Кеше «Риксос» қонақүйінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе қазақ-корей бизнес форумының ашылу рәсіміне қатысты
Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының және Корея өнеркәсібі федерациясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бизнес-форум аясында туризм, білім, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, банк, фармацевтика, энергетикалық сектор салаларындағы екіжақты қарым-қатынастар мәселелері талқыланды. Бұл күнгі ауқымды шараға қатысқан қазақстандық бизнес-делегациясын да, кореялық бизнес-делегациясын да 150-ге жуық компания өкілдері құрады.
Екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін қарастыратын бизнес-форумды Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев ашты. Ол өз кезегінде қос мемлекеттің экономикалық ынтымақтастығына айрықша назар аударғандары үшін форумға қатысушыларға алғысын білдірді. Бүгінгі бизнес-форумға 300-ден астам қазақстандық және кореялық компаниялар қатысып отыр. Бұл екі мемлекеттің Іскерлік кеңесінің өзара әріптестік байланысты дамытуға деген ынта-ықыласын көрсетеді. Сол себепті, сіздер осы жиынға қатысу арқылы сауда-экономикалық ықпалдастықты жандандыруға және өрістетуге серпін береді деп ойлаймыз, деді ол.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Корея бизнес-форумы екі елдің ынтымақтастығы мен ықпалдастығының айқын көрінісі болып табылатынын жеткізді. Егер, тарихтың тамырына үңілер болсақ, қазақ және корей халықтары бауырласып, тарихтың ауыр сынағына қарсы тұрып, қиындықтарды бірге өткере білді. Қазақстан өткен ғасырдың 30-жылдарында 100 мыңнан астам жер аударылған кореялықтың екінші отанына айналды. Біз сол бір қиын-қыстау кезеңнің ауыртпалығын бірге еңсердік. Қазір Қазақстандағы корейлік диаспора біздің еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Себебі, Қазақстан – олардың Отаны, деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының еліміздің ірі бизнес-серіктесі екеніне тоқталды. Корея – Қазақстанның Азиядағы белсенді бизнес-серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға артық. Соңғы 20 жылда елімізге тікелей құйылған оңтүстіккореялық инвестицияның көлемі 5 млрд. АҚШ долларына жетті. Біздің елімізде қазіргі таңда кореялық капиталдың қатысуымен 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұған қоса, бүгінде жалпы құны 22 млрд. АҚШ долларын құрайтын 15 бірлескен жоба әзірленуде. Тағы 8 жоба пысықталып жатыр. Машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, энергетика және металлургия секілді салаларда ынтымақтастығымыз дамуда, деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан басшысы қазіргі кезде елімізде корей бизнесінің ірі компаниялары бар екеніне, сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерліктің де болуы маңызды екендігіне назар аударды. Бұл туралы Елбасы былай деді: «Экономикалық ынтымақтастыққа қажетті әлеует түгесілген жоқ. Біз еліміздің экономикасына корейлік инвестициялардың әлі де тартылғанын қалаймыз. Қазақстан – экономикалық даму жөнінен Орталық Азиядағы көшбасшы ел. Республикамыздың ІЖӨ-сі барлық Орталық Азия елдерін қоса алғандағы ІЖӨ-ден екі есе асып түседі. Тек былтырдың өзінде Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 18 миллиард долларды құрады, бұл өңірдің өзге республикаларына тартылған жалпы инвестициядан 4 есе көп».
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ресей және Беларусьпен бірлесіп құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтетіндігін атап өтті. Қазақстан инвесторлардың Еуразиялық экономикалық одақ нарығына кіруі үшін тиімді бастапқы алаң болып табылады. Инвестициялық көшбасшы мәртебесін нығайта түсу үшін таяуда ғана біз инвесторларға арналған ынталандыру мен преференциялардың тұтас бір жаңа жиынтығын қабылдадық. Біз, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын көтеруге қосымша серпін беретін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру ниетіндеміз, деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан елді индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын, оның екінші кезеңі өңдеуші өнеркәсіпті, инновациялық және сервистік салаларды дамытуға бағытталатынын да атап өтті. Бұл орайда, біз үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесі қызықты әрі маңызды. Біз Сіздің елмен ынтымақтасуға ниеттіміз және серіктестіктің бұл бағытта тиімді болатынына сенімдіміз, деді Қазақстан Президенті өз сөзінде.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келгені үшін Пак Кын Хеге ризашылығын білдіріп, оған және барша Оңтүстік Корея халқына табыс пен игілік тіледі.
Қазақстан Президентінен кейін сөз алған Корея Республикасының Президенті қатысушыларды бизнес-форумның ашылуымен құттықтап, бұл жиынның екі ел экономикасын бірлесе дамыту және жандандыру жөніндегі шараларды талқылауға мүмкіндік беретініне тоқталып өтті. Жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің жоғары қарқынын сақтап, Орталық Азиядағы бай әрі ең қолайлы бизнес ахуалға ие ел ретінде мойындалып отыр. Болашақта екі елдің экономикалық серіктестігін экономиканы энергетика және өзге де салаларда мейлінше теңгермелі дамытуды көздейтін Қазақстанның ұлттық стратегиясына сәйкес әртараптандыру қажет. Бұл орайда, «Қазақстан-2050» Стратегиясы елді одан әрі дамытудың өте дұрыс таңдалған жолы болып табылады, деді Корея Республикасының Президенті.
