Елордада «Respublica» партиясының кезектен тыс алғашқы съезі өтті. Саяси сахнаға енді қадам басқан жас партия тың жоспарларын ұсынып, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленуге ниетті. Бос сөзден гөрі нақты іспен көзге түсуді көздеген партия мүшелері құрылтай кезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізімін бекітті. Осылайша, партия атынан сайлау додасына 29 кандидат түспек.
«Respublica» – мемлекет қызметінің түрлі саласын қалпына келтіруге ұмтылатын белсенді азаматтарды біріктірген жаңа партия. Оған еліміздің кәсіпкерлері мен қоғам қайраткерлері тартылған. Басты мақсаты – әрбір Қазақстан азаматы саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге өзінің атсалысып жатқанын сезінуі үшін ел саясатына ықпал ету тетіктерін жасау. Ұраны – «Жаңа адамдар – жаңа қадамдар».
Естеріңізде болса, партияның құрылғаны туралы 2022 жылдың тамызында жарияланды. 2023 жылдың 18 қаңтарында «Respublica» партиясы тіркеу құжаттарын қабылдады. Партияның 1 төрағасы және 7 тең төрағасы бар. Жаңа партия болғандықтан, саяси құрылым жайлы аз-кем қысқаша ақпарат осы.
Құрылтайда «Respublica» партиясының тең төрағалары, кәсіпкерлер Сырымбек Тау мен Руслан Берденов партиялық тізімдер және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған сегізінші мәрте сайланғалы отырған Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың тізімін таныстырды.
– Тізімге түрлі саланың кәсіпкерлері, бизнес-қауымдастықтардың, жоғары оқу орындарының жетекшілері, сарапшылар мен мамандар, ұйымдастырушылар мен идеологтер енді. Олардың әрқайсысы – тәжірибелі, үздік басқарушы, нағыз көшбасшы азаматтар. Әрқайсысының жеке табыс тарихы бар. Әркім мыңдаған жұмыс орнын ашады, технологияларды, бизнес саласына ең заманауи тәсілдерді енгізеді, озық тәжірибені қолданады, өз аймақтарында азаматтардың өмірін жақсартады. Олардың білімі, тәжірибесі, кәсіби қызмет аясы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың бәрі бір ортақ шаруаға жұмылуға дайын. Атап айтсақ, елімізге оң өзгерістерді әкелуге, ескі Қазақстан идеяларынан құтылуға ұмтылып отыр, – деді Сырымбек Тау.
Партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаров «Respublica» партиясының миссиясына тоқталды.
«Біз үшін бұл жеңіс неліктен маңызды? Қазақстандықтар елде халық қолдайтын мықты, саламатты балама бар екенін түсінуі керек. Қазіргі жүйенің балама нұсқасын көргісі келетіндердің саны артып келеді, сондықтан әрбір қазақстандықтың мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі мен орнына деген көзқарасын өзгерту үшін жеңіс маңызды. Жаңа Қазақстанның барлық азаматтары саяси шешімдер қабылдауға ықпал ете алуы керек», деді партия төрағасы.
Жиында сайлауалды бағдарламаның жобасы таныстырылды. Партияның тең төрағаларының бірі Қуаныш Шонбайдың айтуынша, бағдарламаны әзірлеу барысында халықты мазалаған негізгі мәселелер назарға алынған. «Ел азаматтарының мүддесі үшін заманауи және күшті мемлекетті қалай құруға болады? Бұл бағдарлама қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау жолына бастамашы болып, Парламент Мәжілісінде де, облыстық және қалалық мәслихаттардағы жұмысымызға да көзқарасымызды көрсетеді», деді ол.
Партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова барлық реформа тез арада айтарлықтай нәтиже көрсетуі керек екенін атап өтті. Ол үшін партия тарапынан бар күш жұмсалмақ.
«Адамдар барлық бастама жақсы жаққа өзгеретінін сезінуі керек. Реформалардың барша қазақстандықтың мүддесі үшін жүргізілуі өте маңызды. Соған сай адамдар өз партияларының қажеттіліктеріне сай әрекет ететініне сенімді болуы қажет», деді Д.Шүкіжанова.
Партияның тең төрағасы Максим Барышев кәсіпкерлік саласы ел экономикасының шикізатқа тәуелділігін азайтуға көмектесетін бағыт екенін атап өтті.
«Біз экономика салаларына арналған нормативтік заңнаманы ұтымдылық, жаңарту және тиімділік бағытында қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Заңдар бизнестің дамуына кедергі болмай, оның өсуін ынталандыруы қажет. Салық жүктемесін азайту бағытында салық заңнамасын қайта қараған жөн. Салық салу қарапайым, түсінікті және өзгеріссіз болуы керек», деді ол.
Съезд соңында Айдарбек Ходжаназаров «Respublica» партиясы жоғары технологиялық ұлттық экожүйені құруға қабілетті саяси күш екенін айтты.
«Алдағы жылдарда өткен қателіктердің барлығын түзейтін біз – нағыз істің адамдары, кәсіпкерлер мен патриоттар. Бүгін біз айтып отырған басты мәселе – елді өзгерту үшін бизнесте табысты болған тәсілдерді саясат пен мемлекеттік басқаруда қолдануымыз керек. Біз жас, өршіл, жігерліміз. Бізде өте айқын ұстаным бар. Парламентке енген соң, соған міндетті түрде қол жеткіземіз, ел мен халықтың игілігіне қызмет ететін заңдарды қабылдаймыз», деді партия төрағасы.