Екібастұздың халқы мұздаған пәтерлердің салдарынан жиі науқастанып, медицина ұйымдарына үзбей баратын болған. Жылуға жарымай қойған отты шаһардың жұрты төзімі әбден таусылғанын айтады. Жылу дұрыс берілмеген соң үйлердің басым бөлігінде күні-түні электр жылытқыштар қосылып, ай сайын жарық үшін пәтер басы 25-30 мың теңгеден шығындануға мәжбүр. Ал «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС электр қуаты үшін кезекті рет өтемақы төлеуге қауқарымыз жетпейді деп жалтарып отыр.
Осы аптаның басында Екібастұздағы ахуалға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет алаңдаушылық танытып, суық пәтерлерде бүрсеңдеп отырған халықтың жағдайымен санасуды тапсырды. Тұрғын үйлердегі және қаланың әлеуметтік нысандарындағы температуралық режімді тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қабылдау үшін сейсенбі күні Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Сол күні Екібастұзға Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілдері жетіп, жөндеу барысымен танысты.
Өкінішке қарай, министрлер кабинеті тарапынан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға, денсаулығын оңалтуға қатысты шешімді істер байқай алмадық. Үкімет мүшелері, одан қалды облыс билігі пәрмен берді екен деп Екібастұздағы жылу параметрлері де көтеріле қойған жоқ.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ында қазіргі күні жүйелі проблемалар қалыптасып отырғаны байқалады. Кәсіпорынның өкілдері жылу маусымы аяқталмайынша жағдай осы қалпында жалғаса беретінін ашық айтып отыр. Бүгінде 10 қазандық агрегатының небәрі төртеуі ғана – жұмыс қалпында. Оның екеуі – энергетикалық, тағы екеуі – су ысытатын қазандықтар. Бұған дейін 6 қазандықтың өзімен жылу параметрлерін әрең ұстап отырған стансада қазір жағдай тіпті күрделеніп кеткен. Кәсіпорын басшылығы жылу беру үдерісіндегі мәселелер қарашаның соңғы күндеріндегі төтенше жағдайдың салдарынан қалыптасып отыр деген сылтау айтады. Дей тұрғанмен саланы жақсы білетіндер орталықта жүйелі проблемалар оған дейін де тіркелгенін, соның ішінде агрегаттар әу бастан-ақ қысқа да дайын болмаса да жылуға қосыла бергенін айтады. Стансаның негізгі қожайыны – «ОАЭК» акционерлік қоғамы тарапынан да бүгінде шешімді қадамдар байқалмайды. Корпорация қаңтар айында 48 мыңнан аса тұтынушының әрқайсысының шотына электр жарығы үшін 5 мың теңгеден өтемақы төлеп, бүлінген пәтерлерді жөндеуге қаражат бөлгені мәлім. Алайда стансаның жұмысын қалыпқа келтіру, температуралық режімді нормалық деңгейге көтеру бағытында ешбір стратегия ұстанбай отырғаны көпшіліктің наразылығын тудырып жатыр. Пәтерлердің көбінде бүгінде небәрі 6-8 градус аралығында жылу сақталып отыр. Оның өзінде көбі электр жылытқыштарын қолданады.
Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің журналисі Дария Ерғазина сүйектен өтетін суықтың салдарынан бүгінде қала халқының басым бөлігі денсаулығынан айырылғанын ашына жеткізді.
– Менімен бірге қызмет істейтін әріптестерімнің барлығы дерлік осы суықтан ауырып, ем-дом алып жатыр. Былтыр Қарағандыдан журналистік оқуды бітіріп келген жас маман да суық тиіп жатып қалды. Үйде де, жұмыста да суық. Айналаның барлығын қыстың ызғары дендеген, үйлерде ауру-сырқау жандар әрең жан сақтап отыр. Науқастанған жандардың саны күн сайын көбейіп келе жатқаны байқалады. Туған үш бауырымның пәтерлері де ит байласа тұрғысыз, азынап тұр. Мектептер толық кестемен жұмыс істемейді, балаларды үйлеріне ерте қайтарады. Технология дамыған заманда ЖЭО 145 мың халық тұратын қаланы жылыта алмай отыр. Қыс бойы денемді суық алып, қалған ғұмырымды дәрі-дәрмекке байлап бергім келмейді. Міне, қыс басынан бері пәтерлерімізде электр жылытқыштарды өшірген жоқпыз. Ай сайын адамдар жарық үшін кемі 25-26 мың теңгенің түбіртегі келеді деп зар илеп отыр. 70-100 мың теңге жалақы алатын жандар электр қуатына осыншама төлесе, әрі қарай қалай күн көрмек? Екібастұздықтар да – мемлекеттің бір бөлшегі. Біздің мәселемізге мемлекеттік деңгейде маңыз берілуі керек деп санаймыз. Министрлер екібастұздықтардың жағдайын қалай жеңілдетеміз деп бас ауыртудың орнына, наурызда жылу тарифін өсіреміз деп құлшынады. Мұны қиын жағдайда отырған қара халықтың жағдайымен санаспау деп қабылдаймыз. Жапонияда бір оқушы қыз үшін электр пойызын тоқтатпаған. Ал бізде 145 мың адамның тағдырына немқұрайды қарап отыр. Президентіміз айтқан Әділетті Қазақстанды мұндай жағдайда қайтіп құрмақпыз, – деп қамығады ол.
