Бүгінде ядролық технологияларды адамзат өмірінің қай саласында да тиімді пайдалануға болатынын ғалымдар дәлелдеді. Бұл ретте Ядролық физика институтының ғалымдары соңғы жылдарда ғаламдық экологиялық сипат алған, тіршілік көзі – суды, азық-түлік өнімдерін залалсыздандыруда радиациялық өңдеу әдісінің заманауи мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін алға тартып отыр.
Ядролық физика институты Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының базасында өткен семинарда еліміздің атом саласы ұйымдарының бірінші басшылары институт тарихындағы ғылыми жетістіктерімен қатар радиоактивті материалдармен жұмыс істейтін орындарда қауіпсіздікті жетілдіру мен қадағалау мәселесін талқылады. Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің қолдауымен АҚШ Қорғаныс министрлігінің «Жаһандық ядролық физикалық қауіпсіздік» қатерін азайту агенттігінің бағдарламасы аясында өткен семинар жұмысына Ядролық физика институтының, Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының, Ұлттық ядролық орталықтың, «Үлбі-ТВС», «Үлбі металлургия зауыты», «МАЭК» кәсіпорындарының және «Ұлттық ұланның» басшылары қатысты.
Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде 30 жыл ішінде көптеген бірлескен жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
– Комитет АҚШ-пен ынтымақтастық бағдарламаларының уәкілетті өкілі әрі үйлестірушісі болып саналады. Бұл ынтымақтастық 1993 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімнен бастау алады. Қазіргі күнге дейін ядролық нысандарда ядролық-физикалық қауіпсіздікті жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша көптеген жоба іске асты. Ынтымақтастық аясында Ядролық физика институтында ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығы ашылды, – деді Ғ.Серғазин.
Семинарға қатысқан АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Сэвидж әскери қауіпті төмендетуге бағытталған бағдарламаға қолдау білдіре келіп, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы рөліне, осы бағыттағы әріптестікке тоқталды.
Семинарды ұйымдастырушы компания өкілі Александр Васильевтің айтуынша, мақсат – ядролық-физикалық қауіпсіздікті нығайтумен қатар, іс-шараларды барлық талапты қатаң сақтауға бағыттау. Соңғы сегіз жыл көлемінде үздіксіз жалғасын тауып келе жатқан қауіпсіздік шараларын нығайтуға қатысты ақпараттар радиоактивті материалдарды қолдану және тасымалдау кезінде аса қажет.
Атом қауіпсіздігін арттыруға арналған семинар барысында 65 жылдан астам тарихы бар, атом саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклін жүргізіп отырған Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев ядролық технологияларды игерудегі ғалымдар жетістіктерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінде институт өнімдері елімізде ғана емес, әлемнің бірқатар еліндегі өндірістерде жоғары сұранысқа ие.
– Институтта іргелі және қолданбалы зерттеулермен қатар өнеркәсіп, медицина саласы үшін радиоизотоптар өндірісі жолға қойылған. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды диагностикалау және емдеу бағытындағы өнімдер республикадағы онкологиялық орталықтарда пайдаланылуда. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін барлық радиофармпрепараттардың 95 пайызы осы институтқа тиесілі. Бүгінде институт 30-дан астам жетекші халықаралық ғылыми-зерттеу институттармен және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде кадрлар даярлауда институттың тәжірибе алаңы әрі базасы қолжетімді. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен өткен жылы жасалған консорциалдық келісім аясында институт базасында атом электр стансасы мамандарын даярланатын болады, – деді С.Сахиев.
Ядролық технологиялардың заманауи мүмкіндіктерін игеруде институтта материалтану, ядролық технологиялар, геофизика, археология, палеонтология өндіріс орталығы жұмыс істейді. Осы тұста нейтронды радиография және томография қондырғысы, нақты айтқанда нейтронды радиографияны археологиялық зерттеулерді 3D моделі арқылы зерттеуге болатынын институт ғалымдары дәлелдеді. Ядролық технологиялардың ауыл шаруашылығы, экология үшін де игілігі зор.
Оқу курсы шеңберінде қауіпсіздік шаралары, ішкі қауіпті болдырмау және азайту, адам ресурстарының өнімділігін арттыру, мамандар даярлау, ядролық технологияларды тіршілік көзін жақсартудағы жобаларда қолданудың тиімділігі айтылды.
АЛМАТЫ