«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». 19 наурыз күнгі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы алдыңғы саяси додалардан сәл өзгеше екені анық. Осының өзі қарапайым сайлаушы ретінде баршамыздың назарымызды аудартып отыр. «Сәл өзгеше» дегеніміздің өзі дұрыс болмас, әжептәуір жаңалықтары бар бұл сайлау тарихта демократияның келесі асуының көрінісі ретінде қалар деп үміттенеміз.
Біріншіден, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бірмандаттық жүйе арқылы сайланады. Тағы бір жаңашылдық – кандидаттар бұрын тек саяси партиялар және мемлекеттік емес ұйымдардан ғана ұсынылса, қазір үміткердің өзін өзі ұсыну мәселесі заңды түрде бекітілді. Бұл – кандидат болғысы келетін ел азаматының кеңістігін кеңейту деген сөз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жол ашылғалы отыр. Осының бәрі сайлау тетігінің бұрынғыдан да жетіле түскенін білдіреді. Сондықтан да тіркелген үміткерлер саны күн сайын артып келеді.
Кезектен тыс сайлау өткізу ел азаматтары үшін таңсық емес. Мұндай саяси қадамға бұрын да барғанбыз. Кезектен тыс болғанымен бұл жолғы сайлау туралы алдын ала айтылып, талқыланды. Саяси дода өтетіні жайлы жұртқа жарты жыл бұрын белгілі болды. Яғни аяқ астынан, тосыннан болып жатқан саяси оқиға емес. Партиялардың төменгі шегі бұрын 7 пайыз болса, қазір 5 пайызға дейін түсті, яғни бұл сайлануға деген мүмкіндіктер сәл де болса артты деген сөз. Сонымен бірге қоғамдық пікірлердің басым бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутат сайланбасын немесе тағайындалмасын деген ұсыныстар төңірегінде болатын. Сондықтан да бұл жолы Ассамблеяның квотасы алынып тасталған екен. Бұл да демократиялық тұрғыдан ілгерілеудің жақсы бір нышаны деп ашық айтуға болады. Демократиялық үрдістердің тағы бір белгісі – сайлау бюллетеніндегі «Бәріне қарсымын» деген бағанның қосылуы. Сіз сайлау бөлімшесіне келгеннен кейін бюллетеньге қарап отырып, тексеріп, егер кандидаттардың ешқайсысы көңіліңізден шықпаса, «Бәріне қарсымын» деген бағанға белгі қоя аласыз. Бірақ қарсылықтың жөні осы екен деп үміткерлерді түгелімен сызып тастаудың тапқырлық бола қоймайтынын қаперге салғанымыз абзал.
Жасыратыны жоқ, осыдан екі жыл бұрынғы қаңтардағы сайлауда алдыңғы додаларға қарағанда демократиялық бағыттың ептеп ілгерілей түскенін сезінген болатынбыз. Сол кезде Мәжілістің жаңа құрамы жетіліп, заңды білетін, тегеурінді жастар, заманауи депутаттар келді деп үміттенген едік. Негізінен, сол үміт 100 пайыз болмаса да басым бөлігі ақталғанын мойындауымыз керек. Депутаттар құрамының ішінде алуан пікірлі адамдар болғандықтан, сайлаушылардың көңілінен шықпағандары да бар екені кейін анықталып жатыр. Ал тұтастай алған кезде бұрынғы Мәжілістің басым бөлігі жаман жұмыс істеген жоқ. Ішінара белсенділік танытып, өздерінің сол уақыттағы еңбектерін ашық әрі жариялы түрде көрсетіп жатқандары да болды. Дегенмен жаңа жағдайда сайлаудың барынша демократиялануы бұл үдерісті одан әрі тереңдей түскендей әсер етуде.
Бұдан шығатын қорытынды – қандай жағдайда да кандидаттарды дұрыс іріктеу керек деген мәселе. Бұл арада кандидаттардың негізгі бөлігі заңгерлерден тұрса деген ұсыныстың дұрыстығы тағы алдымыздан шығады. Үш тармақты биліктің ең өзектісі, ең жауаптысы – заң шығарушы билік екені сөзсіз. Азаматтарымыз сол заң бойынша өмір сүретінін ескерсек, оның әрбір мәселесіне, жаңадан шыққан заңның әрбір тармағына жауапкершілікпен қарау керек деген тұжырым ойымызға орала береді. Сондықтан бұл арада кейбір азаматтар айтып жүргендей, «халыққа белгілі адам, танымал тұлға» деген сияқты уәждерін көлденең тарту депутаттыққа жүрмейді. Танымал болу – шарт емес, әрбір кандидаттың заңды білуі және әділ болуы – міндетті. Бұдан шығатын қорытынды – халықтың алдында жүрген шоумендерді, әншілер мен актерлерді, той басқаратын асабаларды, сықақшыларды ұсыну керек деген пікірді тоқтату керек. Мұндай топтағыларды ұсынатындар интеллектуалдық деңгейі дамымай қалған, шетелдік демократиядан хабары өлшеулі жандар. Бізге керегі – бұрынғы танымалдар емес, осы Мәжіліс корпусының құрамына жаңа адамдардың келіп, олардың кәсіби түрде жұмыс істеулеріне мүмкіндік беру. Баз бір кісілер «Заңгер болу шарт емес, жобаға арнайы сараптама жасайтын топ бар» дегенді көлденең тартады. Бұл – әлсіз уәж.
Кәсіби заңгерлерден кейінгі топ экономистерден тұрғаны абзал. Өйткені елдің экономикалық ішкі-сыртқы тетіктерін шешудің мәселесіне байланысты заң жобаларын қараған кезде қаржылық сауаттың аса қажет екендігі бұрыннан да байқалып келе жатыр. Елдегі жағдайды жақсартып, сол демократиялық үрдістерді нығайта түсу үшін экономист мамандығының аса қажет екендігін дәлелдеп жату артық болар. Айтылып жүрген ойлардың тағы бірі – Мәжіліс комитеттерінің құрамына кәсіпкерлерді немесе бизнесмендерді ұсынбау керек деген пікір төңірегінде. Яғни олар өздерінің жеке мүдделерін алдыңғы орынға шығарып, заңның қажетті тармақтарына ғана жауап беріп отырады. Жеке жұмыстарына тиімсіз болған жағдайда мұндай топтағылардың дауыс бермей қоймайтыны түсінікті. Сол арқылы басқа әріптестерін де қорғайды, кәсіпкерліктің кейбір мәселелерін субъективті тұрғыдан шешіп жіберуге ықпал жасауы да ықтимал. Бұдан олардың барлығын сызып тастау керек деген қорытынды тумағаны жөн. Кәсібі жолға қойылған, болашағына ешқандай күмән келтірмейтін, ынта-жігетін қарапайым жұртқа арнаған ауқатты адамдардан ішінара ұсынуға болатын да шығар. Бірақ Мәжілістің басым бөлігі кәсіпкерлерден тұрсын деген ұсыныспен принципті түрде келіспейміз.
Әлеуметтік желілерде желе шауып жүрген тағы бір пікірлер «Мәжіліске журналист-жазушылардың да қажеті шамалы» дегенге саяды. Бажайлап қараған жағдайда бұл да – келісуге болмайтын мәселе. Өйткені журналист дегеніміз – зиялы қауымның өмірді зерттеп, түрлі бағыттарда проблемалық мақалалар жазып, қоғамдық іске белсене араласып келе жатқан авангарды. Олардың сана-сезімі де, өмірді әлеуметтік және экономикалық мәселелерді зерттеуі де жан-жақты. Сондықтан да журналистердің Мәжіліс құрамынан табылуы ешқандай іске кедергі келтірмейді. Керісінше, заңдардың ана тілімізде қабылдануына ықпал етеді. Әсіресе керегі – қазақ журналистикасының айтулы өкілдері.
Бұл жолғы сайлау үлкен тартыспен және заң шеңберінде әділ өтеді деп сенгім келеді. Үлкен сайлау кезіндегі тартыстардың болуы және оның күшті қарқында пәрменді түрде көрініс табуы – ол да демократиялық үрдістердің күшейіп келе жатқандығының белгісі.
Бірауыз сөзбен айтқанда, Жаңа Қазақстанның Парламентін қайтадан жасақтайтын корпусты байырғы халықтың мүддесі тұрғысынан таңдап алуымыз керек. Мүмкіндігінше, елге жанашырлық танытатын үміткерлерді іріктесек екен. Айналып келгенде, бұл сайлау еліміздің болашағын нығайта түсуге, тәуелсіздігін күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін саяси дода болуы керек деп үміттенеміз.
Нұрдәулет АҚЫШ,
М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері