Ақын Мұзафар Әлімбаевтың әйгілі жырына арқау болған «Маралды» атауы келешекте Павлодар ауданына берілуі мүмкін. Бұл – аудан халқының ерік-жігерінен туған, тарихи деректерге негізделіп жасалған ұсыныс. Жергілікті өлкетанушылар кеңес өкіметіне дейін өлкеде Маралды болысы болған. Қазіргі ауданға қарасты аумақтың 60 пайызы сол тұста болыстықтың құрамына енген дейді.
Павлодар – облыс орталығының дәл іргесінде орын тепкен аудан. Биыл құрылғанына 95 жыл толады. Суармалы жерлерінің молдығымен, күзде тұтас аймақтың халқын асырауға жететіндей аста-төк картоп беруімен ерекшеленетін берекелі өңір. Кейінгі уақытта жергілікті белсенді азаматтар мен өлкетанушылар ауданның атауын өзгертуге қатысты ұсыныстарын жиі білдіре бастады. Статистикалық деректер мұнда кейінгі жылдары қазақтың үлесі артқанын дәлелдеп отыр. Өзге ұлттың көңіліне қарап, қабағын бағатын заман әлдеқашан өткен. Қоғам өкілдері өз ұсыныстарын аудан басшысына жеткізіп, көпшіліктің қолдауымен Павлодарға тарихи атауын қайтаруды биік мақсат етіп ұстап отыр. Негізі Павлодар ауданының атауын өзгерту туралы мәселені алғашқылардың болып қозғаған осы өңірдің белсенді азаматы, қазіргі уақытта аудандық қоғамдық кеңестің және жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Бақытбек Баткеев еді. Ол осыдан 5 жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі А.Бабенкоға ресми хат жолдап, ұсынысын нақты деректерге сүйене отырып жеткізген-тұғын. Алайда мемлекеттік органдардағы жауапты азаматтардың өзге мекемелерге ауысып кетуіне орай, бұл іс аяқсыз қалды. Енді, міне, ауданның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи тұрғыдан жаңарудың оңтайлы сәті келіп тұрғандай.
– Павлодар ауданының атауын өзгертуге толық негіз бар. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өңірде Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Павлодар ауданы, Павлодар ауылы деген атаулар бар. Бұлар идеологиялық тұрғыдан ескірумен қатар, бір әкімшілік аумақта орналасқан. Аудандағы халықтың денін өзіміздің қазақтар құрап отыр. Кезінде Мұзағаң жырлаған «Маралды» көлінің жартысы біздің ауданның еншісінде. Әрі ол аумақ бұрын Маралды округі аталып, бертін Шақат округі құрамына енген. Бірақ Маралды ауылы сақталып қалды. Ол кезінде Маралды болысының орталығы болғанын тарихи деректер растайды. 1870 жылы өлкеде Маралды болысы құрылғанда оның 60 пайызы қазіргі біздің ауданның аумағында орналасыпты. Бұл мәліметтер 1893-1897 жылдары осы өлкені зерттеген Ф.Щербина бастаған экспедиция құжаттарынан және сол кездегі карталардан алынған. Әлгіндей деректерге сүйене отырып, тарихшы, өлкетанушы, ақсақалдармен ақылдаса келе, осындай ұсыныс жасадым. Жер-су атауларын жақсы білетін өлкетанушылар Хабзат Баужанов пен Дәурен Аяшинов бұл ұсынысты толық қолдайтындарын айтып, мақұлдады. Ұсынысымызды аудан басшысы Н.Дычко да жылы қабылдайды деген ойдамын, – дейді Б.Баткеев.
Павлодар ауданында тарихы 150-200 жылдан ары кететін ауылдар бар. Заря, Ямышев секілді кеңшарлар тың игеру жылдарынан кейін құрылғанымен, ол жерлерде оған дейін де ел қоныстанған. Мысал үшін Заря ауылдық округінің Жертұмсық елді мекені былтыр 175 жылдығын атап өтті. 1955 жылы Ғылым академиясының археологтері аумақта қазба жұмыстарын жүргізіп, Подстепка мен Долгое ауылдарының арасындағы ескі қорымнан Сақ дәуіріне тиесілі батырдың мүрдесін тапқан. Археологтердің зерттеуіне сүйенсек, батырдың сауыт-сайманы, киім-кешегі және ер-тұрмандарынан зергерлік өнердің сол кездің өзінде жоғары деңгейде дамығанын байқауға болады. Көнекөз қариялар бұл аймақ кезінде Зергер елі аталғанын да айтады. Одан бөлек 250 жылдық тарихы бар Қаратоғайда ертеректе 200 үйден тұратын ауыл және 200 бала оқитын медресе болған. Ал Ольгинка ауылының тарихи атауы Басқұдық.
Өлкетанушы Дәурен Аяшиновке хабарласқанымызда, ол ХІХ ғасырда бұл өлкеге сәмек руларының жиі қоныстана бастауымен 1820 жылы Бәсентиін-Сәмек болысы құрылғанын жеткізді. Ал арада 50 жыл өткенде ол Маралды болысы деп аталады. Кейінірек Бәсентиіннің біраз ауылдары мен қыпшақтың Қосайдар болысы басын құрап, Ұрық болысы құрылады. Басқұдық болысы да 1898 жылға дейін Маралды болысының құрамында болғаны мәлім. Қазіргі Кеңес, Заря, Кемеңгер, Шақат, Ефремовка, Ольгинка ауылдық округтерінің жерлері Маралды құрамында болыпты. Ол архивтен алынған, 1893 жылы жасалған картада көрсетілген. Сондықтан тарихи деректер мен жер атаулары бұл ұсыныстың толық негізді екенін айғақтап тұр.
Айтыскер ақын, өлкетанушы Бейбіт Бөжен де бұл ұсыныс жерде қалмауы керек деп есептейді. «Әдемі де көңілге қонымды атау. Маралды бұрынғы Сәмек-Бәсентиін болысы, кейін Маралды болысы аталды. Бұл жерді ежелден қазақтар жайлаған. Кейін қарашекпенділер, переселендер келген. Өзге ұлт өкілдерінің салмағы басқан соң, тарихи атаулар да ұмытылған. Енді ол атаулар қайтарылуы керек», дейді ол.
Маралды ауылына кезінде директор болған, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Иманалиев ақсақал мен Маралды ауылының байырғы тұрғыны Қази Шегебаев та бұл ұсынысты толық қолдап отыр. Ел-жұрт үшін тұтас ауданның Маралды аталуы үлкен мәртебе ғана емес, ұрпағымыз үшін үлгі-өнеге деп санайды. Өңірдің мерейтойы қарсаңында бұл өрелі бастама оңымен жүзеге асып кетсе, халық үшін зор қуаныш болатынын жеткізді.
Осылайша, жергілікті жұрт пен қоғам өкілдері тарихи және мәдени-рухани тұрғыдан Маралды атауы әбден лайықты деген түйінге келіп отыр. Павлодар – идеологиялық тұрғыдан ескірген, отарлық жүйені еске салатын атау, жер-су атауларын ауыстыру әуелгі кезекте мемлекеттік саясат, ұлттық идеология аясында жүргізілуге тиіс деп есептейді көпшілік.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы