Жер бетінде ең сирек кездесетін жалқарағай ормандары Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде, Ресей және Канада жерінде ғана сақталып қалған. Айтса айтқандай, ежелгі мұхиттың табанында, кәдімгі құм жалдарында өсіп шыққан реликті ормандардың ерекшелігі басым. Тамыры 70 метр тереңдікке бойлап, сонау шыңыраудағы жерасты суларынан қорек алатын қылқанжапырақтылар – бүгінде еліміз үшін баға жетпес табиғи байлықтың бірі. Адамзаттан да ерте пайда болған тамаша қазынаны қаз қалпында сақтап, көбейту үлкен мәселеге айналып отыр.
Орманның 40 пайызынан айырылдық
Қазақстандағы жалқарағай ормандары Павлодар мен Абай өңірлерінің аумағын алып жатыр. «Ертіс орман жолағы» (ленточный бор) деп аталатын себебі орман алаптары таспа тәрізді шұбатылған қалыпта өсіп, ені 400 метрден 40 шақырымға дейін жетеді екен. Мамандар Шалдай ормандары Алтай тайгасына барып қосылатынын айтады. Бүгінде бұл орманның сақталуына «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты жауапты. Резерваттың өзі Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұратынын, жалпы аумағы 177 мың орман жамылғысы қарайтынын атап өткенді жөн көрдік. Қорғалуы жағынан «Аса құнды орман алқаптары» санатына енеді. 2003 жылы резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.
Тәжірибелі орманшылардың сөзіне сүйенсек, тәуелсіздіктен бергі жылдары өңіріміздегі жалқарағай ормандарының 40 пайызынан айырылып қалыппыз. Қылқанжапырақты ағаш алқаптарын күтіп баптауға қажет жұмыс күшінің жеткіліксіздігі, мекемелердегі техника паркінің тозуы, жергілікті тәлімбақтардың заманға сай құрал-жабдықпен қамтылмауы, орман өндірісінің жеткілікті жолға қойылмауы секілді мәселелер 90-жылдардағы алапат өрттерден онсыз да селдір тартқан қара орманның жағдайын ауырлатып тұр.
Құрылғанына биыл тұп-тура 20 жыл толған резерват осы кезең ішінде түк бітірмеді деп аузымызды қу шөппен сүртуге келмес. Басшысы жиі ауыса беретін мекеме ұжымы кейінгі уақытта біраз шаруаның басын қайыруға тырысты. Мысал үшін орман өрттерінің алдын алу, одан келетін шығындарды азайту бағытында жоспарлы істер тындырылып, орманшылардың бұл бағыттағы тәжірибелері толыға түсті. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында бұл аумақтағы қарағайлы ормандардың 72 мың гектардан астамы алапат өрттен жанып кеткен еді. Осыдан-ақ аймақ экологиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келгенін білуге болады. 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеулерін көбейту мақсат етілген еді. Бүгінде сол шығынның біраз бөлігі бүтінделді, яғни 20 жыл ішінде 41 510 гектар алқапта орманды қалпына келтіру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.
Орман қорғау саласының ардагері, кезінде «Ертіс орманы» мекемесін басқарған Төлеген Шакармановтың бұл салада қалыптасқан түйіндерді шешуге қатысты айтары бар.
– Реликті орман жамылғылары сонау көне замандарда, бұрынғы мұхиттың орнында шөгіп қалған балдырлардың негізінде өсіп шыққан дейді оқымыстылар. Алайда осыған ғылым тұрғысынан әлі күнге дейін нақты дәлелдер келтіріліп, нақты байлам жасалған жоқ. Жалқарағайдың тамыры 70 метр тереңдікке кетіп, ежелгі мұхит суынан қорек алады. Былай қарасаң, мұндағы орманды жерлердің барлығы кәдімгі сусылдаған құмға өскен. Табиғаттың тамашасы емей немене, мұндай жердің топырағы жалаңаш болса ит байласаң да тұрмас еді. Ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап қалған иен орманды жерлерді қазіргі қалпында сақтап, келешек ұрпаққа табыс ету – біздің міндетіміз. Бұл бағытта мемлекеттің қолдауымен жасалып жатқан іс-шаралар, бағдарламалар аз емес. Алайда қолдағы ресурстың аздығы жоспарлардың толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. Өзім байқағандай, мұндағы ең кәрі қарағайлардың жасы 600 жылға жетеді. Рас, бір жылдары орман маңайындағы жұрт жалқарағайға жаудай тиіп, аяусыз отады. Кейін оның бәріне тыйым салынып, Аққулы ауданынан – 63, Шарбақты ауданы бойынша 65 пилорама орман алқаптарынан 2-3 шақырым жерге шығарып тасталғанына өзім куә болдым. Жанып кеткен, оталған ағаштардың орнын толтыру мақсатында резерватпен тынбай жұмыс істеліп жатыр. Резерват аумағында ағаш кесу нормалары бар. Сол шаруаға кейде жекеменшіктегі «жабайы бригадалар» еніп кетіп, ойларына келгенін жасайды. Құқық қорғау органдары ондайларды іздеп тауып, сазайларын беріп жатқанын байқап жүрміз. Тек бұл бағыттағы қорғау шараларын алдағы уақытта күшейте түскен абзал, – дейді ардагер.
