• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2023

Бес өңірдегі Президент резиденциялары балалар игілігіне беріледі

403 рет
көрсетілді

Президенттің Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі резиденциялары балалардың игілігіне беріледі. Ақпаратты облыс әкімдіктері растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұған дейін желіде Мемлекет басшысының бес қаладағы резиденциялары балалардың игілігіне берілетіні туралы ақпарат пайда болды, ал жергілікті әкімдіктер бұл ғимараттарды балабақша не сауықтыру орталықтары не балаларға арналған басқа да орталықтар ретінде падаланатынын өздері шешеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады. Қазіргі уақытта беру механизмі және ғимаратты мақсатты пайдалану мәселесі пысықталып жатыр. Шешімді қосымша хабарлаймыз», деп хабарлады Қостанай облысының әкімдігі.

Сонымен бірге Маңғыстау облысы мен Атырау облысы  әкімдігінің  баспасөз қызметтері бұл ақпаратты растап, осы мәселе бойынша жұмыс басталатынын хабардар етті.   Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаевтың ақпаратына қарағанда, бұл ғимарат болашақта балабақша, білім беру орталығы, лагерь немесе оңалту орталығы болуы мүмкін.

«Әрі қарай біз нысанды балаларға қажет нәрсенің бәрімен жабдықтаймыз. Қысқа мерзімде тапсырманы орындаймыз», деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.

Әлі нақты шешім шықпаса да, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың сөзінше, Президент резиденциясы мүгедек балаларға арналған санаторий немесе жазғы лагерь ретінде пайдаланылады.

 

  Гүлшахра САНСЫЗБАЙ