• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

СЫР ДИҚАНДАРЫ ДАЛАНЫ ДҮБІРГЕ БӨЛЕУДЕ

651 рет
көрсетілді

“Көктемнің бір күні – жылға азық” деген аталы сөзді мұрат тұтқан Сыр диқандары дала төс­кейіндегі қауырт қимылға кірісіп те кетті. Сәуір айының 23-інен бастап Сыр аймағының басты дақылы – күріш егу жұмыстары басталған болатын. Ал, ерте көк­тем дақылдары – арпа, жоңыш­қа, мақсары егу жұмыстары толығымен аяқталып, күтімге алынуда. Сондай-ақ үстіміздегі жылы ырысты да күрішті Сыр жерінің 72800 гектарына Сыр маржаны – ақ күрішті егу жос­пар­ланса, бүгінгі күнге дейін 38500 гектар жерге күріш тұқымы себіліп, суға бастырылуда. Айта кету керек, күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1400 гектарға ұлғайтылған. Облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері күріш егісіне сапалы дайындықпен кірісті. Егілетін күріш тұқымының 4,2 пайызы элиталық, 24,4 пайызы І репродукциялы, 26,3 пайызы ІІ-репродукциялы. Сондай-ақ, би­ыл­ғы жылы Сыр жеріне күріштің “Маржан” сорты егілуде. Бұл сорт­тың барлық дайындалған тұ­қым­дағы үлесі 55,3 пайыз болып отыр. Ал, 2008 жылдан бастап аудандастырылған “Лидер” сор­ты­ның үлесі 27,4 пайыз, “Ян­тарь” – 7,1 пайыз, “Новатор” – 3,8 пайызды құрайды. Күріштен мол өнім алудың кепілі – минералды тыңайтқыш. Басқа дақылдарға қарағанда кү­ріш тыңайтқышты өте көп қажет ететін дақыл. Осыған орай, ауыл шаруашылығы тауар өндіру­ші­ле­рі минералды тыңайтқыш дай­ын­дауға үлкен мән берген. Үсті­міздегі жылы шаруашылық­тар­дың минералды тыңайтқышқа де­ген сұранысы 56,6 мың тон­на­ны құрады. Осыдан бүгінгі күнге 36,0 мың тонна аммоний сульфа­ты, 5,4 мың тонна аммофос, 1,8 мың тонна карбамид және 1,34 мың тонна суперфосфат тыңайт­қыштары алынып, пайдалануда. Биылғы жылы өңіріміздің шаруа­шылықтары минералды тыңайт­қыш­тар сатып алуда мемлекеттің қолдауын жақсы пайдалануда. Қазіргі уақытта шаруашылықтар арзандатылған бағамен 5,4 мың тонна аммофос тыңайтқышын алса, сонымен қатар 36 мың тон­на аммоний сульфаты мен 1,8 мың тонна карбамид тыңайт­қыш­тарына субсидия төленіп жатыр. Мамандардың пайым­дауынша, биылғы жылы Сырдария өзені бассейнінде су деңгейі қалыпты бо­лады және судан тапшылық бол­майды. Бұл 90 күн бойы суда тұрып өсетін күріш дақылын өсірушілер үшін қуанышты хабар. Сонымен қатар, Елбасының тікелей тап­сыр­масы бойынша салынып жатқан, биылғы жылы бірінші кезеңі аяқ­талған “Көксарай” су реттегішінің де игілігі көріліп отыр. Қазіргі кез­де Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің Су ресурстары комитетімен келісілген кестеге сәйкес Көксарай су реттегішінен секөнтіне 150 текше метр су төмен ағысқа жіберіліп ке­леді. Биылғы жылы облыс бойын­ша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолындағы 1796 трактор, 249 тұқымсепкіш, 499 соқа, 940 трактор тіркемесі және 389 автомәшине дала жұмыс­та­ры­на қатысуда. Сонымен қатар, егіс егу жұмыстарына 7 ауданда және Қы­зылорда қаласында құрылған сер­вистік дайындау орталықтары­ның техникалары да көмектесуде. Бү­гін­де олардың қолындағы 26 трактор, 3 дән сепкіш, 13 соқа, 3 трактор тір­кемесі және 2 жүк тиегіш трак­торы егін егу жұмыстарына қатысуда. Көктемгі дала жұмыстарына 16,0 мың тонна дизель отыны, 3,2 мың тонна бензин және 1,0 мың тонна қою май пайдаланылады деп межеленген. Осыдан, бүгінгі күні облыс бойынша 12,2 мың тонна дизель отыны (76,3 пайыз), 2,4 мың тонна бензин (75,9 пайыз) және 792 тонна дизель майы (81,0 пайыз) дайындалған. Оның ішінде 6,3 мың тонна дизель отыны мемлекет тарапынан арзандатылып берілген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Сыр жерінде күріш егісі қарқынды жүргізілуде. Егістің көш басында Жаңақорған, Шиелі аудандары келеді. Бұл аудан ди­қан­дары бүгінгі таңда межеленген күріш егісінің 60 пайыздан астамын егіп, суға бастырып күтімге алуда. Егер саралап айтар болсақ, Шиелі ауданы жалпы көлемі 8087 гектарға күріш дақылын орналастыруды межелеп отыр. Бұл өткен жылғы­дан 1500 гектарға артық. Ал, жаңа­қорғандықтар 9300 гектар жерге күріш дақылын орналастыруды межелеп отырса, жоғарыда айтқан­дай, осыншама жердің 60 пайыздан астамын егіп те қойған. Әсіресе, осы ауданға қарасты “Тату-Агро”, “Ынтымақ”, “Техсервис” ЖШС-лар мен “Сұңқар” шаруа қожалық­тары дала төскейін дүбірге бөлеуде. Сөз орайы келгенде айта кетей­ік, ағымдағы жылы Сыр диқандары ұшақпен тұқым себу әдісін қолға ала бастады. Әуеден тұқым себу әдісі Сыр аудандарына таңсық емес. Десе де соңғы жылдары ша­руа­шылықтар ұшақтардың шығын­дарын өтей алмағандықтан бұл тәсілді кеңінен қолдана алмай кел­ген. Өткен жылдан бастап әбден сы­нақтан өткен ескі әдіс қайта жаң­ғыртыла бастады. Нақтылай айтар болсақ, өткен жылы Қар­мақшы ауданына қарасты “Жаңа­жол” ЖШС-нің күріштік жерлеріне ұшақ арқылы әуеден тұқым се­білген еді. Ал, ағымдағы жылғы нау­қанда Қызылорда қаласына қа­расты Ақсуат ауылдық округіндегі “Қаратабан” ЖШС күріш алқабы­на ұшақпен тұқым себуді қолға алды. Яғни, “Қаратабан” ЖШС үстіміздегі жылы 1100 гектар жерге Сыр салысын егуді жоспарласа, осының 500 гектарына ұшақпен тұқым сеуіп те үлгірген. Сонымен Сыр диқандары дән даласын дүбірге бөлеп жатыр. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.