Бұл қылқобыз бүгінде Ұлттық музейдің қорында тұр. Бір қарағанда көзіміз үйренген ұлттық аспап болғанымен, тарихы тереңде жатыр. Тіпті дәл осы мұражайға келу жолы да шытырманға толы. Қатардағы бір қобыз емес, Американы аралап келген қобыз.
Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшілігінің өкілі еліміздің Ұлттық музейіне құнды XVIII ғасырда жасалған қобызды тапсырды.
Аталған музейдің баспасөз хатшысы Айгүл Айтмұханованың айтуынша, аспапты 1996 жылы Қазақстаннан америкалық тарихшы, сазгер, Вашингтонда Орталық Азия және Кавказ институтының негізін қалаған Фредерик Старр алып кеткен екен.
Ол қылқобызды кешегі 90-жылдардың құбылмалы кезеңінде Қазақстанның оңтүстігіне саяхаттап, Тараз қаласынан олжалаған. Елдегі күрделі экономикалық ахуалға байланысты қобыздың қарт иесі үйіндегі жәдігерді сатуға мұқтаж болыпты. Жалпы, қылқобыз әр үйден табыла бермейтін киелі аспап емес пе? Үш ғасыр бұрын жасалған құнды дүниенің беймәлім қарияда болуы да тегін емес. Бәлки, өзінің немесе отбасының өнерге қатысы бар шығар.
Сатып алған тарихшы оған қобызды қайтсе де Қазақстанға қайтаратынына уәде береді. Сөйтіп, араға ширек ғасыр салып, 2019 жылы Фредерик Старр сөзінде тұрып, музыкалық аспапты Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне тапсырған.