Жақында десанттық-шабуылдау әскерлерінің байланыс полкінде Қарулы күштердің байланысшылары арасында өткен жиын аяқталды. Бұл жиынға «Бүркіт» жаңа цифрлық стансаларын зерделеу үшін ел әскерінің байланыс бөлімшелері қызметіне кіретін радиорелелік байланыстың 30-ға жуық маманы келді.
Төрт күн бойы офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілері теорияда және іс жүзінде әртүрлі мақсаттағы радиорелелік желілер мен байланыс арналарын ұйымдастыруға арналған «Бүркіт» Р-409МЦ стансасының тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеді. Ал бұл байланыс машиналары Қарулы күштерге 2023 жылдың қаңтарында әкелінген еді. Мамандардың айтуынша, бұған дейін байланысты радиорелелік стансалардың көмегімен қамтамасыз етіліп келген. Енді байланысшылар цифрлық жабдықтармен жұмыс істейді.
– Жаңа цифрлық станса деректерді 40 шақырымға дейінгі қашықтыққа жіберу мүмкіндігіне ие. Оның өткізу қабілеттілігі шегі бойынша E1 және Ethernet ағындарының трафигін икемдеп, қайта бөлу мүмкіндігі бар. «Бүркіт» Р-409МЦ құралының басты артықшылықтарының бірі – бейнеконференция байланысын ұйымдастыру, сондай-ақ оның параметрлерін дербес компьютер арқылы бақылау және басқару мүмкіндігі бар, – деді стансаның қызметі жайлы Десанттық-шабуылдау әскерлері 16194 әскери бөлімі байланыс батальонының командирі, подполковник Виктор Сенчилов.
Енді «Бүркіт» Р-409МЦ цифрлық радиорелелік стансалары биыл наурыз айында өтетін «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында іс жүзінде қолданылады. Оқу-жаттығу барысында байланысшылар сондай-ақ байланысты ұйымдастырудың жаңа үлгілерін де сынап көрмек.
Айтпақшы, десанттық-шабуылдау әскерлерінің жыл сайынғы дайындығы шеңберінде 16194 әскери бөлімінде радиотелеграфшылардың жиыны өткізіліп отырады. Мұнда келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді Морзе әліппесінің көмегімен ақпарат беру үшін классикалық телеграф кодымен жұмыс істеуге үйретеді. Байланыс әскерлерін жаңа, жоғары технологиялық машиналармен және құралдармен жабдықтағанына қарамастан Морзе кодын қолдана отырып, радиобайланыс арқылы ақпарат беру әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, қазіргі әскери қақтығыстарда тактикалық байланыста әскерлерді басқару кезінде оған басымдық беріледі.
– «Морзе» шуға төзімділігімен ерекшеленеді. Оны бәсеңдету өте қиын. Ақпаратты символдық кодтау арқылы беру және қабылдау әртүрлі жылдамдықта жүреді. Орта білікті радио операторы минутына 60-100 таңба диапазонында жұмыс істейді, тәжірибелі мамандардың жылдамдығы 300 таңбадан асады, – дейді дәстүрлі байланыс түрінің ерекшеліктері туралы курс оқытушысы, запастағы майор Идрис Гимуранов.
«Радиобайланыстың мобильді, спутниктік, цифрлық және ақпаратты берудің басқа әдістерінен артықшылығы ең алдымен қосымша инфрақұрылымға қажеттіліктің болмауында», дейді нұсқаушы. Өзімен бірге портативті стансасы бар радио операторы ғана бірнеше жүз шақырым қашықтықта байланыс орната алады.
Ал бір айлық сабақта келісімшарт бойынша келген әскери қызметшілер Морзе кодын басынан үйренуді, сандарды әріптерге айналдыруды және керісінше, өзгермелі ортаға жедел әрекет ету дағдыларын үйренеді.
– Радио операторда музыкалық қабілет, ырғақты сезуі, жылдам реакция қабылдауы, ақпаратты талдау мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ұзақ немесе сызықша және қысқа немесе нүкте сигналдарының дыбысын нақты ажырата білуі, табанды және мұқият болуы керек, – деді радио операторына қойылатын талаптар туралы ойын ортаға салған Десанттық-шабуылдау әскері 32363 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, гвардия сержанты Ғабит Мұқанов.
Әрине, мұндай қабілет кез келгеннің бойынан табыла бермейді. Сондықтан да оқуға 30 үміткердің ішінен мұқият іріктелген он төрт адам қабылданыпты. Оқу курсын аяқтағаннан кейін барлық әскери қызметшілер өз бөлімшелерінде радиотелеграф лауазымдарына тағайындалады екен.