Ауыл шаруашылығы саласындағы бизнестің қаншалықты сәтті жүріп жатқанын бірнеше статистикалық көрсеткіш бойынша бағалауға болады. Солардың бірі – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны. Олар өз қызметін заңды тұлға, жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары түрінде жүргізеді. Бүгінде еліміздің әр өңіріндегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының кірістілік деңгейі әрқалай.
Energyprom.kz мониторингіне сәйкес, өткен жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығында, мал шаруашылығында, аңшылықта және осы салаларда қызмет көрсетуде жеке кәсіпкерлер санының айтарлықтай төмендеуі байқалған (жылына – 20,6%). Былтыр 1 шілдеде елімізде аталған секторда небәрі 23 мың жеке кәсіпкер тіркелген ‒ бұл соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш.
Егер өткен жылы ауыл шаруашылығындағы бірқатар шағын бизнес зардап шегіп, жабылып қалған болса, орта және ірі кәсіпорындар өздерін ұстап тұра алды. 2023 жылдың 1 қаңтарында тіркелген шаруа немесе ферма қожалықтарының саны 248 602 бірлікті құрады, олардың 240 720-сы жұмыс жасап тұрғандар. 2021 жылмен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған қожалықтар өсімі 8,7% құрайды.
Орта және ірі кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметін іріктеп, зерттеу нәтижелері бойынша осы компаниялардың агроөнеркәсіп саласындағы рентабельділігі 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша 26,3%-ды көрсетті.
Алайда бұл – су мен температура режімі әртүрлі аймақтар үшін де, өндірілетін өнім түрлері үшін де орташа көрсеткіш. Бидай егу және етке мал өсіру ‒ табыс деңгейі бойынша бірдей емес бизнес түрлері.
Жалпы, 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында сектордағы рентабельділік жақсы динамиканы көрсетті. Үшінші тоқсанда өсім екінші тоқсанмен салыстырғанда 1,3 пайызға, өз кезегінде бірінші тоқсанды бірден 4,7 пайыздық пунктке басып озды. АӨК көрсеткіштеріне маусымдық жайттар әсер етеді.
Сонымен қатар сауалдама деректері барлық компаниялардың оң нәтижелермен мақтана алмайтындығын растайды. 2022 жылдың үшінші тоқсанында сауалдамаға қатысқандардың (4 мыңға жуық кәсіпорын) тек 71,7%-ы ғана кезеңді пайдамен аяқтады. Ұйымдардың 28,3%-ы шығындарды тіркеді. 2021 жылдың үшінші тоқсанында сандар шамамен бірдей болды (70,3% – 29,7%-ға қарсы).
Ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларында көрсеткіштер салыстыруға келмеуі мүмкін. 2017-2021 жылдардағы жинақталған жылдық деректер осындай айырмашылықты түсінуге мүмкіндік береді. Мәселен, егер өсімдік шаруашылығындағы рентабельділік деңгейі 2021 жылы орта есеппен 51%-ды құраса, мал шаруашылығында – небәрі 17,2%-ға тең болды. Егін егіп, жинайтындар үшін рентабельділік 2019 жылдан бастап жыл сайын өсті, ал пандемияның бірінші жылында ол тіпті бірден 8,6 пайыздық пунктке секірді.
Мал шаруашылығында бәрі басқаша. Ірі қара мен ұсақ мал өсіруге бәс тіккен фермерлер 2019 жылы 22%-дан 2021 жылы 17,2%-ға дейін рентабельділіктің төмендеуін қабылдауға мәжбүр болды.
Аймақтар бойынша көрсеткіштер де айтарлықтай ерекшеленеді. Егіншіліктегі ең жоғары рентабельділік әрдайым топырақтың жоғары бонитеті мен жауын-шашынның жеткілікті деңгейі байқалатын жерлерде тіркелді. Бұл – Шығыс Қазақстан (92,8%) және Қостанай (54,9%) облыстары. Маңғыстау және Жамбыл облыстарында пайдалы дақылдарды өсіру күрделі. Онда кірістілік көрсеткіштері теріс болды: минус 54,9% және минус 9,9% сәйкесінше.
Маңғыстау облысы өзінің құрлықтық құрғақ климатымен өзгешеленеді және мал өсіру үшін қолайсыз өңір саналады. Мұндағы фермерлер мал ұстай отырып, іс жүзінде шығынға ұшырайды (–12,1%). Сол секілді, көршілес Атырау облысының малшыларының кәсібінде де оң үрдіс аңғарылғанымен, әлі де төмен кірістілік байқалды (+ 5,8%).
Ауыл шаруашылығы – өнімдерінің түрлері бойынша күнбағыс тұқымын өсіру – бизнес үшін ең тиімді сала. Бұл майлы дақылдың рентабельділігінің жалпы көрсеткіші ел бойынша ‒ 96,4%, ал Шығыс Қазақстан облысында ‒ 119,7%.
Пайдалылық деңгейі бойынша екінші орынды картоп өсіретін шаруа қожалықтары иеленді (66,9%). Бірақ тағы да, барлық жерде отырғызылған түйнектер жақсы өнім бере бермейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда кәсіпкерлер картоптан жақсы табыс таба алады (109%), ал оңтүстікте, Жамбыл облысында картоп өсіру тиімсіздеу болып отыр (–12%).
Өнімнің кірістілігі бойынша үздік үштікті дәнді және бұршақты дақылдар түйіндейді. Бидай, күріш, қара бидай, бұршақ өсіретін агробизнестің орташа рентабельділігі 48,9% болды. Қарағанды облысы 78,6% көрсеткішпен көш бастады.
Мал шаруашылығында сүтті мал шаруашылығымен айналысу тиімді болып қалуда. Бұл ретте сүт фермаларының табыстылығы 2021 жылы 31,9% шегінде болған. Айта кетерлігі, көптеген шаруа қожалығы кластерлік өңдеу кәсіпорындарын құру арқылы кірістерін көбейтеді.
Сондай-ақ шошқа шаруашылығындағы көрсеткіш сәл төмен – 30,5%. Қазіргі кезде ірі қара малды етке өсіру ‒ ауыл шаруашылығындағы ең аз пайда әкелетін бағыттардың бірі (барлығы – 16,1%). Бұл саладағы табыстылық тек жергілікті нарықтардағы баға ауытқуларына ғана емес, сонымен қатар көптеген факторға, мысалы, құрғақшылық, жем құны және тағы басқа жағдайларға байланысты болатыны белгілі.