Павлодардың онкологиялық аурулар бойынша республикада көш бастауына қолайсыз экологиялық жағдай әсер етіп отырғанын мектептегі бала да біледі. Бұл өңірде адам өмірі үшін аса қауіпті өнеркәсіптік қалдықтарды жою мен қайта өңдеу саласы кенжелеп тұр. Бір ғана Павлодардың алюминий зауытында қож үйінділерінің көлемі бүгінде 100 млн тоннадан асып жығылады. Оның құрамындағы алюминий оксиді 20 пайызды құрағанның өзінде тау-тау үйілген қоқыстан 20 млн тонна бокситті кен өндіруге болады екен.
Міне көрдіңіз бе, отандық өнеркәсіпте қаншама табиғи байлық аяқ астында шашылып, іске жарағысыз болып жатыр. Глинозем, металл концентраттары, түрлі қазба байлықтар мен сирек кездесетін металдар – ірі бизнестің ғана қауқары жететін өндірістер. Өкінішке қарай, кеңес өкіметінен бері жұмыс істеп тұрған жергілікті зауыттар мен фабрикалар, кен орындары, энергетикалық кешендер өндірістен шыққан күл мен қожды өңдеуді бүгінде ұмыт қалдырған сыңайлы. Ертіс-Баян аумағында тек бірнеше өнеркәсіп «Жасыл экономика» қағидаларын ұстанып отырғанын байқаймыз.
Өзгелерінде ондаған жыл бойы жиналған өндірістік қалдықтар тау-тау болып үйіліп жатыр. Өңірдің экологиясына аса зиянды, адам денсаулығына қауіп-қатері мол бұл үйінділердің тағдыры әлі күнге шешілер емес. Оның үстіне кейінгі он-он бес жылда Павлодар облысы қоршаған ортаны ластайтын шығарындылар бойынша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстардың 30 пайызы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі. Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштердің үлесі тіпті сорақы – 65 пайыздан асады. Экологтердің пайымдауынша, аймақта шамамен 700 млн тоннаға жуық өндірістік қалдық жиналып қалған.
Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Александр Миков күл-қоқысты экологиялық тәсілмен жоюдың тиімді жолдары бар екенін айтады. Бастысы, бұл – кәдімгідей табыс алып келетін экономикалық тәсіл.
Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында қызмет еткен жылдары ғалым бір топ оқымыстымен бірлесіп, жылу-электр орталықтарынан шығатын микросфераны қайта өңдеу технологияларын ойлап тапқан. Ол бойынша патенттері де бар. Егер әлгіні өндіріске енгізсек, Екібастұздағы МАЭС-тер мен ЖЭО-лардан шыққан қождан металдарды айырып қана қоймай, жылу сақтағыш мастиканы да дайындауға болады екен. Екібастұздың жылу жүйесіндегі апат кезінде ЖЭО мен жергілікті әкімдік даладағы магистралдарды оқшаулау үшін импорттық өнімдерге көп шығынданғаны мәлім. Ал өзіміздің күл-қоқысты кәдеге жаратар болсақ, одан алынған оқшаулағыш материалдар шетелдік мастикаға қарағанда үш есеге арзанға түсіп, төзімділігі жағынан дәстүрлі жылытқыш жүйесінен бес есеге асып түсер еді. Бұл – бір ғана мысал.
