Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Қатар мемлекетінде өткен «Біріккен Ұлттар Ұйымының үлгісі» жастар конференциясына қатысты. Мұнда әлемдегі мәдени һәм экономикалық өзгерістерге қазақ балалары өз ойларын қосып, өзара пікір алмасты.
Дохадағы Джорджтаун университетінде өткен «Жаһандық қауіпсіздік: өткеннің сабақтары» атты іс-шараға 15 елден келген 500-ден астам жас қатысты. Олар БҰҰ дипломаттарының рөліне еніп, әлемдегі ең өзекті қауіпсіздік мәселелерін шешу жолдарын талқылады.
Қазақстан командасының құрамына Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің алты оқушысы кірді. Конференция нәтижесінде 11-сынып оқушылары Максим Сурин мен Даниал Шокобалинов MUN Бас хатшысы және халықаралық тарих бойынша аға маман Бенджамин Курианның, сондай-ақ GU-Q білім беруді дамыту жөніндегі менеджері Джибин Кошидің атынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
– Мен DISEC комитетінде Оңтүстік Корея делегациясының атынан қатыстым. Мәдени мұраны қорғау, әлемде болып жатқан нақты жағдайларды талдау, сондай-ақ әйелдер мен адамдардың басқа да топтарының құқықтарын қорғау тақырыптарын талқыладық. Осы конференция арқылы көптеген талантты пікірсайысшылармен таныстым, сонымен қатар жаһандық проблемаларға өзімнің сыни көзқарасымды айта алдым, – дейді М.Сурин.
Ал Даниал Шокобалинов конференцияда жинақтаған тәжірибе, алдағы мақсаттарына мұрындық боларын жасырмады.
– Әрине, бұл конференцияға қатысу – үлкен тәжірибе. Талқылау барысында өзекті мәселелерді тарихи тұрғыдан қарастырдық, өйткені өткеннен сабақ алып және қазіргі сценарийлерге қолдануға болатын дүние көп. Әрқайсымыз шығармашылықпен айналысуға, кедергілерге қарсы тұруға, өз дағдыларымызды қолдануға және кеңейтуге тырыстық, – дейді Даниал.
Жетісу облысы