• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2023

Екібастұзда жылумен жабдықтау жүйесіне ауқымды жөндеу жүргізіледі

323 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте жылу желісінің бірқатар учаскелерін ауыстыру және ЖЭО-да жөндеу жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілдері Екібастұзға барды. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқаннан кейін жұмыс тобының мүшелері әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді аралады.

«Бүгінгі таңда Екібастұз ЖЭО-да бес қазандық – екі энергетикалық және үш су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Тағы 5 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жылу желісінің зақымдануын жою бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жөндеумен қамтылған орамішілік учаскелерде тоғыз зақым бар», деп жазады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Екібастұзда жылу беру температурасын реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нормативке сәйкес, ол 77/53оС (шығу кезінде), қазіргі кездегі нақты көрсеткіш – 64/45оС (шығу кезінде) болуы керек.

«6 ақпанда жылудың температуралық параметрлерінің төмендеуіне байланысты мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Жұмыс аяқталғаннан кейін оқыту форматы штаттық режимде қалпына келтіріледі», делінген хабарламада.

Қалада жүйелі түрде жылынбайтын 28 көппәтерлі тұрғын үй бар. Осыған байланысты жылыту маусымы кезеңінде осы үйлерді жылумен жабдықтау жүйелерін неғұрлым жоғары параметрлер бойынша баптау туралы шешім қабылданды. Барлық жұмыстарды тиісті коммуналдық кәсіпорындар жүргізеді.

«Сондай-ақ қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын ауқымды жөндеу науқанына дайындық жүргізіле бастады. Бүгінгі таңда қалалық жылумен жабдықтау жүйесіне техникалық аудит жүргізіліп жатыр. Бұл ретте мемлекеттік сараптамадан өтетін жалпы ұзындығы шамамен 5 км болатын төрт магистралды реконструкциялау жоспарда бар», деп жазады баспасөз қызметі.