Елде заңсыз берілген жер телімдері мен заңға қайшы салынған құрылыс нысандарының айналасында даулы мәселе аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп табылуға тиіс» деген пәрменінен кейін әр өңірде мұндай шикіліктердің шеті шығып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Өткен жылдың соңында осы мәселеге қатысты жиын өткізген комиссия Алматы қаласында жер заңнамасын бұзудың 33 дерегі анықталғанын алға тартты. Ең қызығы жерге қатысты бұл шикіліктің 31 дерегі мемлекеттік органдарға тиесілі көрінеді. Комиссия атап өткендей, Алматы әкімдігі тарапынан – 11, қалалық Жер қатынастары басқармасы – 15, «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясынан 5 заң бұзушылық анықталған. Осы заңсыздықтарға қатысты үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Осылайша жер телімдерін заңсыз беру мәселесіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде, мегаполисте жалпы көлемі 17,3 гектарды құрайтын 23 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Бір заңсыз шешім бірнеше келеңсіз жайдың туындауына әкелуі мүмкін. Соңғы уақытта заңсыздықтардың алдын алуға тұрғындар мен қоғам белсенділері үн қосып жүр. Әсіресе, тұрғындар өз үйлерінің айналасында бой көтере бастаған құрылыс нысандарының заң талабына сай екенін, қаланың бас жоспарымен салыстыра отырып анықтайтын болған. Белсенділер дабыл қаққаннан кейін шаһардағы бірнеше құрылыс нысанына қатысты заңсыздық әшкереленді.
Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте өткен жылы рұқсат қағазынсыз салынған 9 тұрғын үй анықталған. Жауапты орган былтыр «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағынан жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында 4,8 гектар жер учаскесін заңсыз беру фактісі бойынша тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінен кейін департамент шығарған ұйғарымды орындау мақсатында Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы мегаполистің Медеу аудандық сотына мұрагерлік куәлікті және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінген.
Қазір жоғарыда көрсетілген іс сотта қаралып жатыр. Екі ай бұрын «Жер аманаты» комиссиясының Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде көтерілген тағы бір мәселе – шаруа қожалық иесі Хамраевтардың арызы. Шағымданушылардың өтініштері негізінде департамент тексеріс жүргізіп, нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігі мен Жер қатынастары басқармасы тарапынан жер заңнамасындағы 1-баптың бұзылғаны белгілі болған. Тексеріс көрсеткендей, аталған жер телімін демалыс үйін салу үшін «Horizon.kz» ЖШС берген. Заңсыз берілген жердің аумағы – 4,036 гектар. Осыған орай басқармаға қатысты анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылып, қаулы негізінде жер телімін пайдалану құқығы тоқтатылған.
Айта берсек, Алматыда мұндай мысалдар жетіп артылады. Мәселен, Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы құйқалы жерге құмартқандардың дені лауазымды шенеуніктердің туыстары екені тиісті ведомство тарапынан айтылып, заңсыз берілген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтқан болатын. Айталық Алматы қалалық соты 1997-2004 жылдар аралығында қала әкімі болған Виктор Храпунов пен кәсіпкер Тимур Құлыбаев арасында жасалған фельдшерлік-акушерлік пункттің учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды. Жуырда Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілі ірі кәсіпкер Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеген еді. Мәлімдемеде айтылғандай, бас прокуратура аталған кәсіпкерге тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең шұрайлы жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған.
Күні кеше көптен бері қоғамды алаңдатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына тиесілі жер теліміне қатысты даулы мәселенің түйіні тарқады. Шағым негізінде департамент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір бөлігін иеліктен шығарудың заңдылығын тексерді.
«Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 0,7494 гектарды құрайтын университеттің жер телімінің бір бөлігін иеліктен шығару туралы заңсыз қаулылар қабылдағаны анықталды. Университеттің иелігінен заңсыз шығарылған жер телімдері жөніндегі талап арызды қараған сот шағымды қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Жер мемлекетке қайтарылды», деді көмиссия мүшесі.
Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрі ел аумағы бойынша пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылғанын хабарлады. Дейтұрғанмен Алматы, Атырау, Түркістан, Қызылорда облыстарында жайылым тапшылығы әлі де өзекті. Сондықтан мемлекет тарапынан бос жатқан жерлерді қайтару биыл да қарқынды жалғаспақ.
«2022 жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған болса, қазір оның 1,8 миллион гектарын шаруалар игеріп жатыр. Биыл тағы 5 миллион гектар жер қайтарылады. Аталған аумақтардың қандай қожалықтарға тиесілі болғаны туралы ақпаратты jerkarta.gharysh.kz геосервисінен білуге болады. Жерді жалға алған шаруалар тексерістен өтіп жатыр. Алдымен, қожалықтарда тіркелген мал санын есептейді. Егер мал саны аз, жердің көлемі үлкен болса, шаруа иесіне артық жерді мемлекетке қайтару ұсынылады. Екінші жолы заңға қайшы жолдармен берілген фактілер анықталатын болса, онда ол жерді де міндетті түрде қайтарамыз», деген еді Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Әділет болмаса, әбігер көп. Президент бастамасымен еліміздің әр өңірінде жер теліміне, заңсыз құрылыстарға қатысты көптен бері қордаланған жайлар оңтайлы шешімін тауып келеді. «Көсеуі ұзынның қолы күймейді», деп заңды белшеден басудың соңы сорлататыны талайларға сабақ болып жатыр. Бұл – Әділетті Қазақстан ұстанымының жүйелі жүзеге аса бастағанының дәлелі.
АЛМАТЫ