Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%-ды құрағанын, оның ішінде азық-түлік бойынша инфляция 1,4%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 0,9%-ды, ақылы қызметтер бойынша 0,7%-ды құрағанын хабарлады. Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте (2,2%-дан), Қызылорда және Солтүстік Қазақстан (1,8%), Ақтөбе (1,7%) және Ұлытау (1,5%) облыстарында қалыптасты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7%-ды құрады. Апта сайын динамика әртүрлі деңгейде – +0,3/+0,4%. Маңғыстау (3,4%), Ұлытау (2,8%) облыстарында және Астана қаласында (2,5%) баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттады.
Қазіргі уақытта республикада бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралды. Мәселен, «айналым схемасы» шеңберінде қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Ол қазір тікелей өндірушілерге беріледі. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді. Ол енді өнімді сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни нарықта бағалардың бәсекелес кезінде іске асырылып, маусымаралық кезеңде сатуға лайықталған.
Бұған қоса ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік беретін келісімшарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда 2022 жылғы егін келісімшарты бойынша нақты қорлар: пияз – 110%, картоп – 105%, сәбіз – 87%, қырыққабат – 70%. Қазіргі уақытта сауда объектілері арқылы пиязды сатуды бастау туралы тапсырма берілді.
Серік Жұманғарин республиканың барлық ірі сауда желісі бағаны тұрақтандыру жұмыстарына қатысатынын айтты.
Азық-түлік қоры туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, азық-түлік бағасының мониторингі туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов баяндады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлердегі бағаны тұрақтандыру іс-шаралары туралы баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау екенін айтып өтті. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет.
Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктерге барлық қажетті тетік ұсынылды, қаражат бөлінді, алайда жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мысал ретінде Премьер-министр өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылғанын айтты. «Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттайды? Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы республикадағы форвардтық сатып алу тетігі бірінші кезекте өндірушілерді қаржыландыру үшін қайта форматталғанын айтты. Алайда әкімдіктер делдалдарды көбейте отырып, жеткізушілерге қаражат бөлуді жалғастыруда. «Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді», деді Премьер-министр осыған орай.
Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері сауда саласындағы заңнаманы бұзушылық фактілері болған жоқ, дегенмен әкімдіктерге тиісті өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсынымдар жіберілген еді. «Алайда өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге «қинағандай етіп» мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын: азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Жұмысқа немқұрайды қарау орын алса және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды», деді Ә.Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы сатып алу-сату кезіндегі тауарлардың көлемі мен бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы орайда Премьер-министр әкімдіктерден тек бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын сауда объектілерінде тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сатуды жүзеге асыруды талап етті.
Сонымен қатар Премьер-министр барлық ауданды қамти отырып, тұрақты негізде арнайы жәрмеңкелер өткізу және бағаны, көлемді, қарсы міндеттемелерді және айыппұл санкцияларын белгілеу жөніндегі міндетті шарттарды көрсете отырып, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен пайдалануға беру жоспарланған. Кезекте тұрғандарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жеңілдетілген несие және жалдауға субсидиялар беру көзделген.
Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 31,1%-ға дейін төмендеді. Кейбір өңірлерде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталып отыр. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында – 59,2%, Жетісу облысында – 52,6% және Алматы қаласында – 52,4%. Жалпы, былтыр 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендіріледі. 2029 жылға 1 500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде биыл 3 мыңнан аса меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлік тұрғын үй бар.
Елдің коммуналдық секторын дамыту мақсатында сумен, жылумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды (жылумен жабдықтау – 14 мың км, сумен жабдықтау – 98 мың км, су бұру – 17 мың км).
2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді. Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін, ал 2029 жылы 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің айтуынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5%-ды құрады. Жамбыл облысының (91,9%) қала тұрғындары және Қостанай (79,6%), Ақмола (89,8%), Солтүстік Қазақстан облыстарының (84,6%) ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік төмен екені байқалады. Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтерімен қалалар мен ауылдардағы халықтың 100%-ы қамтамасыз етіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылы тұрғын үйді іске қосу жоспары 401 мың шаршы метрді құрады. Оның 299 мыңы немесе 75 пайызы енгізілді. Бұл туралы өңір басшысы Айдарбек Сапаров хабарлады.
Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішін орындамауға құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болды. Осыған байланысты облыс орталығында тұрғын үйлерді пайдалануға беру жобаларды түзету себебінен 2023 жылға ауыстырылды. Бұл коммерциялық тұрғын үй құрылысының қарқынына да әсер етті.
Екіншіден, 2019 жылдан бастап облыс аудандарында тұрғын үйді пайдалануға берудің негізгі үлесі «Еңбек» бағдарламасын іске асыру аясында жеке тұрғын үй салу есебінен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішіне қол жеткізу үшін 2023 жылы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, іске асырылатын жобаларды қайта қарау жөніндегі жұмыс жүргізіледі.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің хабарлауынша, 2022 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізуге 7,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 4,7 млрд теңге игерілді. Бұл – бөлінген қаражаттың 63,3%-ы.
Игерілмеген 2 млрд теңгеден аса қаражат – Атырау қаласының Талғайран ауылында ауданы 62 гектар учаскеге барлық инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге қатысты жобалар.
Қаражаттың толық және уақтылы игерілмеуінің негізгі себебі – мемлекеттік сатып алу барысында айқындалған мердігерлердің өздеріне алған міндеттемелерін орындамауы. Өйткені кейбір жеңімпаз компаниялардың өңірімізде материалдық-техникалық базасының болмауына байланысты жұмыстарды ұйымдастыра алмады.
Аталған мәселелерді шешу үшін әкімдікпен алынған міндеттемелерді уақтылы орындамағаны үшін мердігерлермен келісімшарттарды бұзу және оларды жосықсыз мердігер деп тану бойынша Мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыздар жолданып, тапсырыс берушінің пайдасына шешілді.
Құрылыс материалдарына және құрал-жабдықтарға бағаның өсуіне байланысты жобаларға түзету енгізуге шешім қабылданып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Премьер-министр тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы өте зор екенін атап өтті. Өткен жылы 130 мыңнан аса отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалды. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны біршама төмендеді. «Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Негізгі проблема – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың жетпеуінен алдағы жылдары жаңа тұрғын үй салу көлемі біршама төмен жоспарланып отыр», деді Ә.Смайылов.
Ол Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесте мұндай проблемаларды шешу үшін инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жоспарлау және кешенді түрде дамыту қажет екенін атап өткенін айтты.
Премьер-министр мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталды. Отырысқа қатысушыларға сапа стандарттарына сәйкес келмейтін аулалардың фотосуреттері көрсетілді. «Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ барлық жерде осындай көрініс. Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай? Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшілікті жоюы керек. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселелер көп. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. «Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көптеп түсуде. Себебі Отбасы банкінде жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды», деді Ә.Смайылов.
Айтылғандарды есепке ала отырып, Премьер-министр кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағытын уақтылы қаржыландыруды тапсырды.
Ә.Смайылов өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастау үшін тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлу, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті инфрақұрылымды жүргізу маңызды екенін атап өтті.