Сондай-ақ, Пак Кын Хе көне замандардан бері Еуразия өңірі Ұлы Жібек жолы елдерінің алмасуын, ынтымақтастығын және жақындасуын ілгерілете отырып, өркениеттің дамуында маңызды рөл атқарып келгенін де тілге тиек етті. Былтырғы қазан айында мен «Еуразиялық бастама» тұжырымдамасын ұсындым, оның мақсаты – Еуразияны біріктіру және оны бүкіл халықаралық қоғамдастықтың өсіп-өркендеу орталығы ретінде дамыту. Қазақстан Еуразияның дәл орталығында БРИКС елдерімен, соның ішінде Ресей, Үндістан және Қытаймен іргелес орналасқан. Сондықтан ол Еуропа мен Азия арасын жалғастырушы буын қызметін атқарады. Қазақстан мен Корея әртүрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілете отырып, ортақ күш-жігер арқылы бейбіт әрі өркендеген Еуразия дәуірінің басталуында негізгі рөл атқаратын болады деп үміттенемін. Бұл ретте, екі ел кәсіпкерлерінен осы мақсаттың нәтижелі жүзеге асырылуына бірлесе күш-жігер жұмсауларын өтінемін, деді Корея Республикасының Президенті.
Пак Кын Хе Қазақстан жерінде елдің болашақ дамуы жолында бірлесе 100-ден астам ұлттың өкілі өмір сүріп, еңбек етіп жатқанына да назар аударды. Бұл орайда, ол: «Өткен ғасырда қазақтар қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқанына қарамастан, Орталық Азияға күштеп қоныстандырылған корейлерге үлкен көмек және барынша қолдау көрсетті. Ал қазір корейлер Қазақстан қоғамының бөлінбес бөлшегіне айналып отыр. Егер қазақстандықтардың сол ашық-жарқын мінезі корейлердің экономикалық дамудағы тәжірибесімен ұштасса, біз елдеріміздің болашақтағы өсіп-өркендеуін жақындата алар едік», дей келе, бизнес-форумға қатысушыларға мықты денсаулық және бақ-береке тіледі.
Бұл күні қазақ-корей бизнес-форумы аясында Іскерлер кеңесінің мүшелері сөз алып, қос мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға қатысты ой-пайымдарын жеткізді. Бизнес-форумға қатысушылардың басын қосқан кездесуді Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті А.Еренов ашып, алғашқы сөзді Қазақстан-Корея Іскерлер кеңесінің қазақстандық тараптан тең төрағасы, «Самұрық-Энерго» АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевке берді. Ол қос мемлекеттің іскерлер тобының белсенділігі арқасында жаңа бизнес бастамалардың жүзеге асырылып жатқанына, Астанадағы бизнес-форум осының бір дәлелі екендігіне тоқталды.
Жыл сайын Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін екі елдің Іскерлер кеңесінің кездесуі өтеді. Оған халықаралық компаниялар және екі ел Үкіметінің өкілдері қатысады. Бұл Кеңестің қызметі екі ел арасындағы үздіксіз үнқатысуды қамтамасыз етуге және халықаралық тұрғыда ықпалдасуға бағытталған. Сондай-ақ, ол біздің елдеріміздің арасындағы іскерлік байланысты бекітуге, бизнесмендер арасында тікелей әріптестікті орнатуға, сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, елдеріміз арасындағы бірлескен құжаттарға сәйкес, еліміз экономикасының түрлі салалары бойынша инвестициялық жобалар әзірленіп, іске асырылуда, деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол жыл өткен сайын қос мемлекет арасындағы тауар айналымы көлемінің өсіп, 1,5 млрд. АҚШ долларына жеткенін, ал 1993 және 2013 жылдар аралығында елімізге келген оңтүстіккореялық инвестицияның көлемі 5 млрд. АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Алдағы уақытта тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық екі елдің бизнес ахуалын одан әрі жақсартуға жол ашатынына сенімін білдірді.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан-Корея Іскерлер кеңесінің корей тарапынан тең төрағасы Ким Шин қазақ халқына бизнес-форумға қатысушыларға көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Бүгінде корей бизнес өкілдері екі ел экономикасының жаңа сапалы деңгейге көтерілуін назарда ұстап келеді. Мәселен, екі ел президенттерінің Астанадағы бизнес-форумға қатысуы оның маңызын тағы бір айғақтай түсті. Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық байланыс орнаған күннен бері небары 22 жыл өтіпті.Соған қарамастан, экономикалық байланыс күн өткен сайын нығайып келеді. 1990-жылдардың басында біз өзіміздің әріптестігімізді энергия ресурстар саласы бойынша ықпалдастықтан бастаған едік. Ал қазір біз екіжақты әріптестігімізді түрлі бағытта кеңейтіп келеміз. Оған мұнай-химия өнеркәсібі, электр энергиясы, құрылыс инфрақұрылымы, қаржы, т.б салалар бойынша ықпалдастықты жатқызуға болады. Соңғы уақытта жаңармалы энергия көздері бойынша да әріптестік орнатып келеміз. Ал осындай байланыстарды ілгерілетуде Қазақстан-Корея Іскерлер кеңесі сөзсіз үлкен рөл атқарады. Демек, біз алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында бірлесе жұмыс атқаруымыз керек, деді Ким Шин өз сөзінде.
Сондай-ақ, бизнес-форум аясында «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сейітқали Ғалиев, Корея Мердігерлер ассоциациясы департаментінің басшысы Шин Самсап, «Daesing Energy» компаниясының директоры Пак Мун Хи, «Астана–ЭКСПО-2017» компаниясының халықаралық қатынастар департаментінің директоры Нұрбек Ергешбаев та сөз алып, қос мемлекеттің экономиканың сан саласы бойынша байланыстары турасында әңгіме қозғады.
Мәселен, С.Ғалиев «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының 2015-2019 жылдар аралығын қамтитын екінші бесжылдығы турасында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған бағдарламаның алғашқы бесжылдығының қорытындысы шығарылып, екінші бесжылдықтың негізі құрылымы мен тетіктері жасалып келеді. Қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыруға Үкімет және отандық бизнес өкілдері ғана емес, шетелдік бизнес қауымдастық та айтарлықтай үлес қосты. Демек, бұл еліміз экономикасының дамуына ықпал ететін осындай маңызды бағдарламаны жүзеге асыруда шетелдік компаниялардың, олардың инвестицияларының үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Бүгінгі форум осының айқын бір мысалы бола алады, деді ол өз сөзінде. Ал Шин Самсап Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты сөз қозғаса, Пак Мун Хи қос мемлекеттің жаңа және жаңармалы энергия көздері саласы бойынша ықпалдастығына қатысты өзінің пікірін білдірді. Өз сөзінде Шин Самсап Корея Қазақстанның серіктесі ретінде өзара ықпалдастыққа айрықша мән беріп отырғанын жеткізді. Мәселен, біз құрылыс инфрақұрылымы, жаңа технологиялар салалары бойынша әріптестікті назарда ұстап келеміз. Болашақта екі елдің бұл салалар бойынша ынтымақтастығы жаңа сапалы деңгейге көтеріледі деп ойлаймын, деді бұл орайда ол. Жиынға қатысып, сөз сөйлеген басқа да бизнес-өкілдері де инвестициялық ахуалды жақсарту, тиімді байланыстар орнату тұрғысында өз ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған А.Сатқалиев: «Биылғы бизнес-форумның маңызын екі ел президенттерінің қатысуы арттыра түсті. Біз форум аясында бірлескен инвестициялық жобалар жайын талқыладық. Болашақта бұл жобалар өзара ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге көтереді. Ал екі ел арасындағы алыс арақашықтық бұған еш кедергі бола алмайды деп ойлаймыз», десе, Ким Шин: «Бизнес-форум аясында түрлі тақырыптарды талқыладық. Алдағы уақытта осы жиында айтылған ой-пікірлер жүзеге асып, өз нәтижесін береді деп сенеміз. Бұл ретте, Іскерлер кеңесі екі ел арасындағы үнқатысуға серпін беретін болады. Ал Іскерлер кеңесінің келесі бизнес-форумын Сеулде өткізуді көздеп отырмыз, деген ойын жеткізді.
Астанадағы бизнес-форум аясында, сондай-ақ, бірнеше екіжақты келісімшарт жасалды. Мәселен, «Қазгеология» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов пен «KOREA RESOURES CORPORATION» (KORES) компаниясының президенті Ко Джонг Сик еліміздің Қарағанды облысындағы Дүйсенбай учаскесін геологиялық барлау жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Бұл рәсімге Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары–Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Кореяның Сауда, индустрия, энергетика министрі Юн Санг Джик қатысты. Сондай-ақ, форум кезінде денсаулық сақтау саласында «KAZNEX INVEST», «КОРМЕД» АҚ, «КАЗМЕДПРИБОР» ЖШС арасында, дәл осы салада «KAZNEX INVEST» және «КОРМЕД» АҚ арасында ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті трактор өндірісі бойынша «KAZNEX INVEST» пен Daedong Industrial Co. Ltd компаниялары арасында, қазақстандық экспортты Корея нарығына ілгерілету бойынша «KAZNEX INVEST» пен «KorealmportersAssociation» (KOIMA) арасында, білім саласында Корея өнеркәсібі федерациясы мен «NazarbayevUniversity» АҚ және Әл-Фараби атындағы ҚазМУ мен Енсе университетінің Каннам Северанс клиникасы арасында келісім жасалды. Бұл күні авиация саласында Эйр Астана мен Asiana Airlines арасында да меморандум жасалды.
Бұл күні бизнес-форумның ашылуынан кейін мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе елорданың бірқатар көрнекті жерлері мен нысандарын аралады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».