Ажары арайлы Астана
Үстіміздегі жылғы сәуір айында өткен елорданы одан әрі дамыту жөніндегі дәстүрлі кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астананы бүгінде әлемдегі аса серпінді дамып келе жатқан қала деп есептейміз. Жеткен жетістіктер үлкен. Сонымен бірге, біз қазір бұдан да жоғары мәселелерді белгілеп, Астанамызды өмір сүруге ең қолайлы қалалардың біріне айналдыру жолында міндеттер қойып отырмыз», деп атап көрсетті. Елорданы тұрғындар үшін ең қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үрдісінде сапалы да сенімді инфрақұрылым қалыптастыруға бірінші кезекте басымдық берілуі керек. Бұл реттегі ең басты мәселе – қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті энергетикалық ресурстардың стратегиялық қорын жасаудың маңызы зор. Нақ осы мақсатта соңғы кезде елордада бірқатар ірі инвестициялық жобалар іс жүзіне асырылуда. Қазір қаламызда жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын магистральдық жылу желілеріне күрделі қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл алдағы уақытта магистральдық желілердің жылу өткізу әлеуетін 859 Гкал-дан 1788 Гкал-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Яғни магистральдық желілерге жаңа тұтынушыларды қосуға жағдай жасайды. Екіншіден, биылғы жылы қолданыстағы 7-ші жылу магистралына (ЖМ), 2-ЖМ, 18-ЖМ-ға күрделі қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Үшіншіден, келесі жылдан бастап жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын 5-ЖМ-ның құрылысы басталады. Бұл жылу магистралы ЭКСПО-2017 көрмесінің қалашығы құрылысын, сонымен бірге, қаламыздың солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс аудандарын сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан басқа, құрылысы енді қолға алынған жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 4 жылу магистралі №2 ЖЭО-дан Мыңжылдық аллеясы және қаланың сол жағалауын жылумен толық қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сонымен бірге, қала нысандарына жылу беруді жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы №1 сорғы стансасының құрылысы пайдалануға берілді. Жақында қалалық мәслихаттың бір топ депутаттары осы сорғы стансасының құрылысын пайдалануға беруге байланысты және алдағы қысқы маусымда қаланы жылумен қамтамасыз ететін нысандардың қайта құрылымдау жұмыстарын бақылау мақсатында осы нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың басқарма төрағасы Айтмұқан Жұмабаевтың мәлімдеуінше, қазір қаламызда жалпы ұзындығы 566 шақырымды құрайтын жылу желісі бар. Соңғы 6 жыл ішінде қысқы маусымда бұл жылу желілерінде және сорғы стансаларында ешқандай күрделі ақаулар орын алған жоқ. Оған негізінен компанияның жылу желілерін салуға және қайта құруға инвестиция тарту мақсатында атқарып отырған кешенді жұмыстары ерекше ықпал етті. Егер 2013 жылы бұл мақсатқа 1 млрд. теңге инвестиция салынса, үстіміздегі жылы 1 млрд. 100 млн. теңге инвестиция тартылып отыр. Елорданы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуде қолданыстағы жылу электр орталықтарының атқарып отырған жұмысы аса зор. Қаланың күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2013 жылы жалпы құны 76,2 млрд. теңгені құрайтын №3 ЖЭО-ның құрылысын салу жұмысы қолға алынған болатын. «ЦенКН» акционерлік қоғамы филиалының директоры Еркеғали Есенжоловтың айтуынша, бұл маңызды кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың соңына дейін ЖЭО-ның барлық 5 бу қазандығын монтаждау жұмысы аяқталады. Қазіргі таңда мұнда су ысытатын қазандықтардың, сорғы стансаларының, қосалқы ғимараттардың және басқа да қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен бірге, қазір №3 ЖЭО-ның локомотив депосын іске қосу жұмысы қолға алынған. Бұл депо арнайы салынған ұзындығы 14 шақырым теміржол торабына қызмет көрсететін болады. Елорданың жылу-энергетикалық жүйесінің әлеуетін барынша арттырып, энергетикалық қуатты жаңа сапалық деңгейге көтеретін №3 ЖЭО 2016 жылдың соңында толық іске қосылатын болады. Сонымен қатар, қолданыстағы №1 және №2 ЖЭО-ларды қайта жарақтандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олег Уткиннің айтуынша, 2015 жылы №1 ЖЭО-ның №7 бу қазандығы агрегатын қайта жарақтандыру жұмысы іс жүзіне асырылады. Бұл өз кезегінде жылу беру қуатын сағатына 35 гигакалорияға арттыруға мүмкіндік береді. №2 ЖЭО-да жаңа бу қазандығының іске қосылуына байланысты жылу беру қуаты сағатына 185 гигакалорияға артады деп күтілуде. 2016 жылы №1 ЖЭО-ның бу қазандықтарын қайта жарақтандыру жұмыстары толық аяқталады. №2 ЖЭО-да су ысытатын 2 қазандық және №6 турбина құрылысы іске қосылады. Бұл өндірілетін электр қуатын 120 мегаватқа арттыруға мүмкіндік береді. Ал 2017 жылы №8 энергетикалық қазандық іске қосылады. О.Уткиннің мәлімдеуінше, осы жобалар іске қосылғаннан кейін электр қуатын өндіру әлеуеті 622 мегаватқа дейін артып, жылу беру әлеуеті сағатына 3 мың 95 гигакалорияға жетеді. Осы ретте, елордада өткен жылғы тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету маусымы сапалы ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. 2013-2014 жылдардың жылу беру маусымы қала тұрғындарының ешбір ренішін тудырған жоқ. Жылу беру маусымы кезеңінде 1 426 млн. кВт. сағат электр энергиясы және 4328 мың Гкал жылу энергиясы өндірілгенін ерекше айта кеткен жөн. Маусым барысында осы көлемдегі жылу және электр энергиясын өндіру үшін 2 млн. тонна ( 28 943 вагон) көмір және 20 327 тонна (376 цистерна) мазут жағылған. «Астана-РЭК» АҚ басқарма төрағасы Александр Смородиннің айтуынша, елорданы электр қуатымен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында бірқатар кешенді жобалар жүзеге асырылған. Үстіміздегі жылы ЭКСПО-2017 көрме қалашығының нысандарын электр қуатымен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында «Олимп» және «Аэропорт» қосалқы стансалары іске қосылмақ. Сонымен бірге, елорданың басқа аймақтарын электрмен жабдықтауды жақсарту мақсатында қуаты 220 кВт болатын тағы екі қосалқы станса іске қосылады. Бүгінде қала бойынша барлығы 2250 қосалқы станса жұмыс істеп тұр. Елорданы жылумен және электр энергиясымен кідіріссіз және толық қамтамасыз ету мақсатында іс жүзіне асырылып жатқан осындай кешенді жобалармен қатар, электр энергиясын үнемдеу мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қалада 2013-2015 жылдар аралығында электр энергиясын үнемдеу мақсатындағы кешенді жоспар белгіленіп, іс жүзіне асырылуда. Осы электр энергиясын үнемдеу мақсатындағы кешенді жоспарды іс жүзіне асыру барысында 2015 жылға таман жылына 78 млн. кВт. сағат электр энергиясын; жылына 170 мың гигакалория жылу энергиясын; 48 мың тонна шартты отын үнемдеуге қол жеткізілетін болады. Жылқыбай Жағыпарұлы, «Егемен Қазақстан».Көшпелілер өркениеті фестивалі
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты дәстүрлі көшпелілер өркениеті фестивалінің бағдарламасы соңғы 6 жыл бойы қала мерекесі күні өткізілетін мазмұны терең әрі қызықты жоба болып келеді. Ал биылғы мерекеде бұл фестиваль бұрынғыдан көрікті, бұрынғыдан да әсерлі мазмұнға ие болғалы отыр. Биылғы жылы әдеттегі көне қалалар қоршалатын дуалдың орнына көрмеге арналған шатырлы кешен бой көтереді. Яғни бұл – абылайша және қос тәрізді шатырлармен қоршалған әрі арқанмен тартылған құрылыс түріндегі қалашық болмақ. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, ат үстіндегі тарихи қойылымдарға арналған алаң болмайды. Оның орнына ат құлағында ойнайтын каскадерлардың өнер көрсетуіне 1600 шаршы метр аумаққа құм төселген арнайы алаң жасалады. Сонымен бірге, «Жел жеткізген естелік» инсталляциясы мен әдет-ғұрып голографиялық театрына арналған шар тәрізді кешен келушілердің назарына ұсынылады. Сөйтіп, көшпелілер өркениеті фестивалі аясында мынадай шаралар ұйымдастырылады. Әдет-ғұрып голографиялық театры. Негізгі ұстанымы нағыз актерлердің виртуалды нысандармен өзара қарым-қатынасынан тұрады. Актерлер мен үлгі көрсетушілер виртуалды сахна кеңістігінде әдет-ғұрыптарды кеңінен көрсетеді. Әр рәсімнің көрерменді біресе өзен жағасына, біресе киіз үйге апаратын өзіндік голографиялық сахнасы бар. Театр көрермені қыр адамының өмір жолын актерлермен бірге басынан өткереді. Дәстүрлі музыка концерті. Дәстүрлі түркі музыкалық мұрасының жанрлық әр алуандығы көрініс табады. Домбырадан ескен күй, қобыздан төгілген көне сарын тыңдаушыларды ерекше әсерге бөлесе, халық әндері мен дәстүрлі композициялар, толғау, термелер құлақ құрышын қандырады. Ақындар айтысы. Суырыпсалма өнері мен зеректікті, тапқырлық пен танымды сынға салатын қайталанбас ұлттық өнер. Айтыс өнерінің ерекшелігі – айтыскерлер қай заманда болмасын қоғамның өткір мәселелерін қаймықпай ортаға салған. Бағдарлама барысында айтыс өнерінің «Қыз бен жігіт» айтысы, «Жұмбақ айтыс», «Қайым айтыс» және «Түре айтыс» түрлерінен ақындар сынға түседі. «Ат жалында» ат-спорты шоуы. «Ат жалында» шоуының биылғы ерекшелігі құммен көмкерілген арнайы алаңның (65Х25 м.) ұйымдастырылуы, онда каскадерлар дала төсінде шебер өнер көрсеткен қыр баласындай бар білгендерін ортаға салады. «Жамбы ату» ұлттық спорт түрі. Оған қатысушылар өздерінің мергендіктерін сынға салады. Ұлттық қолданбалы өнер жәрмеңкесі. Шатырлы жәрмеңке кешенінде Ұлы даланың ұлттық-қолданбалы өнер жәдігерлері көрініс табады: зергерлік бұйымдар, ұлттық ыдыс-аяқ, тоқыма және кілем тоқу өнері, ағаш жону мен тас қашау және т.б. өнер түрлері ортаға салынады. Жәрмеңке барысында қолданбалы өнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Көшпелі цирк. Арқанмен өрмелеуші, жонглер, эквилибристер өнер көрсетеді «Киіз басу» этно-шоуы. Фестиваль көрермендерінің көз алдында киіз басу өнерінің қыр-сыры жайылады. Сондай-ақ, шеберлік сағаттары қарастырылған. «Алтын сақа» спорт сайысы. Фестивальға қатысушылар «асық ату» ұлттық ойынына қатысу арқылы өз мергендіктері мен ептіліктерін таразылай алады. «Фольклорға толы өмір» этно-шоуы. Көшпелілер өміріндегі айтулы оқиғалардың әр алуандығын және оның фольклорлық музыкада көрініс тапқанын көрсетуге бағытталған. Бағдарламаға өз ұлтының фольклорлық мұрасын насихаттайтын түркі халықтарының өкілдері қатысады. Сонымен бірге, дәстүрлі көшпелілер өркениеті фестивалі аясында ұлттық қазақ аспаптарының шеруі, «Киім тарихы» шоуы, балаларға арналған «Менің кішкентай киіз үйім» шеберлік-сағаты, музыкалық аспаптар және қыран құс пен тазы, ұлттық тағам көрмелері өткізілетін болады. Ұлбосын РАҚАЕВА, Ұйымдастыру комитеті медиа-штабының үйлестірушісі. Астана.«Нұрберекенің» нұрлы бастамасы
Күн санап көркейіп келе жатқан елордамызды кешегі Целиноградпен салыстыру мүлдем мүмкін емес. Сәулетті ғимараттар мен сауда орындары жаһандану заманында бір-бірімен бәсекелесіп, тұтынушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасауда. Осындай заманауи ғимараттардың бірі – «Самғау» сауда үйі. Қаламыздағы Орталық базар жанынан бой көтерген бұл керемет сәулетті әмбебап базар ғимаратының іші 25000 шаршы метрді құрайды. Сыртқы сәулетінен бастап көз тартар орынның аумағында келушілерге арналған 600 орындық автотұрақ тегін және мінсіз қызмет етпек. Бес қабаттан тұратын бұл мекенде кәсіпкерлер мен сатып алушыларға барлық жағдай жасалған. «Митсубиси» компаниясының лифтілері, сегіз эскалатор, жаңа заманға сай жасақталған дүңгіршектер тұтынушылар үшін қызмет етеді. – Бірінші қабатта азық-түлік сататын орындар, шағын асхана қызмет етпек, –дейді «Нұр» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайырлы Кеңесбекұлы. – Ең бір ерекшелігі, бірінші қабаттағы сауда орнында біз кез келген кәсіпкерге өз ісін жасауға мүмкіндік бермекпіз. Мұнда келіп зейнеткерлеріміз өз ауласындағы өнімдерін де, шағын шаруа қожалықтарының өкілдері өз сүт өнімдерін де тұтынушыға ұсына алады. Гипермаркеттерге емес, халыққа осындай мүмкіндік беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту біздің басты мақсатымыз болып отыр. Иә, не десек те игілікті бастама біраз ағайынға өз ісін үйіріп әкетуге мүмкіндік бермек. Екінші және үшінші қабаттарда киім-кешек, аяқ киім, қымбат әтірлер мен швейцариялық сағаттар сататын дүңгіршектер өз қызметтерін ұсынбақ. Саны да, сапасы да сай бұл тауарлар тұтынушы қажеттілігін қамтамасыз етері сөзсіз. Төртінші қабатта жиһаздық тауарлар сатылса, бесінші қабатта түрлі қызметтер жұмыс істемек. Тағы бір ерекшелігі, бесінші қабатта балаларға арналған алаңқайлар салынбақ. Жастарға арналған үш бірдей шағын кинозал да бесінші қабатта өз жұмысын бастамақ. Барлық қондырғы америкалық «Чиллер» компаниясынан алынған нарықтағы өте сапалы тауарлар болып табылады. Өрт сөндіру қызметі барлық қабаттарда орналасқан. Өрттің басталған ошағын дереу ауыздықтауға мүмкіндік бар. Өрт сөндіруден жиылған су төменгі қабатқа емес, арнайы құбырлар арқылы сыртқа шығарылатын көрінеді. Қауіпсіздік шаралары да жан-жақты қаралған. Елордамызда өзіндік беделі бар «Сигнал» күзет фирмасы аталмыш орынның қауіпсіздігіне толық жауап бермек. – «Сигнал» күзет фирмасы 2007 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы күні 2902 нысан біздің қорғауымызда. Астана қаласы ішкі істер департаментімен арнайы меморандум аясында бірігіп қызмет етеміз. Барлық нысандар қатаң қорғалуда, – деді «Сигнал» күзет фирмасының директоры Нафасбек Айдибеков. – Базар халықтың ең көп жиылатын орыны. Осы орайда, базар арқылы халықтың мәдениетін арттыруға қызмет етпекпіз. Бесінші қабаттан қолөнер, сурет үйірмелеріне тегін орын берілмек. Ал әр аптаның сенбі-жексенбі күндері түрлі іс-шаралар ұйымдастыру да біздің ойда, – деді «Нұр» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайырлы Тәукен. – 14-15 маусым күндері Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, «Нұр Отан» партиясының қолдауы аясында отандық тауарлардың жәрмеңкесін жасадық. Бұл арқылы отандық өнімнің делдалсыз тікелей тұтынушыға жетуіне себепкер болдық. Кәсіпкерлерге жеңілдік жасау аясында жалға берілетін орындарды алғашқы айларда тегін беру көзделді. Ал жалпы, жалға берілетін дүңгіршектер мен орындардың жалға берілуінің шаршы метрі 1500-2000 теңгені құрап отыр. Бұл әзірге кәсіпкерлерге қойылып отырған ең төмен бағалық көрсеткіш болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – отандық кәсіпті дамыту. Елбасымыз айтқандай, Отанды сүю тек сөз емес, іспен дәлелденуі тиіс. Біз осы сөзді жанымызға серік етіп келеміз, – деп сөзін тәмамдады Қайырлы Кеңесбекұлы. Расында, тек қана коммерциялық емес, мәдени-көпшілік бағытта қызмет етер, халықтың көңілінен шығар сәулетті мекен десек те өз жұмысын бастады. Бес қабатты зәулім нысан халықтың тек материалдық қана емес моральдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға даяр екенін бек дәлелдеді. Айта кетер жайт, нысан «Нұр» компаниялар тобы «Нұрбереке» компаниясының иелігі болып табылады. Бекарыстан Аманжолов, ЕҰУ студенті.Балалар Астанаға саяхат жасады
Жуырда Қостанай облысындағы Лисаков қаласының №4 орта мектебінің бір топ оқушылары Астана қаласына саяхат жасады. Олар – жыл бойы оқуда, спортта үздік көрсеткіштерімен, мектеп өміріне белсенді қатысып, көзге түскен 500-ден астам оқушының арасынан іріктеліп алынған 5-10 сынып аралығындағы 28 озат оқушы. Аталған мектеп басшысы мен Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі, ұзақ жылдар Лисаков қаласында жауапты орындарда қызмет атқарған Альберт Раудың келісімі бойынша, осымен төртінші жыл бойы оқу үлгерімі үлгілі мектеп оқушылары Астана қаласына саяхат жасап, серуендеп, көңіл көтеріп қайтуға мүмкіндік алуда. Екі күн ішінде мектеп белсенділері елорданың көрікті және сәулетті жерлерін, ғимараттарды аралап көріп, туған жерлеріне кәдімгідей әсер алып қайтты. Балғындар Тұңғыш Президент мұражайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Думан» ойын-сауық кешенінде, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде, Тәуелсіздік сарайында, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде болды. Сонымен қатар, жасөспірімдер осымен екінші рет «Қазмедиа» орталығында болып, «Қазақстан» ұлттық корпорациясының тыныс-тіршілігімен танысу мүмкіндігін де алды. Олар тікелей эфирге шығатын жаңалықтар, бағдарламалар студиясын аралап, тілшілердің жұмыс істейтін орнымен танысты. Онда жасалатын бейнематериалдардың сапасының жоғарылығы сонша, көптеген облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Сол себептен де, елімізге танымал «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жұмысымен танысу студияда еңбектенетін жас тілшілер, операторлар, режиссерлер үшін өте қызықты, әсерлі де пайдалы болғанын оқушылар мен олардың топ жетекшілері де жасырып қалмады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» .