Т.Шакармановтың айтуынша, мемлекет осыншама иен байлықты сақтаумен қатар, ол арқылы мол табыс табуға бет бұрғаны абзал. Бұл үшін Бесқарағай мен Шалдай орман шаруашылықтарында ағаш өңдеу зауыттары ашылып, заманға сай жиһаз шығаратын цехтар құрылса құп. Орман шаруашылығында «жоғарғы қойма» және «төменгі қойма» деген ұғымдар бар. Жоғарғы қойма – орманшылар дайындаған ағаштың жиналып, алғашқы өңделетін аумақ. Ал төменгі қойма – дайын өнімдер шығаратын зауыт. Өкінішке қарай, резерват қазіргі күні ағашты өңдемей, бөрене күйінде көбірек сатады. Осыдан қазынаға түсетін қаражат та мардымды емес. Қарағай бөренелерін ені 20, 30, 40 мм тақтайға айналдырып сатса, табыс екі еселенетіні анық. Ал қаржы көбейсе, орманшылардың материалдық-техникалық қамтылуы жақсара түсетіні анық дейді ардагер.
Анықтап білгеніміздей, бүгінде резерватта бөрене күйінде сыртқа сатылатын ағаштың текше метрі 20 мың теңгеден, тақтай күйіндегісі ең арзаны 45 мың теңгеден бастап босатылатын көрінеді. 3 пилорама, 1 өндірістік база заңды түрде өңдеу ісімен айналысады. Алайда олардың қуаттылығын арттыру, әзірленетін бұйымдардың сатылымын өсіру, қысқасын айтқанда, коммерцияландыру аса алға баспай тұр.
«Орманшының еңбегі ауыр, сонысына қарамастан жалақылары өте аз. Жазғы уақыттағы өрт қауіпті кезеңде орманшының тағдыры бір өртте қиылып кете баруы мүмкін. Алайда сондай алапат мезгілде бастарын бәйгеге тігетін қызметкерлерге ешбір қосымша төлемақы қарастырылмайды. Осыны негізге алатын уақыт жетті. Үкімет табиғат берген мол несібені осы күйінде сақтап қалу үшін оны қорғаушылардың адал еңбегін де лайықты ескеруі керек. Қалпына келтірілген орман жамылғыларын шаруашылыққа пайдалану үшін кемінде 70-75 жыл уақыт керек. Павлодар облысындағы жалқарағай ормандарының аумағы еліміздегі жалпы орман қорының небәрі 0,04 пайызын құрайды екен. Онсыз да аз ғана реликті орманға стратегиялық табиғи байлық ретінде қарайтын уақыт жетті», деп санайды маман.
Тәжірибелі орманшы отырғызылатын ағаш көшеттерінің жүйесін де өзгерту керек деп есептейді. Резерватта қарағай көшеттері бұрынғыша ленталы тәсілмен отырғызылады екен. Қалың өрт тұрса, мұндай біртұтас танаптар толығымен жанып кетеді. Сондықтан ағаштар шахмат тақтасындағыдай тәртіппен шоқ-шоқ болып егілуі тиіс. Жаңадан егілген ағаштардың арасында кемі 100 метр қашықтық сақталса тіпті жақсы.
Маман да, техника да жетіспейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде еліміздегі орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылуға тиіс деген міндет қойған.
«Ертіс орманы» мекемесінің бас директорлығына жарты жыл бұрын ғана бекіген Арман Бектеміровтің сөзінше, Президент тапсырмасын орындау мақсатында резерватта 2021 жылдан бері әр көктем сайын 14 млн данадан ағаш отырғызылып келген. Биыл да осы шамада тал егіледі. Бұл бағдарламаның нәтижесінде кезінде жанып кеткен 800 гектар орман жамылғысының орнына жас талдар отырғызылып, орман жамылғылары қайта қалпына келе бастаған.
Өкінішке қарай, жұмыстардың жоспарға сәйкес жүзеге асуына қырсығын тигізіп тұрған мәселелер аз емес. Мекеме басшысы орман шаруашылықтарында маман жетіспеушілігі үлкен проблема екенін жайып салды. Қазіргі уақытта мұнда тұрақты түрде 307 қызметкер еңбек етсе, маусымдық жұмыстар басталғанда олардың саны 1,5 мың адамға жетеді екен.
– Біздің қатарымызда зейнетке шықса да, алмастыратын кадрдың жоқтығынан әлі де еңбек жолын жалғастырып келе жатқан азаматтар аз емес. Орташа еңбекақы көлемі – шамамен 90-100 мың теңге. Жас мамандардың бұл жалақыға келгісі жоқ. Ауылдардағы үйлерді жөндеп, барлық жағдайын жасап қойдық. Тек оған кіретін жаңа қызметкерлер жоқтың қасы. Орман аумағындағы ауылдардың дені – шағын елді мекендер. Оларда тұрып жатқан отбасылар саны жыл сайын кеміп жатыр. Жастар үлкен шаһарларға толассыз кетіп жатыр. Ал ауылдық жерлерде жұмыс істеуге қабілетті адамдардың дені – зейнеткерлер. Қазірдің өзінде бізге көлік жүргізушілер, трактористер, мемлекеттік инспекторлар қажет. Бұған қоса техникалық мүмкіндігіміз күшейтілсе деген тілегіміз де бар. Техника паркіміз жеткілікті (82 дана МТЗ тракторы, 28 дана өрт сөндіргіш машина және т.б. техникалар бар) болғанымен олардың көбінің қолданыстағы мерзімі 10 жылдан асып кеткен, – дейді А.Бектеміров.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының дерегінше, өңірдегі орман қорғау саласына сатып алынатын техникалардың үлесі өте аз. Былтыр небәрі 8 техника мен 3 агрегат сатып алынса, ал биыл 14 арнайы техника мен 6 соқаның құны бюджетте қарастырылып қойған. Басқарма басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың айтуына қарағанда, бұл көлік құралдары облыстағы орман қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін 64 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді екен. Ал облыста «Ертіс орманынан» бөлек, 69 мың гектар жері бар «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» және жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер (Павлодар, Үрлітүп, Максим Горький) бар екенін айту қажет. Сондықтан бұл көрсеткіш техникалық жарақтану бағытындағы жұмыстардың мардымсыз жүріп жатқанын айғақтап тұр. Ал орман шаруашылығы саласы – еңбекақы ең аз төленетін салалардың бірі. Өңірдегі мемлекеттік орман күзетінің жалақысы өтіліне, біліктілігіне және лауазымына байланысты 72 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін жетеді.
Былтыр күзде жүргізілген ағаш түгендеу жұмыстарының нәтижесіне зер салсақ, көктемде егілген жас талдардың 39 пайызы ғана өзінің өсімталдығын, жерсіну қабілетін сақтап қалған. Орманшылар бұған ең алдымен, кейінгі жылдары аймақта қалыптасқан қолайсыз ауа райы мен климаттық жағдайлар себепші дейді. Жазда жауын-шашынның ұзақ болмауы орманшылардың еңбегін еш етіп жатыр. Екінші тұрғыдан ағаш көшеттерінің дені өзге аймақтардан сатып алынатындықтан, жерсінуге қатысты мәселе қалыптасқан.
Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесінің бұрынғы басшысы Аждар Жүсіповтің мәліметінше, былтыр бұл ұйымға қарасты жерлерде небәрі 120 гектарға тал отырғызылыпты. Биыл – 665, келер жылы 700 гектарға жасыл желек егіледі деп жоспарланып жатыр екен. Көшеттер былтыр Абай облысының «Семей орманы» тәлімбағынан жеткізілген. Себебі біздің өңірдегі «Горзеленстрой», «Дендра», «Ландшафт Дизайн» тәлімбақтары облыстағы орман шаруашылықтарының сұранысын өтеуге мүлде қауқарсыз көрінеді.
– Өткен жылы көктемде егілген көшеттердің жағдайын қарап, санап шықтық. Өкінішке қарай, олардың 40 пайызы ғана өміршеңдігін сақтап қалған. Негізі өзіміздің тәлімбақтар біздің жердің топырағына тез бейімделетін тал-теректі өсіріп, жеткілікті деңгейде дайындаса деген тілегіміз бар. Оның үстіне бізде жаңа тракторлар мен патрульдеу машиналары жетіспейді. Бұл бағытқа қаражат бөлуді сұраймыз, – дейді ол.
Бұрынғы әріптесінің сөзін Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекшісі Руслан Төлепбаев та растап отыр. Мекеме басшысының ресми жауабында 2021 жылы өңірде жалпы аумағы 6,25 гектар 3 тәлімбақ, ал былтыр 3 гектар аумақта небәрі 2 тәлімбақ жұмыс істеген делінеді. Биыл «Ертіс орманы» мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінде жалпы саны 22 млн 100,6 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Оны қос мекеменің өздері жабады. Бұған қоса облыс әкімдігіне қарасты орман мекемелерінде 7 млн 342,5 мың түп тал егу қарастырылған екен. Өкінішке қарай, уақытша тәлімбақтар бұл қажеттіліктің 1 млн 389,6 мың данасын ғана беруге қауқарлы. Ал жетпегенін сырттан сатып алу үшін бюджеттен қыруар қаражат бөлу қажет болады.
Заңсыз ағаш кесу тыйылар емес
Өкінішке қарай, «Ертіс орманы» аумағында заңсыз ағаш кесу оқиғалары әлі де тыйылмай тұр. Былтыр жыл соңында Павлодар облысының прокуратурасы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман заңнамасының сақталуы және орман қорын қорғау, пайдалану саласында қабылданып жатқан шаралар мәселесі бойынша тексеру жүргізіп, біраз былықтың бетін ашқан еді. Тексеру көрсеткендей, Ертіс орманы 9 жыл бойы орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізудің ескірген кешенді жоспарын пайдаланып келген, бұл орман қорын мемлекеттік басқарудың тиісінше жүргізілмеуіне әкеп соқтырыпты. Орманды аралау барысында прокурорлар 331 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесілгенін анықтаған. Одан мемлекетке 4,6 млн теңге шығын келтірілген.
«Жыл сайын орман дақылдарын отырғызу бойынша шаруашылықтардағы ұласып өсудің жоспарлы көрсеткіші 70%-ға жетпейді. Іс жүзінде ол 30-46%-ды құрайды. Осы мақсаттарға бөлінген 1,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты тиімді пайдаланылмаған. Орман шаруашылықтарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер бар. Техниканың тозуы 75%-ды құрайды. Бейінді мамандардың болмауы мәселесі өзекті болып отыр. 69 қызметкер (22%) біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, оның ішінде жұмысқа орналасу кезінде жалған құжаттарды (дипломдарды) пайдалану фактілері анықталып, 2 қылмыстық іс қозғалды», делінген прокуратураның ақпаратында.
Бір қызығы, мемлекеттік инспектор лауазымына бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар, оның ішінде ағаш ұрлау фактілері бойынша істі болған азаматтар тағайындалады екен. Мекеменің кредиторлар алдындағы берешегі 42 млн теңге бола тұра, жалпы сомасы 35,2 млн теңгенің сыйақылары негізсіз төленген. Прокурорлар сондай-ақ резерват қызметкерлері орман және өртке қарсы заңнама талаптарын елемейтінін, ағаш қалдықтары өрт шығу қаупі бар кезеңде жойылатынын алға тартады. Мұндай әрекеттер салдарынан орман қорына 30 млн теңгенің залалы келген.
Табиғи байлық тұрғысынан қарағанда жалқарағай ормандарының құндылығына баға жетпейді. Қылқанжапырақтылардың 100 гектар аумағы бір тәулік ішінде 8 тонна көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, 12 тонна оттегі бөледі екен. Осының өзі «табиғи сүзгінің» адамзат өмірі үшін аса маңызды екенін аңғартса керек. Жалқарағай ормандарына мемлекет тарапынан өзгеше жауапкершілік пен қамқорлық керек.
Павлодар облысы