• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 21 Ақпан, 2023

Қазақ-қалмақ ғылыми ықпалдастығы

460 рет
көрсетілді

Бүгінде қалмақ халқының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу ісі екі ел ғалым­да­рының ықпалдастығы аясында жалғасын тауып келеді. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен «Қазақстан және Қалмақ Рес­пуб­ликасы: тарихы, мәдениеті және бірлескен ізденістер» атты ғылыми конференция зерттеу жұмыстарын жалғастыру мәселесіне арналды.

Ресей Ғылым академиясының Қалмақ ғылыми орталығы, «Ғылым ордасы» ғалымдары бірлесіп өткізген ғылы­ми жиынды институт директоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов ашып, қалмақ­тану ғылы­мы­ның тереңде жатқан құнды­лық­тарын дәріптеу, зерттеу ісінің маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.

Қалмақ халқының тарихи-мәдени мұрасы, лингвистикасы, көркем құнды­лық­­тары мен рухани дәстүрі бүгінде Қалмақ ғылыми орталығы мамандары кеңінен қамтып отырған жобалармен жалғасын табуда.

Алқалы жиын барысында Қалмақ ғылыми орталығының директоры, фило­логия ғылымдарының докторы Виктория Куканова 1957-1964 жылдар­дағы «Халмг унн» («Қалмақ ақиқаты») газетіндегі кеңестік фотосуреттер негізіндегі дис­курсивті тәжіри­бе­лерге қатысты баяндама жасап, аталған орталық моңғол халықтарының және орыс қалмақтарының тарихи-мәдени мұрасын, тілін, ділін, халық ауыз әдебиеті, классикалық және заманауи әдеби үрдістерін, саяси, әлеуметтік және қалмақ халқының этностық тарихын зерттеу ісімен айналысып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде қалмақтану ғылымының бас­тауында тұрған П.Паллас, Н.Бичурин (О.Иакинф), А.Попов, А.Бобровников, К.Голстунский, А.Позднеев, Г.Рамстедт, В.Котвич, П.Рычков, Н.Рычков, Б.Влади­мир­цов сияқты көрнекті шығыс­тану­шылардың еңбектері зерттеу ісінің өзегіне айналып қана қоймай, осы бағытта С.Козин, Н.Поппе, А.Бурдуков, Б.Пашков, Г.Санжеев жетекшілігімен Ц-Д.Номинханов, Б.Бадмаев, И.Илиш­кин, С.Каляев және тағы да көпте­ген аға буын ғалымдар тобы қалыптасуына ық­пал етті.

Виктория Куканованың айтуынша, Қалмақ ғылыми орталығында академия­лық даярлықтан өткен зерттеушілердің бірнеше буын өкілі жұмыс істейді. Олардың қатарында академиялық инс­титуттар мен университеттерде ғылыми тәжірибе жинап жүрген жас ғалымдар да бар.

Басқосу барысында академик, тарих­шы-шығыстанушы Қазақстанның орта ға­сыр­лық тарихын, Орталық Азия және Еуразия даласының тарихи география­сы және IX-XVII ғасырлардағы түркі, араб, парсы жазба ескерткіштері, картографиясы бойынша көрнекті ғалым Болат Көмеков қыпшақтанудың ғылыми бағдарына қатысты баяндама жасады.

Екі ел ғалымдары бас қосқан жиын­­­да Қа­зақстан және Қалмақ тари­хын зерттеудегі инновациялық ғы­лы­ми бағыттарға қатысты пікірлер айтылды. Ғалымдар көшпелі қоғам мен көшпелі мемлекеттіліктің, ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ пен қалмақтың тарихына қатысты зерттеулерді жалғастыру ісін қозғады. Осы орайда ХХ ғасырдағы Қазақстан мен қалмақтардың әлеуметтік-экономи­калық дамуы, Қазақстандағы 1930 жыл­дар­дағы жаппай аштық пен қуғын-сүргін, 1943-1944 жылдары қалмақтардың Қазақстан мен Орталық Азияға, Сібірге жер аударылуы, Қалмақ АКСР-нің қайта құрылуы, қазіргі кезеңге дейінгі мәселелер әрі қарайғы жобаларға арқау болатыны сөзсіз.

Конференция барысында «XX ғасырдың 20-50-жылдарындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдары» мен институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтің «Казахский хан в русском государстве» еңбегінің таныстырылымы өтті.

Ғылыми ынтымақтастықты нығай­ту­ды мақсат еткен ғалымдар ортақ жобалар мен ғылыми және ғылыми-көп­шілік басылымдарды бірлесіп дайындауға уәделесті. Жас ғалымдарды тағылым­да­мадан өткізу мәселесіне ерекше назар аудара отырып, екі елдің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты зерттеулерге орай конференциялар өткізуді жоспарлады. Сонымен қатар Scopus рейтингтік журналдар базасы бо­йынша ғылыми және әдістемелік-кеңес беру қажеттілігін атап өтті.

 

АЛМАТЫ