Жаратушы жер бетіне жіберген әр пенденің көңіл түкпіріне адам болудың қасиеттерін шегелеп береді деседі. Ақын Абай айтпақшы, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – осы үш қасиет жұмыр басты тіршілік иесінің өмір бойы ұмтылатын миссиясы болуға тиіс. Қаламсап – өмірді қалай бағыттасаң, ғұмырдың түтіні солай түзіледі емес пе. Жер бетінде адам болып туу жеткіліксіз.
Облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, mazhab.kz порталының редакторы Амантай Тойшыбайұлының «Адам бол» кітабының тұсауы кесілді. Тәрбиелік-психологиялық кітап ғибратты әңгімелер мен өмірдің өзінен алынған мағыналы мысалдардан тұрады. Қысқа да нұсқа әңгімелері түсіне білген жанға ой салатыны хақ. Мұнда әлем жауһарларының халқымыздың ұлттық менталитетіне бейімдеп аударылған нұсқалары, ұлылардың сөз маржандары теріліп жазылған.
– Есейе келе су астындағы ұлу құсап тыныш қана өмір сүресің бе, әлде қыран бүркіттей қияда қалықтайсың ба, адам өмірінің алдында екі таңдау тұрады. Әрине, адам болып қалыптасуда мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, кешірім, сабырлылық, төзімділік, табандылық, саналылық, парасаттылық қасиеттерін сіңіру әбден маңызды. Егер бұл қабілеттер пендеге жастайынан дарымаса, елім, жерім деген азамат қайдан шықпақ? Ата-бабаларымыз ат жалын тартуға жарап қалған ұландарды осыған тәрбиелеген. «Адам болу» деген не? Ол – өз бойындағы барлық мінез-құлқың мен іс-әрекетіңді жеке жауапкершілігіне алу деген сөз. Сабырсыздық пен жалқаулығыңды, төзімсіздігіңді өзгеден көруге болмайтынын құлаққа сіңіріп өссең ғанибет. Бұл кітабым, педагогтер мен психологтерге, ұл-қыз асырап отырған ата-аналарға, мектептің жоғары сынып оқушылары мен студенттеріне неғұрлым пайдалы болар деген үміттемін, – дейді автор.
Амантай Тойшыбайұлы Монғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өсіп, тәуелсіздіктен кейінгі ұлы көштің алдыңғы легінде атамекеніне шалқыған қуанышпен жеткен азаматтың бірі. Ана тілімен қатар, ағылшын, неміс, қытай, орыс, монғол тілдерін жетік меңгерген. Шетел тіліндегі небір ғибратты дүниелерді өзіміздің ұлттық салт-дәстүрге орайластыра аударып, әлеуметтік желідегі парақшаларына қисынды мысалдар, қысқа әңгімелерді тұрақты жариялап тұратын жазушы-блогер ретінде де танымал. Осы уақытқа дейін тоғыз кітап шығарып, рухани-адамгершілік тәрбиеден бөлек, тарихи зерттеулерге де қалам оздырды. Бұл кітаптардың барлығы бірін-бірі толықтырып отыратыны байқалады. Ең алғашқы кітабы отаншылдық, атажұрт, тіл тақырыбында 1999 жылы жарық көрген қаламгер бүгінде жазған еңбектерінің нәтижесінде филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Шара барысында «Ақсақалдар тағылымы» ұйымының төрағасы Ермек Жұматов пен ақын, республикаға танымал батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов кітаптың тұсауын кесті.
ПАВЛОДАР