат­қандардың дені Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларынан кел­ген­дер. Курс үшін шәкірттер ай сайын шамамен 20-35 мың тең­ге төлейді. Бұл баға жергілікті жер­де қызмет көрсететін жекемен­шік IT-мектептерге қарағанда, екі есе арзан екенін атап өткен жөн.

– Мектеп ішінде IT-маман­дар­дан құралған арнайы тобы­мыз бар. Барлық мәселені сон­да талқылап, шешеміз. Курс оқытушыларының көбі өзде­рі­нің авторлық оқыту бағдар­лама­ларына ие. Жетпегенін арнайы оқыту орталықтарынан сатып аламыз. Алдағы уақытта Artsport бағдарламасы жалғасын тапса, оған да қатыспақ ойымыз бар. Себебі оқушылар мен колледж студенттерінің көбі біздің мектепте тегін оқығысы келеді. Жал­пы, курста оқушылардың жас шамасына шектеу қойылмайды. Бітіріп кеткендердің ең үлкені 56 жаста болды. Сондай-ақ өт­кен жылы жазғы уақытта ком­пью­терлік сауаттылық арттыру курсына 73 жастағы қарияның қатысқанын да көрдік. Оқушылар мен жастар тұрмақ, ересектердің де қызығушылығы жоғары, – дейді А.Садықова.

IT-мектеп өңірдегі ақпараттық технологиялар саласының дамуына да ынталы. Бұған дейін Dota 2 және CS:GO ойындары бойынша кибертурнир, түрлі хакатондар өткізіп келген. Одан да басқа шараларды ұйымдастыруға білім нысанының техникалық тұрғыдан жеткілікті жарақталуы мүмкіндік беріп отыр. Мұнда бірінде – 24, екіншісінде 16 компьютер қойылған екі оқу аудиториясы, фотосурет өнерімен әуестенгендер үшін арнайы фотоаймақ бар. Атап өтерлігі, Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасы бойынша оқу ордасында 18 адам білім алып жатыр. Алдағы уақытта ұсыныс тоқтамаса бұл жоба жалғасын таба береді.

С.Торайғыров университеті­нің 2-курс студенті Мирас Ер­сайы­нов ақпараттық технологиялар саласында білім алып жүргенін, мұндағы IT-мектепте Photoshop графикалық редакторын меңгеру курсынан өткенін жеткізді. Оқы­тушылары тек бағ­дар­ламаны мең­геріп қана қоймай, фотосурет түсіру кезінде жарықпен қалай жұмыс істеу керектігін үйрет­кен. Алыстағы Ақтау өңірінен Павлодарға білім іздеп келген жас өрен болашақта Web-бағдар­ламашы болып шығады.

Фотосурет курсының түлегі Сұлтанбек Сәрсембай бүгінде ERG компаниясында табыс­ты еңбек етіп жүр. Жас маман мұнымен шектелмей бейнемонтаж жасау курсына жазыл­ған. Жуықта ол Tech Orda бағ­дарламасы арқылы грант ұтып алып, IT-мектепте білімін жетіл­діруді жалғастыруда.

Ал дизайнерлік курста тәлім алып жүрген Айман Шаклеина заманға сай цифрлық білім өзінің фрилансерлік кәсібін кеңейтуге мүмкіндік тудырып отырғанын айтты.

– «IT School»-да Astana Hub ваучері бойынша «UX/UI дизайнер» курсын меңгеріп жатырмын. Жеті айлық курстың 2 айын тәмамдап үлгердік. Осы уақыт ішінде теориялық жә­не практикалық тұрғыдан өте көп білім игердім. Алған бі­лі­мімізді үй тапсырмалары ар­қы­лы бекітеміз, соның нәти­же­сінде курс соңында дайын портфолиомен шығатынымыз қуантады. Оқытушым Дмитрий Владимирович мол тәжірибесінің арқасында бізге ең қажетті ма­шықтарды үйретіп жатыр. Бұл курс өзім үшін кәсіби тұрғыдан өсуге қажет. Мен фрилансермін, Tilda платформасында сайт жасаумен айналысамын. Бұған дейін Figma секілді аспаптарды қолданатынмын, оның өзін­де толық емес. Осы курстың нәти­жесінде, енді өзімнің қызмет көрсе­ту кеңістігімді кеңей­тіп, күрде­лі тапсырыстарды қа­был­дай аламын. Келешекте та­бы­сымның да еселене түсеріне кү­мә­­нім жоқ. Осындай мүмкіндік сый­лаған IT-мектеп пен Astana Hub-қа алғысым шексіз, – дейді Айман.

Қазіргі күні информатика пәні мектептерде 1-сынып­тан бастап оқытылады. А.Сады­қова­ның пікірінше, ақпараттық техноло­гия бойынша мектеп бағ­дарламасы ұстаздар үшін тым күрделі. Күнделікті сабақ үдерісінде олардың қиналып жүргені байқалады. IT-мектеп мұғалімдердің цифрлық сауат­тылығын арттыруға бағытталған арнайы курстарды әзірлеп, өңірлік білім беру басқармасына ұсыныс жасаған екен. Алайда басқарма одан әзірше бас тартып отыр. Осы мәселені жауапты мекемелер алдағы уақытта ескерсе екен деген тілегін де жеткізді.

 

ПАВЛОДАР