– Қазақстандағы көмірмен жұмыс істейтін жылу және электр стансалары жыл сайын миллиондаған тонна күл мен қожды үйіп жатыр. Ал одан бөлінетін зиянды бөлшектер топырақ қабатына түсіп, жерге сіңбегені ауаға ұшып, адамдар мен жан-жануарлардың ағзасын зақымдайды. Дауасы жоқ обыр аурулары соның әсерінен туындап жатқанына дау жоқ. Алайда қалдықтардың адам денсаулығына төндіріп отырған қатері жөнінде ғылыми, жүйелі бағалаулардың жасалмайтыны – өте күмәнді дүние. Нақты цифрлар мен фактілер көрсетілмеген соң, қауіптілік деңгейін айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, қож бен күлді бағалы шикізат ретінде пайдалануды адамзат баласы бағзы заманнан игерген. Құрылыс пен халық медицинасында ол кеңінен қолданылады. Былайша айтқанда, біздің ата-бабаларымыз жиналып қалған қоқыстың қоршаған ортаға тигізетін әсерін жүйелі түрде азайтуға тырысқан. Көмір энергетикасы пайда болғалы бері өндірістік қалдықтарды бақылау мүмкін болмай қалды. Қазіргі күні ол кең ауқымды қауіпке айналып отырғанын жасырмауымыз керек. Бұл ретте ғалымдардың ойлап тапқан технологияларын пайдаланып, арзан жолмен тиімді бизнес те құруға болады. Мен Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында еңбек етіп жүргенде Астанада біздің жобамыз бойынша польшалық компания қож өңдейтін зауыт тұрғызды. Сөйтіп, ондағы №2 ЖЭО-дан шыққан қождан алюмосиликатты микросфераны айыру мүмкіндігі туды. Бұл өнім жалпы күлдің жеңіл фракциясы болғандықтан, ол желмен алысқа ұшып, жақын жердегі мал жайылымдарын, қала маңындағы аумақтарды ластайтын. Микросфераның өзі – бірегей әрі бағалы шикізат. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде көптеп өндірілгенімен басым бөлігі экспортқа кетіп жатыр. Сондықтан оны өзімізде өңдеп, дайын өнімдер шығаратын өндіріс орындарын құру қажет, – дейді ғалым.
Алюмосиликатты микросфера бүгінде Екібастұз бен Ақсу өңірлерінің тұрғындары үшін ақша табудың ең оңай олжасына айналып тұрғаны да жасырын емес. Жергілікті жұрт пен ресми компаниялар «Қарасор» көлінде жиналып қалған химиялық элементті сүзіп, қапқа салып өткізеді. Тоннасы «қара нарықта» 160-200 мың теңгеге бағаланатын шикізаттың кереметтілігі оның салмағының жеңіл болуы мен беріктігінде жатыр. Әлемдегі мұнай өндіруші компаниялар микросфераны бұрғылау ұңғымаларына құятын бетонға қосады. Арнайы қоспа құрамында ол цементті бетонды өте берік етіп қатырып тастай алады. Сондықтан Каспий теңізі маңындағы мұнай өндіретін елдерде, соның ішінде біздің мемлекетімізде ол аса сұранысқа ие. «Қарасордан» бір маусымда ресми жолмен 20 мың тоннаға дейін микросфера сүзіп алынатынын ескерсек, миллиардтаған теңге сыртқа кетіп жатқанын аңғаруға болар.
Негізі бүгінде «Жасыл экономика» қағидасына ұмтылып отырған отандық өндірістік кәсіпорындар баршылық. Алайда тау-кен және энергетика саласына келгенде бұл арада үлкен бір мәселе туындайды. Шетелдік инвесторлар бұл салаға ақша құйып, үйінділерді өңдеуге емеурін танытқанымен ЖЭО-лар мен көмір кеніштерінің қожайындары аса бейілді емес. Мынадай парадоксты ахуал бар: жергілікті стансалар өздерінің күл-қоқысын қайта өңдеушілер сатып алсын деген талап қояды. Ал әлемдік тәжірибеге зер салсақ, дамыған елдерде бұл үдеріс басқаша жүреді екен. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-та ЖЭО қожды әуелі сұрыптап, сертификаттаған күйде жеке-жеке үйіп, белгілі бір өнім өндірісіне қарай бөліп қояды. Яғни өңдеуші компаниялар оны дайын күйінде сатып алып кетеді. Сертификатталған сұрыптарға кірмей қалған қалдық қожды станса өзге компанияларына ұсынып, оның тасымал шығынын өзі көтереді. Міне, өндірушінің де, өңдеушінің де көңілі тоқ деген осы. Станса бұл әдістен қосымша табыс таппаса, ұтылмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Бұл арада тағы да Александр Миковтың пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. Ғалымның пікірінше, Қазақстанға техногенді қалдықтардың бірыңғай реестрін құру керек. Жүйе үйінділерді пайдаланудың қолжетімді технологияларына қол жеткізуге мүмкіндік сыйлар еді. Бұл туралы Экологиялық кодексте де айтылған. Ал ең бастысы, қазақстандық технологияны дамытуға, ғылыми әзірлемелерге бюджеттен қаражат бөлуге жағдай тудырар еді. Сырттан келетін инвестор ғылыми зерттеулер үшін ақша құймайтыны айдан анық. Ал мемлекет салаға салған қаржысын кейін еселеп қайтарып алатынына күмән жоқ.
– Біз Қазақстандағы қож үйінділерін жоюға экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, экономиканы дамыту міндеті бойынша да қарауға тиіспіз. Мұны нақты мысалдар ретінде айтып берейін. Ең әуелі біз алюминий өндірісі үшін глинозем аламыз. Одан жылусақтағыш мастика өндіру технологиясын құруға болады. Қытайда, мәселен, көмірдің күлінен глинозем алатын кәсіпорын жұмыс істейді. Онда өндіріліп шыққан өнімнің өзіндік құны арзан, яғни топырақты қопарып боксит қазудың қажеті жоқ. Далада шашылып жатқан үйінділерден кертіп ала бересің. Павлодар қаласында орналасқан «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның күл үйінділерінде жалпы көлемі 100 млн тоннадан асатын қож жатыр. Оның құрамында кемінде 20 пайыз алюминий бар дегеннің өзінде біз құр жатқан үйінділерден 20 млн тонна боксит алып шыға алады екенбіз. Бұл тұрғыда логистика ұтар еді. Экологиялық саясатты өзгерту үшін біздің Мемлекеттік стандарттарымызға, құрылыс нормалары мен ережелеріне жүйелі көзқарас керек. Осы арқылы кәсіпорын қожайындарын жергілікті экологияға жауапкершілікпен қарауды үйретеміз, – дейді Александр Григорьевич.
Тұрақты даму – бұл экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік тұрақтылық және экономикалық өсім факторлары тепе-теңдігінің сақталуы. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде бұл үштағанға айрықша көңіл аударылатыны да шын. Өкініштісі, бұл саладағы отандық экономикалық-экологиялық қозғалтқышты оталдыру әзірше мүмкін болмай тұр. Үйінділерді қайта өңдеу ісі ұсақ кәсіпорындардың оны құрылыс саласының қажеттілігі үшін пайдалануымен көрініс тауып қана келеді. Алайда Екібастұздағы тау-тау болып үйіліп, ондаған шақырымға ұласып жатқан көмір қалдықтары мен энергетикалық нысандардан шыққан қождың үйінділерін азайту үшін бұл тірлік тамшыдай ғана болып көрінетіні анық. Экологтер өңірімізге күл-қоқысты қайта өңдейтін ірі ұйымдар қажет екенін жиі айтады. Бұл металлургия, құрылыс, машина жасау, жер барлау және пайдалы қазбалар салаларын біріктіруі керек.
Түйіндей айтсақ, облыста жыл сайын күл-қож үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Статистикалық деректер жергілікті кәсіпорындар оның шамамен жиырмадан бір бөлігін ғана өңдеп отырғанын растайды. Оның үстіне жылдар бойы үйілген 700 млн тонна қалдықтың мәселесі де шешілмеген. Сондықтан бұл – келеңсіз жайт Экология министрлігінен тек Павлодар облысына емес, тұтас Қазақстанның игілігі үшін үйінділерді қайта өңдеудің жаңа стратегиясын түзуді талап етіп тұрғандай.
Павлодар облысы