Жылу параметрлерінің төмендеуіне байланысты 6 ақпаннан қаладағы мектептердің көбі оқушыларды қашықтан оқуға көшірді. Облыс әкімдігінің ақпарынша, қала бойынша көпқабатты 28 үйде жылу талапқа сай емес. Бұл үйлердің тұрғындары «Екібастұзжылуэнерго» жылу төлемімен қатар, электр қуаты үшін де өтемақы қарастыру керек деген пікірде. Себебі мұндағы әр пәтер басы кейінгі екі айда 25-30 мың теңгеден шығындануға мәжбүр.
Көмірлі шаһар тұрғыны, мүлік иелерінің республикалық бірлестігінің басқарушы директоры Александр Разумовский қазіргі күні «ОАЭК» АҚ бар салмақты жергілікті әкімдіктерге артып қойып, өздері іргелерін аулақ салуға әрекеттеніп отырғанын айтады. Компанияның құрылтайшылары – Александр Клебанов пен Сергей Кан халыққа шын жаны ашыса, осындай қиын кезеңде көмек көрсетіп, шығындарын жауып беруге талпынуы керек еді.
«Екібастұз халқы осы уақытқа дейін төзіп келді. Шыдамның да шегі бар. Арқада қыс наурыз айының соңына дейін жалғасады. Демек әлі де бір жарым айдай уақыт тонуға тура келеді. Осы уақыт ішінде олигархтар мұздап отырған жұрттың көңіліне демеу болатын іс жасамаса, халықтың ашынатыны ақиқат. Ал оның соңы жақсылыққа ұластырмайтынын айтқым келеді. Мұның үстіне жергілікті тұрғын үй инспекциясы мамандарының жұмысына қатысты да шағымдарымыз бар. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі арнайы чаттарға мониторинг жасап қана отырады. Неге олар әр шағымға орай әрекет етіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбеске? Кері байланыс болмаған соң көпшілікті ашу-ыза кернейді», дейді белсенді азамат.
Сәрсенбінің сәтінде ұйымдастырылған арнайы брифингте «Павлодарэнерго» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Вадим Лесин өткен қаңтар айы үшін екібастұздық абоненттердің жылу төлеміне 70 пайыз жеңілдік жасалатынын жеткізді. «Тұрғындардың электр жарығына жұмсаған шығындары белгілі бір көлемде өтеле ме?» деген сұраққа қала басшысы Аян Бейсекин «жоқ» деп жауап берді. Әкімнің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың желтоқсан айындағы өтемақыны «Екібастұзжылуэнерго» компаниясы өз мойнына алған. Қазіргі күні кәсіпорынның қаржылық жағдайы тұрғындардың бұл талабын орындауға қауқарсыз.
Ал В.Лесиннің айтуына қарағанда, стансадағы қазандық агрегаттарының жиі-жиі тоқтай беруіне коммуналдық желілердегі жүйелі апат кезінде күл-қоқыстың жылу суына араласып кетуі себеп болып отырған көрінеді. Лас су құрал-жабдықты былғап, салдарынан қазандықтар сөніп қалады. «Стансада кідірулер алдағы күндері де жалғаса береді. Бір агрегатты қоссақ, екіншісі сыр беріп тұрып қалады. Қаңтар айында қалыпты температураны небәрі 6 күн ғана ұстап тұра алдық. Орталықтың құрал-жабдықтарын қыс уақытында толық тазарту мүлде мүмкін емес. Жылу мауысымы аяқталған соң ғана бұл іске кірісеміз», дейді ол.
Қараша айынан бері жөндеу бригадалары жылу желілеріндегі зақымдалған 150 тұсты қалпына келтірген. Қазіргі күні қала бойынша магистралдық желілерде – 9, орамішілік құбырларда 10 зақымдану тіркелген. Шаһарда төтенше жағдайдан 346 пәтер бүлінсе, соның 150-ден астамы бүгінде жөндеу бригадаларымен бүтінделген. Қалғаны алдағы уақытта жөнделеді.
Қазір қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын кеңауқымды жөндеу науқанына дайындық қызу. Жылумен жабдықтау жүйелеріне техникалық аудит жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша кешенді шараларға қажет қаражаттың сомасы белгілі болады. А.Бейсекин жалпы ұзындығы 5 км болатын төрт жылу магистралын жаңартуға ЖСҚ әзірленіп болып қалғанын, бұған қоса 25 км желіде гидравликалық сынаулар жүргізуге стемалық құжаттар әзірленгенін баяндады. Анықталған құбыр саңылаулары мердігер компаниялармен жамалады. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтпейінше, алдағы жөндеу жұмыстары қаладағы жылу желілеріндегі тозу көрсеткішін қанша пайызға төмендететінін тап басып айту қиын.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы