Қазаққа «ұждан» философиясын тұңғыш енгізген Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. Ар, ұят, ынсап, мейірім мәселелерін философиялық логикада қарастырған ақынның «Ұждан» атты әңгімесін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Алаш ардақтысының осы бір шығармашылық мұрасын Керекудегі Аймауытов театрының ұжымы сахналау дайындығына кірісіп кетті. Ресейлік және франциялық әріптестерімен бірлескен қойылым наурыз айының соңында көрерменге ұсынылмақ.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы екі жылдан бері мызғымай тұрған дәстүрді бұзды. Дәстүрді бұзды дегеніміз, соңғы екі маусымда мұнда спектакльдер қою үшін сырттан режиссер шақырылмапты.
– Жуықта Алматыдан режиссер Азамат Нығманов (Мәскеудегі Станиславский театрында жұмыс істеген) келіп, театрдың көркемдік кеңесімен ақылдаса отырып Шәкәрімнің «Ұждан» әңгімесін сахналамаққа бел буған. Жаңа премьераны әзірше эксперименттік-философиялық әфсана деп атауға болады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Өнер ордасының әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек «Ұждан» әңгімесінің сахналық нұсқасын жазып шықты. Пәлсапаға толы бұл әңгімеде ежелгі қала тұрғындарына Ұждан періштесі сұлу қыз бейнесінде көрінетіні баяндалады. Ол кешкілік әр тұрғынның үйіне келіп, күндіз жасаған іс-әрекеттері үшін тергеп, ұйқысыздық дертіне ұшырататыны айтылады. Ақырында Ұжданнан әбден шаршаған мемлекеттің адамдары айлакер бақсының көмегімен заң шығарып, Ұжданды зынданға салып құтылған екен. Сөйтіп көпшілік түнде басын көтермей, тіпті тәтті ұйықтайтын болған.
Өзі шағын ғана туындының әр сөйлемінде терең ой жатқанын аңғарған қоюшылар бұдан заманауи дүние жасап шығуға болады деп ұйғардық дейді. Н.Тұрлыбек «Ұждан» әңгімесінің сахналық нұсқасын Ә.Ақановқа көрсетіп, одан ақылдаса келе режиссер А.Нығмановқа ұсыныпты.
– Адамдағы ынсап, әдiлет, мейiрiм – үшеуiн қосып айтқанда Ұждан деген ұғым шығады. Эксперименттік қойылымның ерекшелігі мұнда басты рөл жоқ. Барлығы қала тұрғындары, халық арасында өтеді. Адами қасиеттердің биік шыңы саналатын Ұждан мәселесі бүгінгі алмағайып заманда аса өзекті. Көрерменді терең ойға жетелейтін, көріп отырып сахнадағы кейіпкерлер арасынан өзін іздейтін қойылым шығады деп үміттенеміз. Еліміздегі театрларда бұрын-соңды сахналанбаған туындыға дайындық өте жоғары деңгейде жүруде. Сахналық дайындыққа шетелдегі театр мамандарын тартуды ұйғардық. Франциядан костюм жөніндегі суретші және қоюшы суретші Элли Раншэ, ресейлік хореограф, пластикалық қимыл-би жетекшісі Илья Подчезерцев, Алматы қаласынан жарық беруші Данияр Сатыбалдиев осы қойылымға кәсіби тұрғыдан жаңалық әкеледі деген сеніммен шақыртылып отыр. Элли Раншэ жұмысты онлайн түрде жүргізіп, барлық жағдайды біздің ұжыммен талқылау үстінде. Әрқайсысы кәсіби маман болғандықтан бұл эксперименттік туынды біздің театрдың дамуындағы жаңа бір саты болғалы тұр, – дейді Әділет Ақанов.
Арман Темірбек бастаған Аймауытов театры әрдайым «арық айтып, семіз шығудың» жолымен жүретін ұжым. Бүгінде жаңа қойылымға материалдық жарақтандырылу жағы пысықталып, актерлер сұрыпталып, образ иелері әр рөлді шарқайраққа салып сынап жатыр. Жақын күндері рөл иелерінің сахнадағы өткірлігі тексеріледі. Жаңа қойылымға жауапты азаматтар премьераны әбден сын тезінен өткізіп алмай жар салуды қаламайтындары байқалады. Ал Алаш ардақтысы Шәкәрім Құдайбердіұлының қайраткерлігі мен өмірінің соңғы жайттары пәлсапалық әфсанада көрініс табады деп күтіліп отыр.
Жалпы, өткен жылы өнер ордасы өз көрермендеріне 8 премьераны тарту еткенін жақсы білеміз. Әсіресе, қараша айының соңы мен желтоқсанның басында «Премьералар аптасын» өткізіп, үш бірдей қойылымды, атап айтқанда «Күзгі махаббат» сатиралық комедиясын, одан соң жас драматург Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» атты эксперименттік драмасын және соңғысы «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасын ұсынып, жергілікті театрсүйгіш жұртты қарық қылды.
Былтыр жыл соңында «Қазақстан театр сыншылары бірлестігі» төртінші рет «Қазақстан театрлары» мониторингінің қорытындысы мен «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының марапаттау салтанатын өткізгенде өткір кездіктің қын түбінде жатпайтынына тағы бір мәрте куә болдық. Театр актерлерінің жыл бойғы төккен тері еш кеткен жоқ. Осы шарада еліміздің өңірлеріндегі мемлекеттік 59 театрдың жұмысы сарапталып, Аймауытов театры үздіктердің қатарынан көрінді. Сыншылар бірлестігі шешімімен театр актрисасы Бахаргүл Құрбанова «Қымбатты Елена Сергеевна» спектакліндегі Елена Сергеевна рөлі үшін «Жыл актрисасы» атанса, Қарлығаш Жексембаева «Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясында 3-орынды иеленді. Ал актриса Ақтілек Ақанова мен қоюшы суретші Рауан Ұлықпан «Жылдың жаңа есімі» номинациясында ондыққа, режиссер Ж.Садықовтың сахналауындағы «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» спектаклі «Жылдың пластикалық қойылымы» номинациясында бестікке енді.
Ұжым үшін былтырғы жыл өңірлерге жасаған гастрольдік сапарларымен де есте қалды. Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларына және Павлодар облысының барлық аудан-қаласына сапарлап, сахналарда актерлер бірнеше күн өнер көрсетті. «Балалар жылы» аясында аудандарда кішкентай көрермендерге арналған қойылымдар тегін ұсынылды. Жалпы, жыл бойы сахналық қойылымдар ұзын саны 50 мың көрерменді қамтыған.
Күзде Орал қаласында ұйымдастырылған моноспектальдер фестивалінде театрдың белді актері Бейбіт Шәнім басты рөлді ойнаған «Король Лир» қойылымы (режиссері Ә.Ақанов) «Үздік сценография» номинациясын жеңіп алды. Алдағы уақытта мұндай фестиваль-байқауларға қатысу жалғасын таба бермек.
Биылғы отыз төртінші маусымның соңына дейін өнер ордасы «Ұжданнан» бөлек тағы екі премьераны жоспарлап отырғанын айтып өтпеске болмас. Көрермендер назарына сәуірде Қазбек Аманжолдың «Ұрылар» комедиясы жол тартса, маусымжабарға режиссер Жангелді Садықов бұрын-соңды сахналанбаған тың драмалық туынды әзірлеп жатыр.
Театрдың тосын сыйы бітпесін!
ПАВЛОДАР