• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 06 Ақпан, 2023

Ғалымдар марапатталды

376 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік ғылыми стипендиялардың иегерлерін марапаттап, өткен жылғы республикалық конкурс нәтижесінде үздік атанған ғалымдарға дипломдар мен төсбелгілер тапсырды.

Республикалық конкурс нәтижесінде 35 жасқа дейінгі 50 талантты жас ғалым және 25 жетекші ғалым Мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болғаны белгілі. Министр үздіктерді марапаттау барысында ғылымның алдағы даму бағдарына қатысты міндеттермен де бөлісті.

Оның айтуынша, Президенттің ғылым са­ласындағы қолдауының нәтижесінде оң өзге­рістер орын алып жатыр. Заңнама жетіл­діріл­іп, ғылым саласына бөлінген қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Жас ғалымдарға айтар­лықтай қолдау көрсетіліп, ғылыми-зерттеу инсти­туттарының базасы жаңартылып жатыр. Ғалымдар жетекші ғылыми орталықтарда тағы­лым­дамадан өтіп жүр.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударылып отыр. Осы жылдан бастап отандық ғылымның дамуындағы жаңа кезең басталады. Грантқа ие болған 1 200-ге жуық ғалым жалақымен қамтамасыз етіліп, кепілдендірілген қаржыландыру аясындағы зерттеулер үздіксіз жалғасады. Сондай-ақ гранттық және мақсатты қаржыландыру тетіктері өзгертіліп, кейінгі жылдары ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, ғылымды дамыту, ғалымдарға қолдау көрсету жалғасын табады, – деп атап өтті министр.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ғылы­ми зерттеулерді қолдау үшін алдағы 3 жылда 650 млрд теңге бөлініп, ғылымды коммер­ция­лан­ды­­ру­ға және қолданбалы ғылымға басымдық беріл­мек. Тың идеялар мен үздік өнертабыстарды жүзеге асыру үшін 75 млрд теңге қарастырылған. Өткен жылы ғалымдардың жалақысы 2 есеге дейін өсті.

Ғалымдардың мәртебесі өссе, ғылым да дамиды. Ал ғылымы дамыған елдің экономикасы да қарыштайтыны анық. Ғылыми қауымдастықты жігерлі қадамдарға үндеген министр алдағы уақытта ғылым алдындағы тұрған келелі міндеттердің нәтижесі ел өмірінен көрініс береді деген сенім білдірді.

 

АЛМАТЫ