• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 16 Ақпан, 2023

Адам мүмкіндігі артқан дәуір

250 рет
көрсетілді

Күн санап құла­шын кең жайған сан­дық технология күнделікті өмі­­­­рі­­мізден берік орын­ алуда. Әлем оны көптеген міндеттерді ше­шуге көмек­те­сетін және ең қолайлы өмір сүру жағдайларын жасайтын ма­ңызды құрал ретінде қабылдап отыр. Соған сай, заманауи күн тәртібін, цифрлық трансформацияның жаңа стратегияларын және цифрлық технологиялар саласындағы трендтерді талқылауға арналған ірі диалог алаңы Digital Almaty бес жылдан бері өткізіліп келеді.

Алматы ‒ цифрлық саладағы жаңашылдықтарды талқылап, үздік жетістіктер туралы айтатын еліміздің IT индустриялық орталығы. Мегаполис IT компа­ния­­лардың басым бөлігі орналасып, ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан орта ретінде ерекшеленеді. Жуырда Digital Almaty цифрлық форумы «Жаңа болмыстағы цифрлық серіктестік» атауымен өткізіліп, инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлерін сараптауға арналды. Оған ірі IT ком­паниялардың басшылары мен сандық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар, отандық IT қоғамдастық өкілдері жиналды. Кең ауқымды панельдік сессияларда өнеркәсіп салаларының цифрландыруға үдемелі көшуі, цифрлық майнинг перспективалары, роботтандыру, Еуразиялық өңірде IT саласын дамыту мәселелері көте­рілді. Пікірталасқа қатысу­шы­лар мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясын, криптобиржаларды дамыту пер­с­пективаларын, білім беру саласындағы киберқауіпсіздік пен технология мәселелерін ортаға салды. Панельдік сессия­лар барысында форумға қаты­су­шылар технопарктердің дамуын, корпоративтік инновациялар трендтерін, креативті индустрияларды, цифрлық на­рық­­тардағы деректерді рет­теу мәселелерін қозғады. Сон­дай-ақ форум аясында Ин­дус­тр­ия 4.0 көрмесі, Astana Hub Battle, технологиялық­ марафон, стартаптар көрмесі және балалар роботтехникасы бойынша халықаралық чемпионат ұйымдастырылды. Digital Almaty Awards жеңімпаздары марапатталып, Tech Garden Awards кәсіпорындарын цифрлық дамыту конкурсының қорытындысы шығарылды.

Мерейтойлық форумда цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шаһарда үздік IT мамандарды жинайтын өңірлік хаб құруға болатынын атап өтті. Сала басшысы мемлекеттік қыз­мет­тердің 80 пайызы eGov мо­биль­ді қосымшасында қол­же­тімді екеніне, оны ай сайын 2,5 млн адам белсенді түрде пай­даланатынына, сот кеңсесіне кіруге немесе Отбасы банкінде ипотекалық несиеге құжаттарға қол қою үшін электрондық цифр­лық қолтаңбаны флэшкада алып жүруді қажет етпейтін QR қол­таңбасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Мобильді жүйедегі инновациялар барлық сала­ға қолжетімді, сондай-ақ eGov mobile-ге eOtinish, eDensaulyk сияқты қызметтер ен­гі­зілді.

Әлем асқан жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі уақытта цифрландыру барлық салада не­гізгі қозғалтқыштардың бірі бол­мақ. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шаһардың Қазақ­станның ең ірі мегаполисі ре­тінде цифрлық трансформация­лар фарватерінде сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын айтты. Алматыда цифрландырудың ену деңгейі ‒ Қазақстандағы ең жоға­ры көрсеткіштердің бірі. Қалада мем­ле­кеттік қызметтердің 96%-ы цифрлық форматта жүр­гізіледі. Өткен жылдың шілдесінде Алматы алғаш рет Thoughtlab (Нью-Йорк) әлемдік жетекші зерттеу компаниясының нұсқасы бойынша цифрлық даму стратегияларының әзірлігі дәре­же­сі жөнінде Азия қала­ла­ры­ның алғашқы бестігіне кірді.

Бүгінде криптовалюта әлем­нің кейбір елдерінде төлем құра­лы ретінде қолданылса, енді бір жерде актив ретінде пайдаланылады. 1 қаңтардан бастап елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифр­лық майнинг қызметін да­мы­­туға қатысты заң күшіне енді. Бұл цифрлық активтердің заң­ды нарығын қалыптастыруға, салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және экономиканы дамытуға ықпалын тигізбек. Сондай-ақ қазақстандық блокчейн технологиялары саласында жұмыс істейтін компаниялар айтарлықтай қиындықтарға тап болған. Десе де мемлекет саланың даму үрдістеріне түсіністікпен қарап, соңғы кездері оң үрдістер байқалуда. Сарапшылар қауіп­сіз­дік мәселелерін ескере және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қи­мылға жағдай жасай отырып, Қазақстанда криптовалю­та айналымын енгізу қажет еке­­ніне сенімді. Бұл ретте нарықта криптотрейдерлер мен алаяқтардың көбеюіне байланысты азаматтарды жан-жақты сауаттандыру өзекті болмақ.

Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау жайына зер салсақ, Индустрия 4.0 элементтеріне байла­нысты көрсетілетін мем­­лекеттік қолдау мен реттеу жолдары қарастырылуда. Өнді­ріс орындарында цифрлы жоба­ларды дамытып, енгізу кезін­де туындайтын өзекті мәсе­ле­лер талқыланған сессияда «Аллюр» компаниялар тобы, Tesla, Faceplate, CEO Geometry сынды ірі компаниялар өкілдері өнеркәсіпті зама­на­уи тұрғыда ілгерілету жөнін­дегі тәжірибелерімен бөлісті. Бұл тұста атап өтіл­ген­дей, цифрлы технологияларды өнеркәсіпке енгізетін кәсіп­орындарды ынталандыруға байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­тр­лігі тиісті заң актілеріне өз­ге­­рістер мен толықтырулар ен­гіз­ген, сондай-ақ IT шешім­дер­ді әзірлеп, қолданатын өнді­ріс орындарының шамамен 60 млн теңгеге дейінгі сомада жұм­салатын шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі көлемі өтелетін болады.

Digital Almaty бесінші форумы аясында «Атакент» қазақ­стан­дық іскерлік ынтымақ­тас­тық орталығының аумағында ашылған цифрлық жобалардың халықаралық көрмесінде мей­ман­дарға eGOV Mobile, Smart Data Ukimet, Smart Industry Management Platform ірі жобалары, технопарк­тер, сондай-ақ бірқатар стартаптар таныстырылды.

ЕАЭО елдерінің ІТ на­рық­тарын дамытуға муль­ти­пликативтік әсер беру үшін се­нім­ді платформа қажет. Бұл тұр­ғыда жергілікті және ай­мақ­тық деңгейде белсенді ойын­шы­ға айналған Astana Hub тех­но­пар­кінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға болады. Еліміз интеграцияны күшейтудің және жалпы Еуразиялық ауқымдағы жобаларды іске асырудың ма­ңыз­дылығына басымдық береді. Бұл істің тұсаукесері ретінде Алматыдағы Еуразиялық эко­но­микалық одақ шеңберінде ірі цифрлық бастамаларды қа­лып­тастыру және жүзеге асыру алаңы – Цифрлық құзыреттер орталығын құруды атауға болады. Сондай-ақ байланыстың қол­жетімділігі мен сапасын арттыру, трансшекаралық электрондық құжат айналымын, ЕАЭО елдерінің өзара сауда саласындағы электрондық іс-әрекетін дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Ел Үкіметі жыл сайын елі­міз­дің ЖІӨ-дегі жаңа техно­ло­гиялардың үлесін ұлғай­ту үшін барлық қажетті шараларды іске асырып келеді. Олар негізінен цифрлық трансформациямен, ІТ саласына қолайлы жағдайлар жасау және адами капиталды дамытумен байланысты. Сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры бүгінде Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары мен IT нарығын біріктіретін эко­жүйе құрып отыр. Жалпы Қор іске кіріскен жылдардан бастап Индустрия 4.0, геология, металлургия және басқа да салаларда құны 36 доллардан асатын 187 жобаны қаржыландырды.

Цифрландыру ‒ еліміздің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құ­рамдас бөлігі. Қазіргі уа­қы­т­та еліміз FinTech және GovTech-жобаларын жүзеге асыруды қамтитын мемлекеттік бас­қа­рудың цифрлық трансформациясы бағытын ұстанып отыр. Үкімет мемлекеттік бас­қаруды цифрландырудың Invisible Government сапалы жаңа тұ­жы­рымдамасына көшу­де. Онда мемлекеттік сая­сат адам­ның қа­жеттіліктері мен мүд­де­ле­рін ескереді, бұл проак­тивті мемлекеттік қыз­мет­терді енгізуге серпін береді. Ақпараттық технология бүгінде адам өмірін ай­тар­лықтай жеңілдететін ұтымды үдеріске айналды. Сон­дық­тан мемлекет экономика саласында немесе жалпы процестерде ғана емес, оған қоса азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде бизнес-процестерді цифрлық трансформациялау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»