• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 07 Ақпан, 2023

Әлкейдің күнделігі

316 рет
көрсетілді

Әлкей Марғұланды Ленин­градта білім алуға көндірген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов еді. Болашақ археолог он­дағы Шығыс инс­титутында оқып жүргенде орыс­тың шығыстанушылары мен өзге де түркітанушы оқы­мыс­ты­лардың әр дәрісінен қажетті мәліметтерді күн­де­лігіне талмай жазып отырған.

Әйгілі тұлғаның сол күнделігі бүтін күйінде сақталып, бүгінде Керекудегі «Ertis» музейіне келу­ші­лердің көз­айы­мына айналып отыр. Әлкей Хақанұлы ХХ ғасырдың басында қазақ даласынан Ресейге барып, білім ала бастаған қазақ жастарының алғашқыларының бірі еді. Семейдегі педагогикалық тех­никумда тәлім алған уақытта Мұх­тар Әуезовпен достасып, қа­ламгер оған Ленинградқа барып оқуға кеңес береді. Сөйтіп, техникумнан соң Ленинград қаласына жолы түсіп, 1925-1931 жылдар арасын­да Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғам­дық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды. Бұларға қоса, Өнер тарихы институтында дәрістер тыңдайды.

– Біздің қолымызда сақталып қал­ған құжаттардан Әлкей Мар­ғұланның студент шағында, ке­йінгі ғалымдық қызметінде Ленин­град пен Мәскеудің танымал кітапха­наларының тұрақты оқыр­маны болғанын білуге болады. Олар­дан тапқан сирек кітаптар мен қолжазбалардан алғаш рет Күлте­гін жазбаларын, Шығыс халық­тары­ның тарихтары мен мемлекет құрылысын, Х ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Әбу Дулафтың Қытайға, Византияға, бірнеше Шығыс еліне жасаған сапарларынан құнды мәліметтерді көші­ріп алған. Қимақ қағанатын Рашид-ад-Дин оғыздар тайпасы деп атағаны белгілі. Сондағы қимақ бірлестігі­нің құ­рылысы жайлы тарихи дүниелер­ді де ғалымның күнделігінен көре аламыз. Жазбалар орыс және қазақ тілінде жазылып, кириллицамен және араб қаріптерімен түсірілген. Жазуы маржандай, арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де күнделік жақсы сақталып, оқуға мүмкіндік бар, – дейді «Ertis» музейінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Кезінде Торай­ғыров уни­версите­тіне Дәнел Марғұланқызы әкесінің мұ­рала­рын тапсырған екен. 2019 жылы мульти­ме­диялық музей ашыл­ғанда оқу орны­ның басшылығы Ертіс-Баян өңірінен шық­қан атақты тұлғалардан қалған жәдігер­лердің біразын осында өткізуге шешім қабылдапты. Осы­лайша, құнды күнделік мекеме олжасына айналды.

Күнделіктің мұқабасында «Иран, қытай, парсы деректерінен алын­ған ма­териалдар» деген жазуы бар. Оқып бай­қағанымыздай, Әлкей Хақанұлы жас­тығына қара­мастан сол кезде кей­­бір орыс шы­ғыстанушыларының Шығыс халық­тарының тарихына қа­тысты қа­те деректер келтіріп отыр­ғанын жа­зып, өз тұжырымдарын кел­тіреді. Мәсе­лен, түркітанушы оқы­мысты Ники­та Бичуриннің Орта Азия мен Қазақ хан­дығы бойынша жазбаларына қатысты осындай ескертулер кездеседі.

Ғалым кейін осы тір­нектеп жиған дерек-жазбалары мен Оң­түстік Қазақ­стан өңірлерінде жүргіз­ген қазба жұ­мыстарының нәтижесінде, «Ежел­гі Қазақстан қа­лалары мен құры­лыс өнерінің тарихы» атты моно­гра­фиялық еңбек жазып, «Хандар жар­лығының тарихи әлеуметтік мәні» деген та­қырыпта кандидаттық диссерта­ция қорғайды. Қазақтың көне тарихына қатысты зерттеу жүргізгені үшін қуғын-сүргінге де ұшыраған.

 

Павлодар облысы