БҰҰ ҚАРАРЫ ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ ӨРЕКПУІН ТОҚТАТА МА?
АҚШ өкілі Иранға қарсы санкцияларды қатайта түсуге бағытталған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының жобасын ұсынды. Бұл жоба Иранға байланысты келіссөз жүргізуші елдермен келісілген көрінеді.
Алдымен сол келіссөз жүргізуші “алтылыққа” тоқталған жөн болар. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес мүшесі және Германия. Тұрақты бес мүше де жұртқа белгілі – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай. Осының өзінен-ақ Иранмен, оның ядролық бағдарламасымен айналысатындардың осал еместігін аңғарумен қатар, бұл мәселенің өзі әлем жұртшылығын қаншалықты алаңдататынына көз жеткізуге болғандай.
Бұл жерде Иранның өз ядролық бағдарламасына байланысты АҚШ мемлекетінің қысастығы деп өкпелейтін жөні жоқ. Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымның жетекші мүшелері бас болып, Иран ісімен айналысып отырса, әділдікті басқа жерден іздеу орынсыз. Уәжге тоқтайтындар бұдан артық төрелікке жүгінетін жер іздемес болар.
Сонымен бірге, сол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде әрқашан Иранның мүддесін қорғап, Теһранның ядролық жосықсыз әрекеттеріне дем беріп келген екі ел болды, олар – Ресей мен Қытай. Олар әрқашан Иранның ядролық бағдарламаларын шектеуге бағытталған пәрменді шараларға қарсылық білдіріп отырды. Бұл Иранның халықаралық қоғамдастықтың талаптарын орындамай, өзінің ядролық қауіпсіздікке қарама-қайшы әрекеттерін жалғастыруына мүмкіндік берді.
Қазір жағдай біршама өзгеріп отыр. Иранның ядролық бағдарламасына, оны жүзеге асыруға байланысты әрекеттеріне қарсы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа қарарының жобасын сол кеңестің тұрақты өкілдерінің бәрі мақұлдап отыр, яғни оны үнемі Иранға ара түсетін Ресей мен Қытай да қолдайды деген сөз. Демек, Теһранның қиқарлық әрекеттерін енді жұрттың бәрі айыптап, оған арналған шектеу күшейетін болады.
Вето құқығын пайдаланып, БҰҰ қарарын қабылдатпай тастайтын Ресей мен Қытайдай достарының арқасында Иран қатаң санкциядан құтылып келді. Бұл жолы Ресей мен Қытай одан әрі Теһранның қиқарлығын қолдай беретін болса, өздерінің де абыройы төгілетінін аңғарып, амалсыз жаңа қарар жобасын мақұлдауға мәжбүр болды.
Енді бұл қарар жобасы дауысқа салынғанда тұрақты мүшелер вето құқын пайдаланбайды. Ал тұрақты емес мүшелердің басым көпшілігі қолдаса, қарар қабылдана береді. Сөйтсе де Иран сол елдерге де ықпал етуге әрекет жасап жатыр. Ол өзінің төмен байытылған уранын Бразилия мен Түркияның жоғары байытылған уранына айырбастайтыны жөнінде келісім жасасты. Иранның бұл қадамының мақсаты белгілі. Өзін келісімдерге әзір етіп көрсеткісі келеді. Сол арқылы жаңа қарарды қабылдатпауға тырыспақ. Көп елдің оған илануы екіталай.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға жаңа санкция белгілеген қарарының қабылдануы саяси тұрғыда маңызды болмақ. Ең алдымен, Теһранның өзін қолдайтын достары – біраз жетекші елдерден айрылғанын көрсетеді. Бұл – Иранның ядролық амбициясын айыптау жаңа халықаралық деңгейге көтерілді деген сөз.
Экономикалық тұрғыдан да санкция Иранның, әсіресе, банк жүйесіне айтарлықтай кері ықпал етпек. БҰҰ-ның шешімін құрметтейтін көптеген елдер Теһранмен экономикалық байланысын шектейтін болады. Сондай-ақ бұл құжат Иранның қарулы күштерінің еркін дамуына да біршама шектеу жасайды. Халықаралық қоғамдастық тарапынан бақылау күшейеді.
Сөйтсе де бұл қарар Иран экономикасын тұқыртпайтыны да анық. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің пікіріне қарағанда, қарардың мазмұны Иранның қалыпты экономикалық белсенділігіне проблемалар туындатпаса керек. Ал әлем жұртшылығының алаңдайтыны – ядролық ойыннан от шықпағаны ғой.
КОРЕЯ ТҮБЕГІНЕН СОҒЫС ИІСІ ШЫҒАДЫ
Тағы да екі Кореяның арасында үлкен жанжал көтерілді. Екі жақ та соғыс дайындығын жариялап, бір-біріне тарпа бас салуға әзір. Айтқан жерден аулақ, біреуі жазатайым қадам жасаса, соғыс өрті бұрқ ете қалатындай.
Ұрысқысы келгенге желеу табылады деген бар. Бүгінгі жағдайдың қалай туғанына тоқталайықшы. Осыдан екі ай бұрын, дәл айтсақ, 26 наурыз күні Сары теңізде Оңтүстік Кореяның “Чхонан” катерінде жарылыс болып, ол бортындағы 46 теңізшімен бірге суға батты. Апаттың себебін білмегендіктен, Сеулдегілер іштей бәле солтүстіктен болды десе де, ешкімге кінә қоймай, оқиғаны жан-жақты зерттеуге кіріскен. Онымен халықаралық комиссия айналысып, ақыры кеме торпедолық шабуылдың салдарынан жарылды деген тұжырым жасады.
Бұл тұжырымнан біраз қорытынды жасауға да болады. Әрине, өз кемесін Оңтүстік Корея өзі жармайды. Қисынға салса, кесел солтүстіктен келген. Солардың сүңгуір қайығынан жіберілген торпедо апатқа себепші болған. Солай болғанда, не істеу керек? Үнсіз қалса, қарсыласынан қорыққандай болатыны өз алдына, қаза тапқан 46 теңізшінің аруағын сыйламағандық. Оның үстіне, біреуді кінәлі деп тапқан соң, ол жауап беруге тиіс, кінәсіне орай жазасын алуға тиіс.
Оңтүстік Кореяның, яғни Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак КХДР-мен сауда-саттық та, теңіз байланысы да тоқтатылатынын хабарлады. Сондай-ақ Сеул БҰҰ-ға шағымданып, Солтүстік Кореяны жазалауды өтінді. Бұл ел үшін жазаның үлкені – халықаралық санкция. Сырттан көмек болмаса, КХДР қиналып қана қоймайды, күні қараң.
Мұндайда қашан да Пхеньянның жауабы дайын: құртамын, жоямын дейді. Олар “Чхонан” катерінің апаты туралы халықаралық сарапшылардың қорытындысын мойындамайды, оны арандатушылық әрекет санайды. Сондай-ақ ол “қалыптасып отырған жағдайды әскери кезең санап, барлық проблемаларға пәрменді түрде жауап беретінін ойластырып отырғандарын” хабарлады.
Бұл жай ғана сөз емес, үлкен қақтығыстың басындай көрінеді, оңтүстік жағы екі ел арасындағы шекаралық сызықтың бойына дауыс күшейткіштер орнатып, сол арқылы солтүстік жақтағыларға пәрменді насихат жүргізуді қолға алды. Бұған қоса 11 жерге үлкен электрондық таблолар орнатып, одан да насихаттық хабарлар жүргізбек. Бұған қатысты Пхеньян сол нысандарды көздеп атып, жойып жібереміз, дейді. Оқ атылған соң, оған жауап болады, жаманаттың иісі мұрын жарып тұр.
Екі елдің арасындағы қақтығысты сөз еткен жұрт екі жақтың күшін, қару-жарағын санай бастады. КХДР-да 1,2 миллион әскер бар екен. Бірақ қару-жарағы ескі, кешегі КСРО-дан алған болып шықты. Сөйтсе де адам өлтіруге жарайды. Оңтүстік Кореяның қару-жарағы жаңа, оған АҚШ-тың осында орналасқан 28 мың мұздай қаруланған әскерилерін қосыңыз. Соғыс болмасын-ау, болса, дүние астан-кестен.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун (бұл өзі оңтүстікореялық) екі жақты да қарулы қақтығыстан сақтандырса да, КХДР-ға қосымша санкция енгізуді жақтайтынын білдіріп отыр. Бұл жақтағанмен, солай бола қалмайды. Өйткені, солтүстіктің жалғыз одақтасы дерлік Қытай вето құқын пайдаланары анық. Ескі одақтасын Ресей де жолда қалдырмас.
Әйтеуір бұл шиеленіске әлемнің жетекші елдері қатысатыны белгілі болып отыр. Содан да жағдай ушығып кетер болса, оның зардабы да үлкен болмақ. Тек көп болып, апаттың алдын алғанға атсалысқан жөн дейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП.