Қазақстандағы ерекше балаларға шығармашылық мамандықтарды оқуға мүмкіндік жоқ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова мәлімдеді.
Оның айтуынша, коррекциялық мектептерді тәмамдаған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл бағыттағы арнайы бағдарламалар қарастырылмаған. Салдарынан оларды кәсіби тұрғыда жетілдіруде, мәдениет мекемелеріне жұмысқа орналасуда қиындықтар туындап жатыр.
– Қазір еліміздегі ерекше балалардың театр маманы болуы үшін мемлекеттен арнайы бағдарламалар әзірленбеген. Мәселен, вокал бөлімінде «ым-ишарат» тілінде ән айту мамандығы жоқ. Соның салдарынан коррекциялық мектептерді бітірген, жаны шығармашылықты қалайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені мәдениет мекемелеріне арнайы диплом қажет. Сондықтан балалар көбінесе тігінші немесе етікші болады. Бұл біз үшін де, қоғам үшін де өткір мәселе. Бірақ театр – ерекше балалар үшін өнер жолында өзін шыңдауға, әлеуметпен етене байланысуға тамаша мүмкіндік, – деді спикер.
Ұлттық Дельфий комитеті өкілдері мүмкіндігі шектеулі балаларға оның ішінде есту қабілеті нашар жастармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелерін жетекшілік ететін министрліктерге бірнеше рет ұсынған. Егер халықтың бұл тобына арналған ілкімді бағдарлама қолға алынса, әзірлеу үдерісіне қатысуға дайын екенін де жеткізді.
– Алайда жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру бағдарламаларының мазмұнын өз бетінше анықтайтын академиялық еркіндік деген бар. Бұл да шығармашыл ерекше азаматтардың мүмкіндігін кеңінен насихаттауға кедергі. Комитеттің негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі балалардың болашақ кәсібін, өнерді таңдауы үшін әр өңірде алаңдар мен театрларды дамыту. Бүгінде тек Петропавл қаласында оқу орындарымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Соның нәтижесінде ерекше студенттер шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға мүмкіндік алды. Қазір бізде хореографияны бітірген 2 түлек бар. Бұған қоса театр актерлеріміз облыстық қазақ драма театрында жұмыс істеп жатыр, – деді Қ.Түспекова.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында «Ым-ишарат тілінде ән айту» номинациясы бойынша Ұлттық Дельфий ойындарының қазылар алқасының төрағасы Хасан Исраил ым тілін үйренудегі проблемалардың барын жасырмады.
– Көру қабілеті нашар адам заттан, ал есту қабілеті нашар адам қоғамнан алшақтайды. Қазіргі уақытта басты мәселеміз де – осында. Біздің ерекше жандарымыз қоғамнан бөлініп кетпеуі керек. Олар әлеуметпен біте қайнаса өмір сүруге тиіс. Жалпы, Дельфий ойындары шығармашыл жастардың ашылуына көп ықпалдасып жүр. Біздің балалар үлкен сахналарда өнер көрсетіп, өз талантын жұртшылыққа дәлелдеп келеді, – деді Х. Исраил.
Айта кетейік, жуырда елордада ерекше театр әртістерінің гастрольдік сапары өтеді. 5 ақпанда көрермендер екі мәрте Дельфий ойындарының чемпионы атанған ұжымның «Сквозь тишину» атты концертін тамашалай алады. Онда есту қабілеті нашар бишілер де өнер көрсетеді. Ал 6 ақпан күні театр сүйер қауымға «Мы с тобой одной крови» атты әлеуметтік драмасын ұсынады. Бұл – Орталық Азиядағы ым-ишарат тіліндегі жалғыз спектакль. Театр продюсері Құралай Түспекованың айтуынша, мұндағы басты мақсат – халықтың назарын ерекше балаларға аудару арқылы Қазақстанда меценаттық және қайырымдылық институтты дамыту.
– Біздің актерлар сахнада ойнамайды, олар сахнада өмір сүреді. Талантты бала сүйген ісімен айналысса, оған ешқандай шектеу жоқ екенін қазақстандықтар түсінсе дейміз. Театр арқылы біз балаларды қоғамға бейімдеп қана қоймай, денсаулық жағдайының да белгілі бір деңгейде жақсарғанын көріп отырмыз. Еліміздің әр өңірінде ерекше театр труппаларын құруды жоспарлап отырмыз, – деді Қ.Түспекова.
Жалпы, 2019 жылы ерекше театр еліміздің 20 қаласында және халықаралық фестивальдерде өнер көрсеткен. Тіпті 2020 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласына арнайы шақырылған. Дельфий комитетінің айтуынша, қазірдің өзінде ТМД елдерінен ұсыныс жиі түседі. Бұл қаржылық қолдаудың болмауына байланысты әзірге мүмкін болмай тұр. Сондықтан олар мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық жетістіктерін насихаттау және елімізде меценаттық және қайырымдылық институтын дамыту бағытында бірқатар мәдени іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.